Басты бет » Әдеби әлем » Баянғали ӘЛІМЖАНОВ. Жұмбаққа толы дүние

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ. Жұмбаққа толы дүние

alimzhan
БАЯНҒАЛИ ТАҚАНҰЛЫ ӘЛІМЖАНОВ – ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы, кинорежиссер, сценарийші, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, сыншы, тележүргізуші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006 ж.), Қырғызстан Композиторлар одағы мен Мәдениет министрлігінің Абдылас Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты (1995 ж.).

Бала күнгі жұлдыздар

Шексіздіктің біледі кім мөлшерін…
Қиялдадым…
Жер, көкті,
Күнді өлшедім,
Жете алмадым түбіне
Бар сезгенім
Шексіз ғалам,
Мен сенің бір бөлшегің!

Ой азабын арқалап сенделіп тым
Кетпесем де,
Көп сырды желден ұқтым.
Шырылдайды шыбын жан шырқау іздеп,
Шырмауынан шыға алмай пенделіктің.

Пендешілік…
Дүние-ай,
Пәни жалған,
Дәурен-ғұмыр…
Осы ма нағыз арман?!
Менің жаным мәңгілік мән іздейді
Галактика,
Ғарыштан,
Жұлдыздардан.

Құштар болдым жұлдызға
Бала кезден,
Жылқы бағып кезекпен, дала кезген,
Жұлдыздар мен жанымның арасында
Бір жақындық барлығын қалай сезгем?!

Айсыз түн
Айдалада
Ұйқы қашқан,
Пысқырады жылқылар жусап жатқан…
Естен тана үздігіп Құс жолына,
Ұшып кеткім келетін жұлдыз жаққа.

Мөлт, мөлт еткен жұлдыздар
Көп, көп еді,
Жерге тамып кетердей көркем еді,
Суырып алардай боп өзегімді
Шақыратын жан қоймай көкке мені…

Таң атарда қоштасып, қимайтынмын,
Әлденеге ішімнен жылайтынмын,
Сыйса деуші ем
Бар ғалам жүрегіме
Сыя қоймай ол мені қинайтұғын!

Жарты ғасыр өтіпті,
Өмір легі…
Бір тынбайды қаланың дүңгірлегі,
Тынысыңды тарылтып түнгі лебі,
Жұлдыздар да қазіргі өзгешелеу
Әлде өзгерген мен бе екем,
Кім біледі?!

Бүгінгінің балдары біздей ме екен,
Көктің сырын сезе ме,
Сезбей ме екен?..
Менің таза, мөп-мөлдір жұлдыздарым
Бала досын даладан іздей ме екен?!

Жұмбаққа толы дүние

Түңіле берме өмірден
Түңілгенде не етерсің?
Күңірене берсең күн-түні
Күпір де болып кетерсің.

Ашам деп көңіл сарайын
Көп күлгенде не етерсің?
Кеңкілдей берсең күн-түні
Кеңкелес болып кетерсің.

Иіле берме әр неге
Иілгенде не етерсің?
Бүгіле берсең біржола
Бүкір де болып кетерсің.

Көтере берме кеудеңді
Көпіріп қайда жетерсің?
Көбіктің түбі өтірік
Үп етсе, ұшып кетерсің.

Бойыңа сыймай қуатың
Бұзып-жарғанда не етерсің?
Қиянат-обал арқалап
Бір күні мүлдем кетерсің.

Сұлумын деп сүйініп
Секеңдегенде не етерсің?
Сүйкене берсең әрнеге
Сүйкімсіз болып кетерсің.

Үрейге бойды алдырып
Үрпигенде не етерсің?
Үңги берсең өзіңді
Кеуек боп босқа кетерсің.

Әр нәрсе тәтті дәмімен,
Бәрін де татып өтерсің.
Жұмбаққа толы дүние-ай,
Мәніне қайтіп жетерсің!!!

Сен ешқашан өзгерме

Бейнеңді іздеп мен сенің
Өмірді оймен өлшедім.
Өзіңмен өткен күндерге
Жанымның бердім бөлшегін.

Арайлы күндей көріктім
Ағарған таңда көріппін.
Есімнен қалай тандырып
Елес боп қайдан жолықтың ?!

Сүйегің қандай текті еді,
Көздерің қандай отты еді.
Жаныма шуақ құйылып,
Жұтқандай болдым оттегі.

Сәуірде келген сәулелім,
Сәулеңді таппай әуремін.
Ғайып боп кеткен бір сәтте
Дәуірге татыр дәуренім!

Жыр ойнаған сөздерде,
Нұр ойнаған көздерде,
Аймен бірге айналған
Аяулы бір кездерде.

Өмір зулап өтерін
Албырт көңіл сезген бе,
Мен өзгеріп кетсем де
Сен ешқашан өзгерме!

