Басты бет » Жаңалықтар » Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қаза тапты: Оларды теңіз ағызып әкеткен

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қаза тапты: Оларды теңіз ағызып әкеткен

 

Фото: Қорғаныс министрлігі

 Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың тоғызы қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Қалған жеті адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Jastar janary порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде болған. Ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.

«Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның тоғызы, өкінішке қарай, қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды», – делінген министрлік хабарламасында.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия аттанды.

Айта кетсек, «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы 22 қыркүйекте, қайғылы оқиғадан екі күн бұрын басталған. Оған 500-ден астам әскери қызметші, жауынгерлік кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметі Жағалау күзетінің және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдері қатысқан. Сонымен қатар Ақтауға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бара жатқаны хабарланды. Маңғыстаулық қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, теңізге кеткен әскери қызметшілердің бірқатарына мерзімді әскери қызметін аяқтауға небәрі 8–9 күн қалған.

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер расталғаннан кейін жарияланады.

Бұған қоса, Қазақстан Бас прокуратурасы Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс жүргізуде. Оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды«, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.