Басты бет » Жаңалықтар » Дастан Сәтпаев Англияда Қазақстан U-21 құрамасының жаттығу жиынына барды

Дастан Сәтпаев Англияда Қазақстан U-21 құрамасының жаттығу жиынына барды

Қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаев ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына барып, командаға Ұлттар лигасындағы алғашқы матчтарында сәттілік тіледі.

Ол жарақатына байланысты шабуылшы ұлттық құрама сапында алдағы ойындарға қатыса алмайды. Қазір Дастан Сәтпаев ем қабылдап, алаңға қайта оралу үшін оңалту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Қазақстан футбол федерациясы футболшыға тезірек сауығып, ұлттық құрама сапына қайта оралуын тіледі.

* * * * *

Мемлекет басшысы жас футболшылармен кездесуі барысында Дастанды «Өте дарынды жігіт» деп бағалаған болатын.

Жасы небәрі 18-де болса да, Дастан Сәтпаевтың есімі қазірдің өзінде қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Жас шабуылшы алаңдағы шеберлігімен ғана емес, өзіне артылған үлкен үмітпен де ерекшеленеді.

Алматының «Қайрат» академиясында футболдың қыр-сырын меңгерген Дастан бала кезінен-ақ өз қабілетімен көзге түсті. Ол жасөспірімдер футболынан кәсіби деңгейге жылдам көтеріліп, Қазақстан ұлттық құрамасының сапына шақырылды.

Сәтпаевтың мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі – Еуропаның атақты клубтарының біріне ауысуы. Оның талантына қызығушылық танытқан «Челси» Дастанды өз қатарына қосты. Бұл трансфер жас қазақстандық футболшы үшін ғана емес, ел футболы үшін де айтулы оқиға болды. Ол қазір ағылшынның Burnley FC клубында жалға алу негізінде ойнайды.

Қазір жас футболшы кәсіби мансабының жаңа кезеңін бастан өткеріп жатыр. Дастан алаңда шабуыл шебінде ойнайды. Жылдамдығы, доппен жұмыс істеуі және гол соғуға деген талпынысы оны болашағынан үлкен үміт күттіретін футболшылардың қатарына қосады.

Қазақстандық жанкүйерлер Дастанның алаңға қайта оралуын асыға күтуде. Ал оның алдағы жылдардағы мансабы – жас футболшының өз еңбегіне, дайындығына және жаңа ортаға бейімделуіне байланысты қалыптасатын маңызды кезең болмақ.

Бір кездері Алматы алаңдарында доп тепкен жасөспірім бүгінде Еуропа футболының есігін ашты. Дастан Сәтпаевтың үлкен футболдағы жолы енді ғана басталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kazakhstan national football team (@kff_team)

Шолпан ЕСЕН,

Jastar janary