Ару мен ақ қайың

Көлеңкесін
Кешқұрымға ие ғып,
Күн еңкейіп
Көшкен кезде түйе бұлт,
Тау жайлаған
Ну орманның шетінде
Бір сұлу тұр ақ қайыңға сүйеніп!

Жұмбақ ару…
Күн ұяда…
Ай алыс,
Қалың орман
Тұнып тұрған аяныш,
Бетін тақап, құшақтайды аялап
Ақ қайыңнан іздей ме әлде таяныш?!

Кім біледі
Жанын тербеп уайым, мұң,
Келер күннің
Ойлай ма екен жайын мың,
Әлде жәбір көрді ме екен,
Әйтеуір
Қыздың жүзі
Қабығындай қайыңның.

Жанарында
Маржандай боп тұр жасы,
Дүниеге
Сыймайтындай бір басы,
Не болды екен,
Біз білмейміз…
Айтпайды
Ақ қайыңдар
Арулардың сырласы…

Алтын балық
Шоршығандай айдында,
Қолаң шашы
Жалт етті де мойнында,
Аққұба қыз
Ақ қайыңмен тұтасып
Ғайып болды
Қою түннің қойнында!

Қара қызға мадақ

«Ай аруды
Әспеттейді бар аңыз,
Ал біз мүлдем
Ескерусіз қаламыз,
Жазыңызшы
Мадақ жырын бізге!» – деп,
Күлімдеді
Кең сабадай қара қыз!

Адам ұлы
Аяулысын аппақ дер,
Аппақ қызды
Ел адақтап, таппақшы ер,
Сұлулыққа
Сүйсінеді әркім де,
Мықты болсаң,
Қара қызды мақтап көр!

Ойнақтаған ойсыз емес,
Шоқ басқан,
Тәрбиелі,
Тыйым сөзге тоқтасқан,
Қараңғыны
Жарық қылып, жылытқан,
Қарақаттай көзі қандай
От шашқан!

Қара шашы
Сәйгүліктің жалындай,
Тісі – маржан,
Тілі гүлдің балындай,
Қара жорға
Қара жолда тайпалған,
Тұңғиығы
Тұнып жатқан танылмай!

Қарға аунаған
Емес орман түлкісі,
Көлгір емес,
Шын жүректен күлкісі,
Кезген емес
Дүниені көзді арбап,
Жүзі жарқын,
Қисаймаған үкісі!

Көлдей тұнық көңілдері,
Қаяусыз,
Опа, далап
Жақпайды олар аяусыз,
Саяхатқа
Анголаға апарсаң,
Аппақ болып көрінбей ме,
Бояусыз!

Айнымаған
Ата жолдан, ізеттен,
Мейір төгіп,
Айналасын ізгі еткен,
Қара қыздың
Қара қазан қолында,
Қара орманның
Қасиетін күзеткен!

Тастай берік
Ерге берген сертіне,
Шалдықпаған
Жалт-жұлт жұлдыз дертіне,
Құдайынан
Кем көрмейді жұбайын,
Күйдірмейді
Қызғаныштың өртіне!

Қайыспайтын
Қара нардай жегінге,
Қарға тамыр,
Қабырғалы елімде,
Құрсағына
Құт дарыған қазына,
Қара торы ана болса,
Тегін бе?!

Білмейді олар
Желік қуған селтеңді,
Көре білсең
Көңілі пәк, көркем-ді,
Қара қыздар
Қазағымның құнары,
Әулиедей
Әжелер ғой ертеңгі!

Аталардан
Ықыласты бата алған,
Қаймықпаған
Қара бұлттай қаһардан,
Қара қыздан
Қабылан боп туғасын,
Қалың қазақ
Қара қазақ атанған!

Шындығы осы,
Қоссам да ептеп әзілді,
Қағидаға
Қайшы келер қазіргі…
Инеліктей аппағынан әлемнің,
Мама қаздай қара қыздар қадірлі!

Аңсау

Әлденені аңсаймын кеп,
Сағынамын үздігіп,
Ол не нәрсе,
Білесің бе,
Айтшы маған күзгі бұлт?!
Менің жаным
Нені іздейді дүниеден тынымсыз
Ауыр ой мен қауырсын мұң
Хаос-көкте жүздіріп…
Ақ теңіздің арыстаны шығып қалса жағаға
Асығады айдынына құйрығымен мұзды ұрып…

Түп-түзу боп
Түпсіз көкке
Түссіз жіппен асылып,
Тізіліп ап
Құстар қайда барады екен асығып,
Біз білмейтін бірдемені
Білетіндей осылар
Қалың сырды
Қанатының қалқасында жасырып…
Сиыр базда сыңар аяқ соқыр бастық боқтайды,
Жесір қалған сауыс-сауыс сауыншыны басынып…

