Қазақстанда оқушыларға амандасу ережелерін үйретпек: Арнайы топ құрылды
Құрылтай депутаты Ерлан Саировтың сауалына қатысты Оқу-ағарту министрлігі берген жауабында осы мәселеге орай Ұлттық білім академиясы арнайы жұмыс тобы құрылғаны айтылған. Ведомствоның мәліметінше, оның құрамына ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері кірген. Олар оқушылар арасында амандасу мәдениетін қалыптастыруға көмектесетін әдістемелік ұсынымдар әзірлеуде.
«Білім алушылардың амандасу мәдениетіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр», – делінген министрлік жауабында.
Оқу-ағарту министрлігі ұсынымдарды дайындау кезінде мұғалімдердің, білім беру үдерісіне қатысушылардың, мүдделі тараптар мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескерілетінін атап өтті. Дайындалған құжат депутаттармен де қосымша талқыланады.
Ведомство өкілдері амандасу мәдениеті ұлттық дәстүрлерді сақтауға, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге және адамдар арасындағы сыпайылықты қалыптастыруға ықпал ететінін алға тартты. Алайда ұсынымдардың нақты қашан дайын болатыны және мектептер үшін міндетті талапқа айнала ма, жоқ па – әзірге белгісіз.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Ерлан Саиров Қазақстан мектептерінде амандасу мәдениетін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды ұсынған еді. Депутаттың пікірінше, үлкенге құрметпен амандасу балалардың бойына сіңген әдет болуы керек. Ол мұны тек тәрбие сағаттарымен шектемей, арнайы ұсынымдар әзірлеуді, сынып сағаттарында талқылауды, мектеп ережелеріне енгізуді, тәлімгерлік жұмысын күшейтуді, ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеуді және мұғалімдердің жеке үлгісін пайдалануды ұсынды.
Қазақстанда оқушылардың амандасу әдебіне қатысты ереже әзірленеді
Қазақстанда мектеп оқушыларының амандасу әдебіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірленеді. Бұл жұмысты Оқу-ағарту министрлігі қолға алды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова депутат Ерлан Саировтың сауалына берген жауабында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арнайы жұмыс тобын құрғанын мәлімдеді. Оның құрамына ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері кірген.
Жұмыс тобы оқушылардың амандасу әдебіне қатысты әдістемелік ұсынымдар дайындайды. Құжатты әзірлеу кезінде білім беру үдерісіне қатысушылардың, мүдделі тараптар мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескеріледі. Сондай-ақ жобаны депутаттармен қосымша талқылау жоспарланған.
Министрліктің мәліметінше, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуге, мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік пен өзара құрметті дамытуға бағытталған.
Қазір бағдарлама 20 877 білім беру ұйымында қолданылады. Оның ішінде 12 066 мектепке дейінгі ұйым, 8 048 мектеп және 763 колледж бар.
Министрлік өкілдері амандасу әдебіне қатысты ережелер ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге, үлкенді құрметтеу, сыпайылық пен өзара сыйластықты қалыптастыруға ықпал етеді деп есептейді.
Бұған дейін депутат Ерлан Саиров Қазақстанда амандасудың ұстамды үлгісін қалыптастырып, оны алдымен мектептерде енгізуді ұсынған еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты міндет халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұраны» сақтау деп атап өтті! Мемлекет Басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту мәселесін көтеруі де осы саясаттың нақты көрінісі. Ел үшін мәдениет – концерт, театр немесе музеймен ғана шектелмейді. Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы тұрғыда амандасу мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементінің бірі. Әлем халықтарының тәжірибесіне қарасақ, сәлемдесу рәсімі олардың ұлттық болмысының көрсеткіші. Жаһандану жағдайында әр халықтың өзіндік амандасу мәдениетін сақтау – ұлттық мәдени ерекшелікті сақтаудың бір тетігі. Қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр. Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі ұстамдылық. 2 Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады. Сондықтан бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз. Осыған байланысты: 1. Амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың нақты әдістемелік ұсынымдарын дайындауды; 2. Мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді; 3. Сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыруды; 4. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы