Басты бет » Жаңалықтар » «Сәлем, Папа!»: Жасалған таңдаудың өзіндік тарихы бар

«Сәлем, Папа!»: Жасалған таңдаудың өзіндік тарихы бар

Әке – әр баланың өміріндегі маңызды тұлға. Бірақ кейбір балалар үшін әке – тек жоқтығымен ғана сезілетін бейне. Қазақстандық режиссер Дамир Тастембековтің «Сәлем, Папа!» фильмі дәл осы тақырыпты қозғайды. Бұл тек әке мен бала арасындағы байланыс туралы емес, ішкі жан дүниенің күресі, өзін іздеу, отбасы құндылықтарын қайта бағалау хикаясы.

Фильмнің басты кейіпкері – Аман. Ол анасының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп өссе де, әке тәрбиесінің жетіспеушілігін қатты сезінеді. Бұл – көптеген әкесіз өсіп жатқан балалардың жанын жаралайтын шындық. Аманда сол ішкі арпалыс бар. Ол әкесін көруді, оны түсінуді қалайды. Бірақ шындықты білуге дайын ба?

Фильм көрерменді басты кейіпкердің ішкі дүниесіне терең бойлатады. Оның эмоциясы, ашуы, әлсіздігі, үміті – бәрі шынайы. Режиссердің бірегей шешімдерінің бірі – кейіпкерлердің ішкі әлемін көрсету үшін визуалдық құралдардың қолданылуы. Әсіресе, кейіпкерге найзағай түскен көрініс ең әсерлі символикалық сәт болып табылады. Бұл көрініс арқылы Аманның өзінің өткеніне, анасы мен әкесінің қарым-қатынасына деген көзқарасының өзгергені көрсетіледі. Найзағайдың ұрғаны – жан дүниесіндегі ауыртпалық пен өзгерістердің белгісі ретінде бой тапқан.

Фильмде кейіпкердің ішкі жан күйзелісін тереңірек жеткізу жолында операторлық әдістерде ұтымды қолданылған. Жақын пландар Аманның жалғыздығы мен жан толғанысын айқындап, көрерменді оның эмоцияларымен етене байланыстыра түседі. Бейнелік шешімдердің бірі – түстер палитрасының көркемдік қызметі. Фильмнің басында суық, көңілсіз реңктер (сұр, көк, қара) басымдық танытса, оқиға өрбіген сайын жылы түстер пайда болып, кейіпкердің ішкі әлеміндегі өзгерістерді нәзік түрде бейнелейді.

Баланың әкесіне жазған хаттары кейбір көріністерде дауыс сыртында оқылады, бұл көрерменге баланың ішкі әлемін тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Кейбір естеліктер мен қиял әлемі жұмсақ диссольв (бір кадрдың екінші кадрға жұмсақ ауысуы) әдісімен беріліп, баланың үміті мен шынайы өмір арасындағы айырмашылықты айқындайды.

Кез келген драмалық фильмнің басты күші – актерлік ойын. Бастапқыда Аман мен анасы арасындағы ұрыс табиғи көрінбесе де, оқиға тереңдеген сайын кейіпкерлердің эмоциялары сенімдірек бола түседі. Аман шындықты білгеннен кейінгі өзгерісі – актердің шеберлігін көрсететін ең әсерлі сәттердің бірі.

«Сәлем, Папа!» фильмі – әкесіз өскен балалардың жан дүниесін түсінуге мүмкіндік беретін туынды. Ол әр адамның өзінің ішкі әлемін, өткенін, сүйіспеншілігі мен кешірімін қалай қабылдайтынын көрсетеді. Фильм көрерменге алға ұмтылуды, өткенді кешіруді және жүректегі ауыртпалықтардан құтылуды үйретеді.

 

Рахат ТӘҢІРБЕРГЕН,

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» бөлімінің 2-курс студенті