Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, ұлттық құндылықты дәріптеуші
Біз негізі өзіміздің, өзіміздікінің қадірін білмейміз. Еліктегішпіз деп жатамыз. Иә. Әйтеуір жұрттыкі өзіміздікінен артық көрініп тұрады.
Өзгенің тәрбиесі мықты, салт-дәстүрі тамаша. Жұрттың баласы тілалғыш, көршінің күйеу мал тапқыш, басқаның әйелі пысық, шетелдің киімі жақсы, көрші елдің азық-түлігі сапалы, өз тіліміздегі мектептер нашар білім береді, баламыз өзге тілде білім алса, пысық, мықты, жан-жақты болады.
Қазақтың салт-дәстүрі жаман, дым қажет емес, цветной вечеринка, хеллоуин, гендер пати керек.
Ұлттық киім кигенше, өзгенің қара киімі керек.
Қазақтың өсімдік тектес ою-өрнегін көрсе, бұл қазақтың оюы емес, басқаның өрнегі дейді. Қазақтың этнографиялық ұлттық киімін көрсе, не киіп алғансың, бұл қазақтың киімі емес дейді. Бір сөзбен айтсам, жақсыны өзімізге қимаймыз.
Айта берсек, көп енді…
«Ойбуй, несін айтасың, ана жапондар деген керемет екен, балаларын титтейінен еңбекке үйретеді, содан бұлардың тәрбиесі керемет, өзі бай ел екен!» – дейміз!
«Шетелде артық су ағызбайды екен, жарықты да көп жақпайды, үнемшілдігі сұмдық екен, енді», – дейміз.
Экософия деген ілім бар. Оны Норвегиялық Арне деген ғалым ойлап тапты дейміз.
Ал сол экософияң қазақтан шыққан десең, сенбейді.
Экософия табиғат пен жан-жануардың
ерекшелігін аңыз, қисса түрінде баяндап, осымен қоршаған ортаға сакралды (киелі) мән беру. Сол арқылы өскелең ұрпақтың көкірегін кие, қасиет деген рухани құндылықтарға толтыру. Яғни, қисса, аңыздар, ертегілер, мақал-мәтелдер.
Тағы бір елді «көшелері тап-таза, бір қоқыс жоқ, елдің үкіметі қандай тамаша!», «осы біздің билік қайда қарап отыр, осы», – дейміз.
Тіпті, «ой, біз енді ұлт болмаймыз», – деп түңілетіндер де бар.
Кейде қоғамда бір келеңсіз жағдайлар орын алса, хабарласып “сіз не дейсіз, қоғаммен жұмыс істеп жүрсіз ғой, бірдеңе жасасаңызшы» деп біреудің қолымен от көсегісі келетіндер де кездесіп қалады.
Сонда осының барлығын әрқайсымыз өзімізден, өз отбасымыздан бастау керектігін неге ойламаймыз? Неге біреу келіп саған жасап беру керек?
Әйтеуір бәрін «біреу бастау керек, біреу жасап беру кереу, тек мен емес» дейтін ойдан қашан арыламыз?
Біреудің жақсы нәрсесіне қызыға бергенше, өзіміздің тамырымызға үңілейікші…
Қазақтың ұлттық тәрбиесі де үнемшілдікке, ысырапшылдыққа жол бермеген, еңбекқорлыққа үйретіп, жастайынан тәрбиелеген.
Қазақтың әр мақалын күніне бір оқып қойыңызшы, әрқайсының астарында ұшан-теңіз тәрбие жатыр!
Мәселен, «Судың да сұрауы бар» дегенді айтамыз, соның мағынасына назар аударамыз ба?
Міне, үнемдеуге үйрету, ысырапшылдыққа жол бермеу.
Баланы еңбекпен тәрбиелеуге, экологиялық мәдениетке үйретуге қатысты да көптеген нақылдар бар.
Қазағым әр ісіне, қимылына мақал-мәтел, нақыл сөз шығарып қойғандай, тереңіне бойла да, ұрпағыңның тәрбиесіне пайдалана бер! Сонда жапонға да, Әмрикаға да, басқа да қызықпайсың.