Өмір бізге жүгін артып
Алыс жолға жібермек,
Уақыт желін ешкім бөгеп
Ұстай алмас шідерлеп,
Пенде шіркін
Шарлап бара жатса-дағы ғарышты
Құмар неге
Бірін-бірі дізгіндеуге, дігерлеп?!…
Бомба түскен Бейруттағы бейбіт үйді есіңе ал,
Египетте өлгендерді есептеп көр түгендеп…

Қиялыңмен
Ғарыш кезіп,
Ай-жұлдызды айналып,
Фәни, бақи,
Ғалам жайлы
Адам жайлы ойланып,
Бір құдайға шүкірлік қып
Жерге қайта түсесің,
Тағдырымыз
Туған жерге
Қалған мәңгі байланып…
Дөң басында дүниені дүрілдеткен кезінде
Не бір жайсаң жатқан жоқ па тыным тауып жайланып…

Басыңды көтер…

Сүрініп кетсең,
Түңілме
Қайта түрегел,
Сілкініп тастап
Серпіліп алға жүре бер,
Сенен де бұрын
Бұдан да ауыр салмақты
Көтеріп кеткен
Ерлердің барын біледі ел.

Жығылып қалсаң,
Тұрдым де жерге бір аунап,
Тырнадан үлгі ал,
Төбеңнен ұшқан тыраулап,
Сарала жапырағы
Саудырап түсіп жатқанда
Көктемін күтіп
Күлмей ме кейде қырау бақ?

Жаныңды жесе
Күйзеліс, уайым жегідей,
Өзіңді өзің
Езгілей берме тірідей,
Қарысып неге
Қасқайып қатып қалмайсың,
Аяғын шайнап
Қақпаннан шыққан бөрідей.

Жылаңқы, жасық,
Кінәмшіл болсаң боркемік,
Күйініп іштей
Кетерсің босқа өртеніп,
Темірді үзіп
Қопарар тасты шағыңда,
Не болды сонша,
Шағылып тауың ерте өліп?!

Басыңды көтер
Жігерді қайрап мін атқа,
Үргісі келген иттердің бәрін шулат та,
Тәуекел етіп
Көтеріп тағдыр жазғанын
Тарта бер тура
Өшпейтін үміт-шыраққа!

Сырма

Шетінде ескі ауылдың, бала күнім,
Жайлаймын жер мен көктің аралығын,
Ойнаймын құрбылармен қиқуласып,
Қорғанды қардан үйген жарады үнім.

Далада кеше ғана тырна қонған,
Сырғиды қарды сипап, сырма боран,
Барады өткен іздің бәрін көміп,
Қарайды оған бей-жай мына жалған.

Ақ селеуден сырласын табатындай,
Ақ қайыңға оралып қонатындай,
Сумаңдайды құмдағы ақ жыландай
Суылдайды құстардың қанатындай.

Сырма биі сылқылдап бір тынбайды,
Саябырсып кейде сәл, тың тыңдайды,
Ала қашып жөнелсе ақша қарды
Сынығындай шынының жылтырайды.

Сылқым судай сыңқылдап сай-салада,
Сылаңдайды сұлудай айдалада,
Адырлардан үптеген ұлпа қарды
Сыйлайды екен апарып қай балаға?!

Сырмаменен сырларым дала кезіп,
Сырғанайды тынымсыз жаннан безіп,
Сыңсиды кеп сыздатып сай-сүйекті,
Суырады өзекті, сананы езіп.

Нені іздейді тынымсыз бұлтты күнде,
Қайда бармақ, артады жүкті кімге,
Жетер жері бар ма екен еркін желдің,
Не табады жеткенде түп-түбінде?!

Қимай-қимай қонғанда күн ұяға,
Бұлыңғыр күйге енеді дүния да,
Үдей түсіп екпіні адуынның
Ақ құйрығын айға атып, құлия ма?!

Байыз таппай жалғандық жарасымда,
Балғын ойым байланып борасынға,
Бұлдыраңдап қуады толған айды
Бұлаңдаған бұйра бұлт арасында.

Жеткізбейді жұмбақ ай, тұңғиық көк,
Сырма боран сарнайды: «Тым биіктеп,
Қарағым-ау, қайтесің, маған орал,
Көкжиектің түбіне сүңгиік!» – деп.

Орал маған дегенде боран маған,
Орай-борай ойымды орап алған…
Қайда менің сол бір кез, балаң күйім,
Қармен бірге қайтадан оралмаған!?

Ойым қайда ақ боран ала қашқан,
Ойын қайда құрбымен араласқан…
Сусып аққан уақыттай тұрақ таппай,
Сырма көше береді, қалады аспан!

Пікір жазу