Басты бет » Жаңалықтар » Дастан Сәтпаев ресми түрде «Челсидің» ойыншысы атанды

Дастан Сәтпаев ресми түрде «Челсидің» ойыншысы атанды

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англия Премьер-лигасының ресми сайтында «Челсидің» 2026/27 маусымдағы құрамына енгізілді, деп жазды Jastar janary 1bol.kz арнасына сілтеме жасап.
Күні кеше 18 жасқа толған жас қазақ футболшысы Дастан Сәтпаев лондондық клубтың шабуылшылары тізімінде көрсетілген. Оның есімінің жанында Қазақстан туы және 36-нөмір белгіленген.
Сонымен қатар АПЛ сайтындағы жеке профилінде Сәтпаев «Челси» шабуылшысы ретінде таныстырылған.
Алайда бұл оның клубтың 25 ойыншыдан тұратын негізгі маусымдық өтініміне міндетті түрде енгенін білдірмейді. Сәтпаев 21 жасқа дейінгі ойыншылар санатына жатады, сондықтан мұндай футболшылар негізгі 25 орынға есептелмей, қосымша тіркеле алады.
Жазғы трансфер терезесі 1 қыркүйекте жабылғаннан кейін клубтар маусымға арналған тізімдерін қайта жаңартады.
Айта кетейік, Сәтпаев жазда «Челсидің» негізгі командасымен маусым алдындағы дайындықтан өтті. Азия турнесіндегі алғашқы матчта ол бастапқы құрамда шығып, 6-минутта гол соққан.