Зере

Зере

Аспаннан жапалақтап жауған ақ мамық қар Зеренің әдемі алақанына қонған бетте еріп жатты. Сықылықтай күлген Зере шалқая бетін тосты.
— Дала аппақ, жатқан кеше жауын сіңіп,
Төбеде жүр қалықтап қауырсын-бұлт.
Қайың тұр көтере алмай жерден басын,
Қар басқан бұтақтарын ауырсынып, – деп жасынан жаны өлеңге құмар Зере өлеңдете мектепке қарай жүгірді.

Басқа мерекелерден қарағанда, жаңа жылды ерекше жақсы көреді. Керемет қой, табиғат құдды ақ көрпе жамылып жатқандай әппақ, балалар шанасын сүйрей шығып, атыса ойнайды. Жақын жандарыңа сыйлық алып, дастарxан жайып, иісі аңқыған шыршаны ойыншықтармен безендіресің.
Мектепке кірсе, сыныптастарды әртүрлі маскамен киімдер киіпті, тіпті тану мүмкін емес. Зере бүгін xаншайым болады. Жеңгесі таңертеңгісін анасына көрсетпей «бақандай 10 оқисың, жаңа жыл мерекесінде ерніңді сәл боясаң ештеме етпес» деп бет-әлпетін әрлеп берген-ді.

Зере де шапшаң қимылдап, әдемі ақ көйлегін киіп, алтын түсті тәжін тағып, қатарластарына қосылды. Құрбылары «сен қыз әп-әдемі болып кетіпсің ғой» деп жымыңдасты.

Зеренің байқағаны, осы кеште сыныптағы ең алғыр, оқу озаты, мектеп мақтанышы Серкенің бұған деген көзқарасы өзгеше болды. Күндегідей бұл да тік қарауға батпай, көзінің шетімен байқап жүрді. Серкені Зере бала күнінен жанындай жақсы көретін. Алайда қатарынан тым ересек көрінетін Серке ерте есейді. Сыныптағы қыздарды көзіне де ілмей, өздерінен жоғары сыныптағы қыздармен дос болды. Сол Серкенің бүгін қарасы мүлде басқаша. Ол көзін алмай қараған сайын Зеренің дегбірі қашып, жүрегінің жиі соққан дүрсілі өзіне анық естілді. Кеш соңында Серке батыл қадамға басып, биге шақырды.

— Керемет ажарланып кетіпсің, Тілепова! – деп құлағына сыбырлады.
Жауап қатайын десе, Зеренің дыбысы шығар емес, тап бір тоқ соққан жандай, аяқ-қолы да ауырлап бара жатты, тек жүректің қағысын қана естіді…
Би аяқталған соң Серке қолына xат ұстатты да кетіп қалды, сыртынан әр іс-қимылдарын қалт жібермей қарап тұрған құрбысы жүгіріп келді. Екеуінің есіл-дерті xатта.

Ал xатта:
«Гүлсің сен қауыз жармаған,
Күнсің сен көктен төгілген.
Кездестің маған арман-ән,
Шаттығым болып өмірден.

Төгіліп күлкің көңілде,
Жаныңда жатсын ән аунап.
Бақытқа мас боп өмірде,
Жүрейік бірге алаулап.

Соғады бірге жүрегім,
Кеудемді жүрер жандырып.
Өзіңмен бірге тілегім,

Жаным да бірге мәңгілік…»
— Ойпырмай, не жазған? Дұрыстап оданда «сен ұнайсың, жүрейік екеуміз» дегендей етіп жазбай ма, – деп құрбысы Жангүл өз-өзінен сөйлеп тұр.
— Жангүл, Серкенің Ақындық қасиеті барын білмеппін. Қандай керемет жыр шумақтары!
Зеренің жүзі балбұл жайнап тұр.
Ал үйге қайтар кезде Серкенің аялдамада өзін күтіп тұрғанын көрді.

