Басты бет » Тіршілік ырғағы » ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТІҢ ТҮРМЕДЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ

ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТІҢ ТҮРМЕДЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ

кайрат

23.09.87 ж.

Дүниедегі ең сұмдық зұлымдықты сот алдында азамат сотынан көрдім. Әділетсіздікпен сот кәрін септі, жас гүлге өлім септі, зұлымдықпен атып тұрды да, «ату жазасы» деп жас жүрекке найзаны сұқты-кетті. «Өспей жатып – өшу, жанбай жатып – сөну» деген осы да. «Бақ түссе – маңдайымнан, тас түссе – талайымнан», көріп алдым, маған өлім қорқынышты емес, өйткені адалдығым одан биік тұр.
Әнеукүнгі кездесуде менің «приговорымды» алдыңдар ма? Талғаттың суретін неғып тастап кетпедіңдер. Ақша салып кеттіңдер ме? Келесіде Талғаттың, Рахат пен Асхаттың суреттері болса, ала келіңдер. Кездесуге кірер алдында, сендерге «кір» деп айтады ғой қайсысы болса да, я сержант, я капитан, соған беріңдер суретті, бере салсын маған, (өтінесіңдер ғой). Кездесуге келердің алдында, бір тал роза гүлін ала келіңдерші. Скоро мейрам ғой. Қонақтар кеп қалғандай болсын, комната сәнсіз болмасын. Оны да суретпен бірге беріңдер. Болса екі тал (екі штук), ырым болсын…
Өзіме келсем, денсаулық жаман емес. Жағдай да солай. Ертеңнен кешке дейін шексіз қиялға берілемін де жатамын. Көкірегімде сол жалғыз үміт пен шексіз қиял. Жазатын қол жеткен жердің бәріне жаздым, кім біледі артының не боларын. Я сен, я мен боламыз да. Жоғарғылар ақтаса, ақтар, болмаса құдай сақтар. Басқа не істейміз, аяқтарына жығылатын мен емес. Бар шындықты жазып жібердік, қалғанын өздері білсін.
Жазымыштан озымыш жоқ. Барлық таныстарға, туыстарға, достарға менен сәлем.
Беттеріңнен сүйе бердім. Сәлеммен Қайрат.

Пікір жазу