Өзбектер тәлім-тәрбиеге мықты, шешендер қыздарының тәрбиесіне жақсы дейміз, қызығымыз.
Ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесі де ешкімнен кем болмаған. Қаншама салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз -соның айғағы.
Әр тыйым сөзінің астарында тәрбие жатыр. Жамандық жасама, жақсылыққа ұмтыл деген ұғым жатыр.
Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін жібермеген, байлары кедей-кепшік ауылдастарына, руластарына қарайласқан.
Қиындыққа ұшырағанға жылу жинаған, қол көмегіне зәруге асарлатып жәрдемдескен.
Жетімдер үйі, ажырасу деген «көріңде өкіргер» кеңес үкіметімен келген дерт.
Енді кеп, «Жапонияда баланы керемет тәрбиелейді екен» деп, Жапонияға, өзбек сал-дәстүрге берік деп таңғаламыз. Тіпті еврейлердің баласы ақылды болады, өйткені тәрбиесі мықты дейтіндер де бар.
Неге біз жақсыны өзгеден іздейміз? Өз ұлтымыздың жақсысын көрмейміз. Жақсыларын көре алмаймыз?
Басқаға қарап таңғалуды қойып, бойымыздағы, қанымыздағы тегіміздегі асыл қасиеттерді оятуымыз керек.
Өзгенікін «Керемет!» деп тамсана бергенше, НАҒЫЗ ҚАЗАҚ әрқайсымыз өзімізден бастайық, ерінбей, қағаз-құжатты ауыстыру жұмысынан қашпай, алдымен, дұрыстап қазақ болайық, өзіміз, тегімізді қазақшалайық, баламызды тек қазақша оқытайық, еңбекқорлыққа, үнемшілдікке, экотазалыққа үйретейік.
Барлық жерде ҚАЗАҚША сөйлейік. Банкоматты, телефонды ҚАЗАҚША пайдаланайық.
Көшеде, аулада, мекемеде ҚАЗАҚША сөйлейік.
Өзіміз көшеге қолымыздаүы қоқысты тастап, қақырып-түкіріп жүріп, «мынаны, әкімдер неге қарамайды, ә!» деп жүріп,бала түгілі өзімізді-өзіміз тәрбиелей алмаймыз.
Жағылып қалған жарық болса, сөндір, шашылып жатқан нәрсе болса, жина, шашып жатса, айт, сонда ұл-қызыңыз қарап бой түзейді.
Көлігіңнің терезесінен қоқыс тастама, көшеге қақырма, түкірме. Үлкенді көрсең, құрмет көрсет, кішіге ізет жасай сал.
Өз жеріңді қорғауды табиғатты аялаудан баста.
Тегіңді қазақшала, «ов, овадан, ович, овнадан құтыл. Қызметті, телефонды, банкоматты қазақша қолдан.
Өз құндылығыңды қадірле! Ана тіліңді құрметте!
«Балаңды қазақша оқытпа» деп саған үкімет айтып жатқан жоқ ғой.
Қазақтар балаларын жаппай қазақшаға берсе, орыс мектебіне сұраныс азайып, өз-өзінен жабылар еді.
Сонда өзге елге қызықпай, өзіміздікімен мақтанатын болар едік.
Асылды алыстан іздеме, барлық асыл қазынаң ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық құндылықтарымызда бар.
Қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз намысты болсын, ажырасу болмасын, жетімдер жыламасын десек, ұлттық тәрбиені қолға алу керек.
«Ұлтымыз ұлт болып қалсын» десек, бесігімізді түзейік. Өзіміздікінің қадірін өзіміз білейік.
“Қазақ болып тумағанда нетер ем” деп құр ұрандатпай, жаныңмен, жүрегіңмен ҚАЗАҚ бол, ҚАЗАҚЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚА жанашыр бол, НАҒЫЗ ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨМІР СҮР.
ҰРПАҒЫҢДЫ ҚАЗАҚ ЕТІП ТӘРБИЕЛЕ. ҰЛТЫҢА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТ.
Өзімізді, өз құндылығымызды өзіміз қадірлемесек, жұрт бізді қайдан қадірлесін?!
Өзіңді қор, өзгені зор санағанды қою керек.