Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері Дінмұхамет Сұлтан мен Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Асхат Маханбетжанов өртке оранған пәтерден бес баланы құтқарып, ірі қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды Jastar janary Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Оқиға бүгін қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Үйіне қайтып келе жатқан Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен шыққан қою түтінді байқаған.
Жағдайдың аса қауіпті екенін бірден түсінген тәртіп сақшысы еш ойланбастан оқиға орнына қарай жүгірді. Сол сәтте оған Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Асхат Маханбетжанов қосылды. Қауіпке қарамастан олар жоғары қабатқа көтеріліп, қою түтінге толған пәтерге кіріп, ішінде қалып қойған бес баланы тапты. Батыл әрекет пен кәсібиліктің арқасында балалар қысқа уақыт ішінде қауіпсіз жерге шығарылды.
Құтқарылған балалардың туыстары келгенше Асхат Маханбетжанов оларды өз үйіне кіргізіп, қауіпсіз жерде болуын қамтамасыз етті. Балалардың өміріне еш қауіп жоқ екеніне көз жеткізген соң Дінмұхамет Сұлтан қайтадан жалын шарпыған пәтерге оралды. Алдымен электр қуатын ажыратып, өрттің одан әрі өршуіне себеп болуы мүмкін қысқа тұйықталудың алдын алды. Кейін екі бейжай қарамаған тұрғынмен бірге өрт сөндірушілер келгенге дейін асүйдегі өрт ошағын сөндіруге кірісті.
Полицейдің дер кезінде жасаған шешуші әрекеттерінің арқасында адам шығынына әкелуі мүмкін қайғылы жағдайдың және ірі өрттің жолы кесілді. Ержүрек полицей мен Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің ерлігі туралы құтқарылған отбасының көршісі хабарлап, балалардың өмірін сақтап қалғаны үшін шынайы алғысын білдірді. Бұл оқиға – полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшісі үшін антқа адалдық пен халыққа қызмет ету ұғымының қызмет уақытымен ғана шектелмейтінінің тағы бір дәлелі.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
