Басты бет » Тіршілік ырғағы » Озық болашаққа бастаған «Болашақ»

Озық болашаққа бастаған «Болашақ»

 «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған болатын. Осы жылдар ішінде алдарын биік мақсат қойып, арман арқалаған мыңдаған қазақ жастарының қиялына қанат бітірді, болашағына кең жол ашты. Әлемнің жетекші оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндіктер сыйлады.

Screenshot_2018-10-07-14-00-06-1

Сондай «білсек, көрсек, үйренсек» деп «Болашақты» таңдаған жастардың қатарында ерлі-зайыпты Әлібек Молданиязов пен Айнұр Базарова да бар. Олар 2015 жылы аталған бағдарлама арқылы Англия еліне білімдерін шыңдауға аттанды. Әлібек – Орал қаласында қалалық ішкі саясат басқармасының бас маманы, ал Айнұр Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Заңғар» студенттік газетінің тілшісі. Айнұр журналист бола жүріп, шығармашылықпен де айналысты. Көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. 2013 жылы облыс деңгейінде «Үздік жас журналист – 2013» атағын жеңіп алып, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. 2014 жылы Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы және ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің қолдауымен «KazFond» қоғамдық жастар қоры жариялаған республикалық «Аңсар-2014» әдеби байқауында «2014 жылғы ең үздік журналист» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Міне, осылайша журналистика бағатында жетістіктерімен көрініп жүрген жас журналист Айнұр жары Әлібек екеуі «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы шет мемлекетте білім алуды ұйғарды.

«Бағымыз бен бабымыз қатар шауып, 2015 жылы жолдасым екеуміз кадрлар кенішіне айналған «Болашақ» бағдарламасының мемлекеттік басқару және журналистика мамандығы бойынша стипендиаты атандық. Магистратураны оқу елін бірауыздан Англия деп таңдадық», – дейді Айнұр.

 Screenshot_2018-10-07-13-53-05-1

Айнұрдың өзі айтпақшы, «арман арқалатқан Англия» қол ұстасып болашаққа «Болашақпен» бірге аттанған жастарды құшақ жая қарсы алды. Бұл туралы кейіпкеріміз:

«Оксфорд көшесі. Бұл көше – Манчестердегі орталық көшеден кейінгі «жан-ды» көшелердің бірі. Әрі екі бірдей университеттің басты ғимараттары да осында орналасқан. Студенттер көшесі деген атауға лайық. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген неше түрлі ұлт өкілдерін осы жерден табуға болады. Танымасаң да бойларынан еркіндікті байқайсың. Ізеттіліктері де өзгеше. Көшеде тек «рақмет» пен «кешіріңіз» деген сөздерді көп естиді екенбіз. Дүкен есігінің алдына қарама-қарсы келіп қалса да, жолда адамдардың кептелісінен қозғала алмай қалсаң да, сен абайсызда біреуді түйіп кетсең де, сенен бұрын кешірім сұрап жатады. Автобустан әр түскен сайын жетер жеріне аман-есен жеткізген жүргізушіге де рақмет айтуға ұмытпайды. Айтуға тұрмайтын кішкентай нәрсе болғанымен, адамдық қасиеттерді қалыптастыруда орны ерекше ме деп ойға шомасың», – деп еске алады Манчестердегі алғашқы жылдарын…

Screenshot_2018-10-07-13-58-07-1

«Англия күзі керемет!»

Әлібек пен Айнұрдың қызы мен ұлы да ағылшын мектебінде оқиды. Өткен жылдың қарашасында Тұманды Альбионда бұл шаңырақ тағы бір періштемен толықты.

«Ана болу бақытын сезіндірген Аллаға сансыз мадақ! Тұманды Альбионда тек журналистикадан ғана емес, медицина саласында да «тәжірибемді» ұштап жатырмын. Англияда дүние есігін ашқан аруға А әрпінен басталатын әдемі есімдерді айта отырыңыздар!» деп Айнұр өзінің инстапарақшасында жазба қалдырды. Осылайша, Айзия есімін иеленген бөбек аман-сау өсіп келеді.

Шет жерде жүргенде елге деген сағыныш ұлғая түсері сөзсіз. Осы орайда елден жеткен әр адамның, әр сәлемдеменің сондай ыстық сезімге бөлері айтпаса да түсінікті. Жат жерден отандасыңды жолықтыру тұтас бір елің көшіп келгендей әсер сыйлайды. Сондықтан да ол шетелде білім алып жүрген қазақ студентері қашанда бірін-бірі іздеп, қауышып тұратыны түсінікті.

