Ғасырлар көшінде халықпен бірге жасасып, ауыздан-ауызға тарап, ескірмейтін дәстүрдің бірі – бата. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген халық мәтелінің өзі қазақтың ұлттық құндылықтарындағы батаның алатын орнын көрсетеді.
Қазақ халқының үй салу, ұзақ сапарға шығу, отау көтеру, серттесу, жаңа қонысқа көшу, үйлену, бесік салу, тұсау кесу, ас беру сияқты күнделікті тіршіліктегі маңызды шаралары батамен басталады. Себебі бата берілсе ісіңіз алға басып, жолыңыз оңынан болатыны сөзсіз.
Ұлтымыздың өшпес мұрасына айналған бата дәстүрін кейінгі ұрпаққа, жалынды жастарымыздың санасына сіңіріп, одан әрі жаңғырту – басты міндет. Осы заман ұрпағы халқымыздың көп дәстүрін ұмытуда, тіпті тосырқай қарайтындар да табылуда. Кейбір отбасыларда бата айту – қолданыстан шығып бара жатқаны жасырын емес. Бата беру, астан соң дұға-тілек тілеу отбасына келе жатқан пәлекеттің алдын алып, оның болмауына жол ашатының әрбір отбасы ұғынуы тиіс. Өйткені бата беретіндер көбіне көпті көрген ақсақалдар, дуалы ауызды билер болып келеді. Бұл дәстүрдің қазақ қоғамындағы көрінісін қарастыра отырып, бата ұғымын тек тілек тілеу мен жақсы сөздер айту емес, оның қолдану аясы кең екенін аңғаруға болады. Мысалы, алыс жолға аттанарда «сапар» батасы беріледі. «Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Сенімді болсың жолдасын,
Жолыңды кескен оңбасын.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт»
деген бата айту арқылы жолаушының жолы болып, ісі сәтті болуына тілектес болады.
Сондай-ақ өнегелі қариялар жас балаларға да бата берген. Мәселен,
«Асан қайғы бабадай саналы бол,
Ғаріпте әз Жәнібектей паналы бол,
Керейде Дәстем салдай бағалы бол,
Атақты Келден бидей саналы бол»
деп өмір атты кеме айдынына енді жүзгелі жатқан жас жеткіншекке ұлы тұлғалардың жолын берсін, саналы ұрпақтардан болсын деген ниетте айтылады. Сол секілді үй иесіне, ел мен жерге, жас келінге, мал басына, шаңыраққа сияқты қолдану аясына байланысты батаның түрлері болады. Оның бәрі ең алдымен тәрбиенің бастауы.
Қорыта айтқанда, біздің күнделікті өміріміздегі жақсы іс-әрекеттерге орай берілетін батаның мәні зор. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында бата жастардың ақыл-ой, таным-пайымын кеңейту ретінде қызмет атқарады. Бата айтылатын шаңырақтан ырыс-береке, несібе арылмақ емес. Бұл әсіресе қазіргі отбасы институты әлсіреп тұрған шақта қажет құндылықтың бірі.
Іңқәр Алтаева,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2-курс студенті