Басты бет » Жастар үні » МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөз сөйлеп, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау бағытында елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Құрметті жастар мен еріктілер!

Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық. Бұл, шын мәнінде, қоғамымыз бен жалпы еліміз үшін аса қажетті және пайдалы жұмыс. Баршаңызға мемлекет саясатын үнемі қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады.

Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша.

Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз. Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл – өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр.

Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы. Солай болса ғана, халқымыз бен жалпы еліміздің халықаралық беделі жоғары болады, инвестициялық тартымдылығы күшейе береді.

Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: біз тазалық ұғымына кең ауқымда қарауымыз керек. Ойы, ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болады. Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды.

Мен Қазақстан жастарын, яғни сіздерді дәл сондай жүрегі таза, адал азаматтар деп есептеймін. Бұл сөздің мағынасын кең тұрғыдан алып қарасақ, тазалық ластықтың алдында ешқашан ұтылмайды, тазалық бәрін жеңеді. Бұл да – өмірдің өзі растаған мәңгі ақиқат дүние.

«Таза Қазақстан» жобасының мақсаты – елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту. Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 миллион адам қатысты, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылды. Елімізде 1,3 миллион тал егілді.

Мұның бәрі аз шаруа емес, шын мәнінде көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы. Осы орайда, нақты іске белсене атсалысқан барлық азаматқа тағы да алғыс айтамын. Осындай нағыз отаншыл, патриот азаматтарды мемлекетіміз марапаттауы керек. Алдымызда келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі тойында бұл құрметті міндетті орындаймын.

«Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама, сонымен қатар, бұл – халқымыздың саналы таңдауы. «Таза Қазақстанды» ұлт болмысына озық өзгерістер әкелген бірегей жоба деп атауға да болады. Осындай маңызды жұмыстың арқасында халқымыздың бойында мүлде жаңа қасиеттер мен құндылықтар пайда бола бастады.

Бірақ арқаны кеңге салып, мәз болып, босаңсуға болмайды. Біз өркениетті ел боламыз десек, тек алға қарай жүруіміз керек. Алдымызда тұрған биік және өзекті мақсаттар мен міндеттер аз емес, көп деп айтуға болады. Біз «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажет деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы.

Бүгінде Қазақстан тарихи, тағдыршешті дәуірге қадам басты. Қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалды. Мемлекетіміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңарып, жаңғыруда. Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр.

Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады.

Біздің мақсатымыз – айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз. Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Осы тұста Астана қаласының Урбанистика орталығы ерекше рөл атқарып отыр. Бұл – қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобалар дайындайтын маңызды құрылым. Ең бастысы, осы мекеме жұмыс барысында азаматтардың негізді ой-пікірін, талап-тілектерін, олардың өтініштері мен жағдайларын да ескереді. Сондықтан аталған орталықтың тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен тарату, дәріптеу керек. Осы бағыттағы жұмысты өңірлердің әкімдері барынша белсенді түрде жүргізуі қажет.

Жалпы, ел азаматтары да, елімізге келген шетел азаматтары да қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтап, заң талаптарына құрметпен қарауға тиіс. Сонда ғана «Таза Қазақстан» құндылықтары ұлт болмысының мызғымас қасиетіне, ажырамас бөлігіне айналады.

Табиғатты аялау, өзара құрмет қағидаттарын, сондай-ақ барлық белгіленген нормалар мен ережелерді сақтау отандастарымыздың мінез-құлқының, тіпті ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Оның үстіне, қазір Конституцияның өзі осыған міндеттейді.

Тазалық, тәртіп және жайлылық әлемде халықтың тұрмыс мәдениеті мен өркениет деңгейінің, сондай-ақ адамгершілік қасиеттерінің көрінісі ретінде қарастырылады. Бұл – ақиқат.

Жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгрессмендері келді. Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді.

Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бейнежазбаларын жиі байқаймыз.

Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен біз имидж үшін жұмыс істемей, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлауымыз керек. Басты мақсат – осы. Ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың патриоттық сезімін оятады. Өз елін мақтан тұтып, туған жерге пайдасын тигізуге үндейді.