«Қымбатты отандастар!
Отбасы күні құтты болсын!
Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт. Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады. Ана жүрегінің жылуы мен әкенің өрісті өнегесі әр адамды биік мақсаттарға жетелейді. Үлкендердің даналығы мен парасат-пайымы жастарға өмірлік бағдар болады, жанашыр жандардың қолдауы әрдайым күш-қуат береді.
1 шілде күні заңды күшіне енген Конституцияға сәйкес неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында болады. Конституцияда балалардың құқығын, әйел мен ананың отбасындағы рөлін күшейтуге баса назар аударылды. Тұңғыш рет «неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма көрініс тапты. Сондай-ақ биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды.
Барша Қазақстан азаматына зор денсаулық, толайым табыс тілеймін!» — деді Президент.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