Screenshot_2018-10-07-13-37-20-1

– Осыдан біраз жыл бұрын шекара асып шетелде білім жетілдіру мен үшін тек арман болатұғын. Ал бүгінде мен қай арманға болсын қол жеткізуге болатынын түсіндім, – Айнұр ол жақтағы студенттік өмір турасында былай дейді: – Манчестер университетінің тіл оқыту орталығы қазақ студенттерінің арасында кең танымал. Эссе жазуға ерекше мән беретінімен ерекшеленетіні рас. Алғаш келгенде грамматикадан біліміңді тексеріп, эссе жаздырып, сөйлеседі. Мұғалімдерінің тіл үйрету тәсілі ерекше. Мұғалім екені байқалмайды. Өзін студентпен тең ұстайды, сен де, қымсынбай ұстазбен тең дәрежеде сөйлесесің. (Тең дәреже дегенді дөрекілікпен шатастырып алмайық) Ерекшеленіп киінбейді. Студенттер секілді рюкзак тағынып, жұмысқа велосипедпен қатынайды. Студенттік билет бұл елде ерекше мәнге ие. Көптеген сауда орындарында, кинотеатрларда, спорт орталықтарында билетке дисконт қарастырылған. Тіпті билетіңді көрсетсең, кей автобустардың тегін таситыны тағы бар. Мұндағы оқу орындарының тағы бір ерекшелігі – әр тоқсан сайын студентке 5-6 ваучерден береді. Бұл дегеніміз – сіз қалаған 5-6 қалаға арнайы автобуспен тегін бара аласыз.

Screenshot_2018-10-07-13-36-52-1

Кітапхана жүйесі. Студенттердің екінші үйіне айналған кітапхана бұл елде 24 сағат жұмыс жасайды. Университеттің бірнеше кітапханасы болса да, іші қашан барсаң да лық толы. Әрі барлық нәрсе автоматтандырылған. Қалаған кітабыңды сайт арқылы іздеп, тапсырыс бересің. Кейін бұл кітап басқа студентке қажет боп жатса, поштаңа хабарлама кеп түседі. Тапсырар уақытта да арнайы терезеге барып, өз кодыңды тересің де тапсыра бересің, кезекке тұрып әуре болмайсың. Әрі уақытыңды үнемдейсің. Оқытушы командалық тапсырма берсе, топпен отыруға арналған бөлмеге тапсырыс беріп, жұмысыңды орындай аласың. Тіпті ноутбукті де жалға ала аласың. Түйіні, оқимын деген адамға барлық жағдай жасалған».

«Көп арасынан көзге оттай басылады»

Шетелде жүргенде еліңе деген патриоттық ыстық сезім, Отанға деген махаббатың арта түсері даусыз. Ілініп тұрған көптің арасынан елдің туын көргенде Айнұр да өз ыстық ықыласын, бойын кернеген мақтаныш сезімді жасыра алмауы да түсінікті. Ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына өз құттықтауын арнады:

«Мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанынан құрылған «Заңғар» газетінің тілшісімін. 2015 жылы кадрлар кенішіне айналған «Болашақ» бағдарламасынан журналистика мамандығы бойынша стипендиант атандым. Бүгінде Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы ағылшын тілін жетілдіру тілдік курсында білім алудамын. Ілім қуып ізденбегендердің бүгінгідей бәсекесі басым түскен дәуірде артынан із қалдыруы мүмкін емес. Озық елдің тәжірибесін тұлабойымыздан өткізіп, оны жасампаз мемлекетіміздің жандануына жұмсау, халық кәдесіне жарау – бұл мен секілді жастардың басты арманы. Менің шекара асып, шетелде білім алуым Тәуелсіздіктің арқасы. Исі қазаққа бұл күннен басым түскен мереке жоқ. Ұлттық құндылығымызды ұлықтап, әлемге қазақты рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан Тәуелсіздік күні құтты болсын!»

Ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иелері Әлібек пен Айнұр осылайша биік арманға қол созып, жинаған тәжірибе мен алған білімдерін туған Отанының қажетіне жаратуды мақсат тұтып келеді.

Венера Гайнуллина

«Жастар жанары»

Суреттер кейіпкеріміздің

инстапарақшасынан алынды

Пікір жазу