Шымкент қаласында Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-шағынауданда үш жаңа шахмат үйі ашылды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті Тимур Турлов қатысты.
Қала әкімі жаңа нысандардың ашылуы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, балалар мен жастардың зияткерлік қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жаңа нысандар тұрғындарға бас қосуға, шахматпен тұрақты айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Абай атындағы саябақта орналасқан шахмат үйінің аумағы 223 шаршы метрді құрайды. Қалған екі павильонның әрқайсысы 81 шаршы метр. Барлық нысан арнайы шахмат үстелдерімен жабдықталған. Жобаны Freedom Holding Corp. компаниясы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырды. Құрылыс жұмыстарын «Орда-Строй Капитал» ЖШС атқарды. Ал Freedom Telecom жаңа нысандарды интернет желісіне қосуды жоспарлап отыр.
Шымкенттің шахмат саласында қалыптасқан өзіндік тарихы бар. Тамара Клинк, Ләззат Тәжиева, Гүлісхан Нахбаева және Ринат Жұмабаев секілді танымал шахматшылардың есімдері қаламен тығыз байланысты. Олар ел чемпионаттарында топ жарып, халықаралық жарыстарда өнер көрсетті. Соңғы жылдары қалада шахмат жарыстарын ұйымдастыруға және білім беру саласын дамытуға да көңіл бөлінуде. 2024 жылы Шымкентте FIDE әйелдер арасындағы Гран-при кезеңі өткізілсе, 2026 жылдың наурыз айында жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайтын KazChess Masters Nauryz халықаралық турнирі өтті. Сонымен қатар тамыз айында 48 жергілікті педагог «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша оқудан өтті.
Жаңа шахмат үйлерінің ашылуына қатысты Тимур Турлов та өз пікірін білдірді.
«Үлкен спорт бұқаралық қызығушылық пен ойынға деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан бірден үш шахмат үйінің ашылуын маңызды қадам деп санаймын. Бұл нысандар Шымкенттің Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші шахмат орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түседі», – деді Тимур Турлов.
Фариза АХМЕТ,
Jastar janary
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