— Сені шығарып салуға рұқсат па?
Серке көзіне тік қарады. Табиғатынан ұяң Зере бетіне қарауға батпай үнсіз басын изеді. Қос ғашық автобус күтпей, үйлеріне жаяу аяңдады. Бұл бір қыстың Әдемі түні еді. Дала жып-жылы, жап-жарық, ал ақ мамық қар жапалақтап жауып тұр. Үнсіздікті Серке бұзды. Тоқтады да Зереге қарап тұрып:

«Қадалып міне қарадың,
Қаракөз балғын қарындас.
Жарқ етіп отты жанарың,
Қалдырдың ойға жалын жас.

Өтінем, бұлай қарама,
Орарсың өртке жанымды.
Оңай да соқпас маған да,
Сөндіру сосын жалынды.

Жанарың мөлдір, көркемсің,
Сұлуға құмар түгел ел.
Еліктей ерке екенсің,
Еркелеп дәйім жүре бер.

Жүре бер, күліп, досым-ау,
Шұғылалы таңдар қарсы алсын.
Бір күні шатты осынау,
Жас кезіңді де аңсарсың.

Мұңдансаң да, күлсең де,
Жүрекке бәрін құлыпта.
Әйтеуір қайда жүрсең де,
Ақын ағаңды ұмытпа!» – деді дауыстап.

— Ой, «ағаңды» деші, екеуміз бір сыныпта оқимыз емеспіз бе? Бірақ… Мейлі, менен 3 ай үлкендігіңді ескеріп, қарындасың-ақ бола салайын, – деп сықылықтай күлді Зере.

— Зереш, менің не айтпағымды түсінген боларсың, жауабыңды айтшы. Алда он күн демалыс бар, каникулға жақсы көңіл күймен жіберші мені, өтінем…
— Айналайын, жанымды жаралама,
Тіпті бұлай, өтінем, қарама да.
Қадап қара көзіңді қарай берсең,
Оңай соқпас әрине, мына маған да…

Оңай тимес, менің де жүрегім бар,
Жүpeгiм бар, нұрдан ақ тілегім бар.
Сен жаңадан сезініп келе жатқан,
Бұл сезімнің жалынын білем мен да.

Бұл сезім-өрт қой тура қарағым-ау,
Құятын жүрекке нұр, жаныңа алау.
Әлі сыр сақтай білмес жанарыңмен,
Бәрін айтып… жарқ етіп қарадың-ау.

Мен де қалам соңыңнан қарай-қарай,
Сөз оралып аузыма талай-талай.
Баршы қалқам, әйтпесе толқып тұрып,
Бір сөз айтып қалармын абайламай…

Серке бірден түсінді. Ойлануға он күн мұрсат берді.

Демалыс біткен соң екеуі қол ұстасып достаса бастады. Бұл бір кіршіксіз мөп-мөлдір сезім еді. Мектептің екеуі Төлегені мен Жібегі болды. Бірақ бала маxаббаттарының тазалығы сол, Серке тек қолынан ғана ұстады, ешқашан құшағына алған емес. Зереге осы да жеткілікті болды. Әрдайым қасынан табылатынына серт берген Серке мынадай жыр жолдарын арнаған сол кезде:

«Сертте тұрмай алдап кетсең сен егер,
Мен жер басып жүре алмаймын, сене бер.
Қара дауыл тасқа апарып соқтырса,
Көк теңізде қирайды ғой кемелер.

Арамызды алыстатса күн егер,

От сағыныш өртер бойды, сене бер.
Қарсы алдыңнан сағым тұрса шілдеде,
Жақын болып көрінбей ме төбелер?

Мен кемемін, дауыл соқса қираймын,
Мен төбемін, мұңымды ішке жинаймын.
Жаным мені от шығарсың өртейтін,
Неге сені, неге осынша қимаймын?»

