Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданы Қалжыр ауылындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық кабинеті ашылды. Оған Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің есімі берілді.
Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Тоқтар Әубәкіров қатысты. Ашылу рәсімінің алдында олар Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына арналған Даңқ мемориалына барып, майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Жаңа кабинет заманауи оқу құралдарымен және алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізуге қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Кабинетке Тоқтар Әубәкіров есімінің берілуі қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің өмір жолы мен ел алдындағы еңбегін жас ұрпаққа насихаттап, отансүйгіштік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді.

Фотосуреттер: Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауыл мектептерінде оқитын балаларға қаладағыдай жағдай жасау мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Соның аясында Қалжыр ауылында осындай кабинет ашылды. Мұнда білім алған балалар Тоқтар ағамыздай еліміздің абыройын асқақтатар арда азамат болып өссін», – деді облыс әкімі.
Тоқтар Әубәкіров өз сөзінде оқушыларға білімнің маңызын, заман ағымынан қалыс қалмай, әркез өздерін жетілдіріп отыру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ балалардың қойған сұрақтарына жауап беріп, өмірлік кеңестер де берді.
Қалжыр мектебіндегі жаңа кабинет оқушылардың алғашқы әскери дайындық бойынша білімін жетілдіріп қана қоймай, туған елге деген жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етпек, деп жазды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
* * * * *
Халық Қаһарманы Қалжыр ауылының оқушыларымен кездесу жас ұрпаққа ел тарихын дәріптеп, Отанға қызмет етудің маңызын көрсетуге бағытталды.
Оқушылармен әңгімелесу барысында ғарышкер кітап оқудың маңызына тоқталып:
– Кітап деген – миды өсіретін нәрсе. Кітап оқыған сайын адамның білімі артады, – дей келе, балаларды көбірек оқуға шақырды. Ол мектепте оқып жүрген кезінде кітапханадағы кітаптардың барлығын оқып шыққанын еске алды. Ғарышкердің айтуынша, кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттырады.
Фото: oskemencity арнасындағы видеодан
Сонымен қатар ол қазіргі заманда интернет пен смартфонның мүмкіндігін дұрыс туралы да айтты. Оның сөзінше, телефонды тек ойын-сауық үшін емес, пайдалы ақпарат іздеп, білім алуға қолданған жөн.
– Сендердің қолдарыңдағы телефон пайдалы болуы үшін оны дұрыс пайдалану керек, – деді ол.
Ғарышкер оқушыларға мектепке уақыт өткізу үшін емес, білім алу үшін келу керектігін атап өтті. Ол ұстаздардың еңбегін бағалап, берілген білімді тиімді пайдалануға шақырды.
– Талмаңдар, шаршамаңдар, білімді игере беріңдер. Сіздер қазір бізден артықсыздар. Неге? Өйткені сіздер қазіргі заманның білімін игеріп жүрсіздер. Мектепке келгенде жай ғана уақыт өткізбей, білім алуға келіңдер. Мына жерде тұрған ұстаздар үйлеріндегі шаруаларын қалдырып, шын жүрегімен сендерге білім беруге келіп отыр. Сол білімді жақсылап игеріңдер, – деді Т.Әубәкіров.
Әсел ӨТЕГЕНОВА,
Шығыс Қазақстан облысы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы