Өмір жолын өнермен бастап, шығармашылықпен өрген жандар JASTAR JANARY-ында қонақта.
Ақтөбелік егіздер Жанерке мен Назерке Қырымқұловалардың өмір жолы ізденіс пен талпынысқа толы әрі үздіксіз дамумен сабақтасып жатыр. Кезінде сахна төрінде «Қос қарлығаш» атанған қос ару бүгінде тігін өнерін кәсіпке айналдырып, өздерінің шығармашылық әлемін қалыптастырып келеді.
Егіздің болмысы бөлек болғанымен, бала күннен бірге өрілген арманы мен ортақ қызығушылығы оларды өмірдің талай белесінен қатар алып өтті. Жанерке мен Назерке Мәртөк мектеп-гимназиясында білім алып, Қамбар Медетов атындағы өнер мектебінің жеті жылдық би сыныбында оқыды. Өнерге деген сүйіспеншілік сол кезден-ақ жүректеріне ұялап, сахна олардың балаң армандарының қанат қағар кеңістігіне айналды.
2010-2014 жылдары Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте тау-кен мамандығы бойынша білім алған олар студенттік өмірде де белсенділігімен көзге түсті.
Адамның өмір жолы кейде өзі жоспарлаған бағыттан бұрылып, жүрек қалаған арнаға түсетіні бар. Сол сықылды дипломда көрсетілген мамандық олардың өмірлік жолын біржола айқындаған жоқ. Өнерді сүйді.
Қалалық, облыстық би байқауларына қатысып, талай жүлделі орынды қанжығаға байлады. Сахнада, түрлі мәдени іс-шаралар мен той-жиындарда өнер көрсетіп, Ақтөбе жұртшылығына «Қос қарлығаш» деген атпен танылды. Еңбек жолын хореограф ретінде бастаған қос ару уақыт өте келе, тігін саласына бет бұрып, шығармашылықтың басқа қырын игеруге кірісті.
Би өнері дене қимылы арқылы сұлулықты жеткізсе, тігін өнері матаға жан бітіріп, талғам мен шеберлікті ұштастырады. Бірі сахнада шыңдалған эстетикалық сезімді, екіншісі қол еңбегіне деген ықыласты қажет етеді. Ал қос арудың бойынан осы қасиеттердің тоғысқанын аңғаруға болады.
Бес ағайынды отбасында тәрбиеленген қыздардың өнерге жақын болып өсуіне ата-аналарының ықпалы зор болды. Барлық баласын өнер мектебіне беріп, еңбекке баулыған ата-ана олардың бойына талапшылдықты, жауапкершілікті, табандылықты сіңірді. Бала күнгі алған тәлім-тәрбие өмірдің қызығы мен қиындығы қатар жүретін кезеңдерінде де сүйенішіне айналды. Әкелері бүгінде орталарының берекесі болса, аналары 2022 жылы дүниеден озған. Анадан алған мейірім мен тәрбиенің орны бөлек екенін уақыт өткен сайын тереңірек сезінетін қос қыз үшін отбасы құндылығының жөні де, жосығы да ерекше.
Жанерке мен Назеркенің қызығушылығы кәсіппен ғана шектелмейді. Кітап оқу, жаяу серуендеу, фотоөнермен айналысу – олардың рухани әлемін байытып, күнделікті өміріне мазмұн беретін әдеттер. Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға мән береді. Адам жанының қатпарлары, ішкі әлемі мен болмысы хақында психологиялық тақырыптарға да қызығушылық танытады.
Ендеше, ақтөбелік жастардың тігін, дизайн өнеріне келу жолдарының тінін тарқаталық.
– Дизайн саласына қалай келдіңіздер? Бала кезден сурет салуға, киім үлгісін жасауға немесе әдемілікке жақын болдыңыздар ма?
– Бұл салаға әу баста би өнері арқылы келдік. Оқушы кезімізден кәсіби түрде бимен айналыстық. Өнерге жақын болдық. Сахналық киімдерге ерекше ықыласпен, ұқыптылықпен қарайтын едік. Сурет салу үйірмесіне қатыстық. Бірақ бұл қызығушылық өз жалғасын таппады. Дегенмен сол сурет салуға деген қызығушылық бізді тігін өнеріне алып келді.
– Тігін өнері демекші, қолдарыңызға ине мен жіп ұстатып, осы кәсіптің қыр-сырын үйретіп, бағыт-бағдар берген кім?
– Біз тігін өнерін өз бетімізше ізденіп, үйрендік. Жан-жағымызға зер салып, көргенімізді көңілге түйіп, біртіндеп тәжірибе жинақтадық. Уақыт өте келе, ізденіс пен еңбектің арқасында бұл кәсіптің қыр-сырын меңгере бастадық.
Сайып келгенде, «JN_DESIGN_ATELIER» атауымен жеке тігін шеберханасын аштық.
