Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы бүгінгі жастарды ғылым-білімге тарту мәселесін көтерді.
Депутат Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға еліміздің ақыл-ой қорына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды үлгі ету мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады.
«Өкінішке қарай, бүгінде жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз болгер мен керағар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржыға сенетіні байқалады. Кәсіптің жаманы жоқ. Алайда дәл қазір елімізге инженерлік, технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. Иә, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздік мұратының өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық», – деді депутат.
«Қазір елімізге өнертабыс ауадай қажет», – дей келе Дихан Қамзабекұлы жасөспірімдер мен жастарға үлгі етерлік ғалым, инженер, өнертапқыш тағы да басқа интеллект тұлғалардың қоғамдық беделін, бейнесін жас буынға ұғындыратын жоба әзірленсе, инженерлік, техникалық, жаратылыстану мамандықтарына талантты жастарды тарту мен баулудың тиімді бағдарламалары жасалса деген ұсынысын айтты.
Jastar janary
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