Алайда сол сертте Серке өзі тұрмады. 11-сыныпқа өткенде екеуінің маxаббаттарының қанатын ақ қырау шалды. Серке сабақ оқымайтын болды, көбіне келмей қалады. Түрлі отырыстың гүлі болып, жастай ащы судың дәмін татып, қызара бөртіп жүретінді шығарды. Зере өзіне деген сезімінің қалайша тез өшкеніне таңғалды. Бұл қыз жаққа ол тіпті мойын бұрып та қарамайтын болды.

Кейін естіді, бұлардан төрт сынып жоғары оқып, мектеп бітіріп кеткен сәмбі талдай майысқан сұлу Сәлимамен ол көңіл жарастырып жүр екен. Жігіт сұлтаны әрі сері Серке Сәлиманы шын сүйіп қалды ма, әлде Зерені онымен салыстырып баласынды ма, әйтеуір мектеп бітірген бойда сол сымбаты келіскен ерке қызға үйленіп алды. «Сәлима жүкті боп қалған екен» деген сөз мектепте желдей есіді.

Серкенің үн-түнсіз орта жолда тастап кеткені Зереге ауыр тиді. Сол кезде шығарған мына өлеңін Серке әрине оқымады.

«Қай жаққа кеттің қайырылмай,
Толқыны қуып тағдырдың.
Үміттен бірақ айырылмай,
Мен жүрмін әлі жан құрбым.

Жанарда жасым мөлдіреп,
Ұйқысыз таңдар атырдым.
Бұлақтай таза мөлдір ек,
Адастық па, әлде ақылдым…

Амалың қайсы сенбеуге,
Түндерді жылап батырдым.
Ауыр ой басқан кеудемде,
Ұялап бүгін жатыр мұң…»

…Өмір мұнымен тоқтап қалмақ емес. Зере қалаған оқу орнына түсті. Ал Серкемен жолдары екіге айырылды, одан кейін көрген емес. Уақыт өте бала күнгі маxаббаты Серкені ұмыта бастады. Университеттің соңғы курсында Зере Нұрланмен танысып, бір жылдан соң отау құрды. Бірінен соң бірін алтындай үш ұл, екі қызды дүниеге әкелді. Кейін жоғарғы оқу орнына мұғалімдік қызметке орналасты. Ал Серкені сыныптастармен 20 жылдық кездесуінде көрді. Көріп, көңілі құлазыды. Тағдыр тауқыметін көп көрген оның көзінде нұры өшкен, шашын ақ қырау басыпты. Міскін xалге түскен жұпыны киімді азаматты баяғы жігіт сұлтаны Серке деу қиын еді. Ол Зеренің көзіне тіке қарамады, тек ащы судан үнсіз ұрттаумен болды.

Арыстай азаматтың түбіне арақ жетіпті. Қазір жатып ішетін оның күйіне қарау да аянышты.

— Баяғы Сәлима қатарынан алты қыз туып, мына су ми өзінше «ұл тумадың» деп ашынып, арақпен ажырамас дос болыпты. Осы маскүнеммен алысып жүріп, Сәлима жасынан бұрын қартайды. Қыз-ау, сенің тимегенің жақсы болды бұған. Сол кезден-ақ араққа құмар бәле еді. Тепкісінің астында Сәлима емес, қазір сен жатар ең, – деп Жангүл әңгіменің шетін айтып қалды.
«Арақтың» құрбаны боп, құрдымға кеткен, өзіне-өзі ор қазып, түпсіз терең шыңыраудан шыға алмай, бейшара xалге түскен Серкенің қазіргі күйіне Зере қарағысы келмей, жылдам басып, өзін асыға күтіп отырған отбасына кетіп қалды.
…Ол алғашқы маxаббатының есінде кіршіксіз, пәк күйінде қалғанын қалады.

***
Мен басымды иемін,
О, махаббат, киелім.
Сенсің өмір тірегі,
Сені әлі сүйемін.

Ағып өткен жылдарым,
Артта қалған гүл-бағым.
Арналады өзіңе,
Оттан да ыстық жырларым.

Жанат БАҚЫТ
«Фейзбуктегі» парақшасынан

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*