– Алғашқы шығармашылық жұмыстарыңыз есіңізде ме? Сол кезде өз ісіңіздің үлкен кәсіпке айналатынын ойладыңыздар ма?
– Иә, әрине, ол – бастауыш сынып оқитын кезімізде тігілген пингвин үлгісіндегі жұмсақ ойыншық болатын. Кейін есейген кезде өзімізге «Қара жорға» биіне арналған көйлек тіккенбіз. Оқушы кезімізден көйлек, белдемше, сөмкелерді өзгертіп, түрлендіріп тігіп алушы едік. Қандай да болмасын образды аксессуар, орамалдармен сәндеп жүрдік. Сол кездегі қызығушылық кәсіпке айналатынын білмесек те, бойымыздағы барлық өнерді тоғыстырып, шығармашылықпен айналысатынымызды сездік.
– Дизайнер болу үшін арнайы білім алу маңызды ма, әлде талант пен тәжірибе жеткілікті ме?
– Білім де, талант пен тәжірибе де керек. Тек қана біліммен нәтиже шығады деп айту қиын. Белгілі бір деңгейге жету үшін тәжірибе мен уақыт қажет. Талмай еңбек еткен кезде, талант та ашыла түспек.
– Дизайнерлік бағыттарыңыздың басты ерекшелігі неде? Өз қолтаңбаларыңызды қалай қалыптастырдыңыздар?
– Тігін саласындағы бағытымыз – сахналық киімдер тігу. Сахнада орындалатын композицияны барынша түсініп, оны көрерменге жеткізу барысында костюмнің үлкен рөл атқаратынын білеміз. Өз қолтаңбамызды қалыптастыруға өзіміздің сахнадағы тәжірибиеміздің көмегі көл-көсір. Себебі бишілердің қойылымын, бидің табиғатын, қимыл барысында киімнің ыңғайлы болуын ұғып тұрамыз.
– Жұмыстарыңызға шабытты қайдан аласыздар? Ұлттық нақыш пен заманауи үрдістерді ұштастыруға мән бересіздер ме?
– Айналадағы әдемілік, яғни табиғат, музыка, картина, әсем образ, дәмді ас болсын, барлығы шабыт береді. Басқа өнер адамдарының көркем туындылары шабыттандырады. Әр нәрседен жақсылық көре білу – жұмыс жасаған кезде үлкен энергия тудырады.
Ұлттық нақыштағы замануи киім үлгілері қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие. Біздің де туындыларымызда ұлттық нақыш бар.
– Осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарыңыздың ішінде өздеріңіз үшін қай туындының ерекше орны бар?
– Қолымыздан шыққан барлық костюмдер жанымызға жақын. Соның ішінде «Мама русалки» хореографиялық спектакліне арнайы тігілген образдар. Сонымен қатар «Сәлем, әлем – 2024» балалар ән байқауының 12 финалистеріне сахналық образ дайындадық.
– Кәсіби тұрғыдан өсуге не көмектесті?
– Осы кәсіпке келу жолында біраз ойландық. Бастапқыда тек қана өзімізге тігіп жүрдік. Кейін сұраныстың көп болуына байланысты, хоббиіміз кәсіпке айналды. Кәсіби тұрғыда өсуімізге ерінбей еңбек ету, жаңа әдістерді көру, кәсіби пікірлерді тыңдау, тәртіп пен шыдамдылық жәрдемдесті.
– Кәсіп бастаудағы ең алғашқы қадамдарыңыз қандай еді? Алғашқы тапсырыстарыңызды қалай таптыңыздар?
– Ең әуелі үйден бастап, аз ғана қолақыға тігетін едік. Біз тіккен бұйымдардың сапасына қарап, тапсырыс берушілер қатары көбейе бастады.
– Бүгінгі деңгейге жеткенше қандай кедергілерден өттіңіздер?
– Өзімізге ұнайтын жұмыс болғандықтан, қиындықтар ұмтылып қалады екен. Ұйқысыз тіккен түндер де, тігін машинасы керек кезінде бұзылып қалған жағдайлар да болған. Бірақ сахнаға жарқырап шыққан өнерпаздарды көрген кезде, шаршағанымыз басылады.
– Кәсіптің табысты болуы үшін таланттан бөлек қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыздар?
– Адамдармен сөйлесе білу, мәселе туындаса, уақытында шеше білу, табандылық, шыдамдылық, тәртіп керек.
– Алдағы жылдарға қойған ең үлкен мақсаттарыңыз қандай?
– Коллекция шығару, үлкен ауқымды сән алаңында өз өнерімізді таныстыру. Жинақ демекші, қазіргі уақытта тұңғыш коллекциямыз жасалуда. Сондай-ақ авторлық киім үлгісін шығару болашақтың еншісінде.
– Әсерлі әңгімелеріңізге рақмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Самал ЖАМЕТ,
Jastar janary
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
