Ұлттық спорттың дамуына үлес қосуды мақсат еткен жамбы атушы Аружан Амангелдіқызы – Қазақстан рекодтар кітабына енген қызық қызы.
Ол – Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы. 20 жастағы студент елімізде тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан рекорд жасап, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Бүгін түйе үстіне мініп арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысанға жамбы атқан нағыз қазақтың батыр қызы Аружан Миравилдаевамен дидарласып, сұхбаттасудың сәті түсті.
– Аружан, ұлттық спортқа деген қызығушылығыңыз неден пайда болды сол жайында айтып берсеңіз?
– Өзім 5 жасымнан бастап ауылда атқа мініп, мал бағып өскен қызбын. Қалаға келгеннен кейін атқа байланысты нәрсемен айналысқым келді. Сондықтан да қызығушылығым бойынша спорт мамандығына оқуға түсіп, «Топжарған» этно-мәдени орталығына келіп, ұлттық спортқа бет бұрдым. Өзім жануарларға, атқа жақын болғаннан кейін атпен жасалатын ұлттық спорттың барлығына қызықтым. Бұрын менде ұлттық спортпен айналысатындай мүмкіндік болмады. Ал «Топжарғанға» келгеннен кейін жамбы атумен, құсбегілікпен айналысуға мүмкіндік туды.
– Ұлттық спортпен қашаннан бері айналысасыз?
– Ұлттық спортта жүргеніме екі жыл болды. Бастапқыда садақ атып, жамбы атып бастадым, одан кейін құсбегілікпен айналыстым.
– Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Садақ, жамбы атуда Қазақстанда тұңғыш рет түйенің үстінде жамбы атып Қазақстанның рекодттар кітабына енгенмін. «Топжарған» этно-мәдени орталығының басшысы әрі ұстазым Ғабит Бердібайұлы себепші болып, түйенің үстінде алғаш жамбы атқан қазақ қызы болып рекордттар кітабына ендім. Одан кейін де жамбы атудан федерация кубогында, турнирлерде 1,2 орынды жүлделерін иелендім. Өкінішке орай, құсбегілікпен айналысып басталғалы 4-5 жарысқа қатысып, ешқайсынан орын болған жоқ. Алдағы уақытта орындар аламыз деген үміттемін.
– Өзіңіз студент екенсіз. Қайда, қандай мамандық бойынша білім алып жатырсыз?
– Иә, студентпін. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студентімін. Денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқимын.
– Болашақтағы арман-мақсаттарыңыз қандай?
– Алла қаласа, ұлттық спортқа өз үлесімізді қоссам деген мақсатым бар. Жаңадан түйенің үстінде жамбы атуды жасадық. Енді одан әрі қарай тағы да жаңалықтар ашсақ екен деймін. Қазақ еліне, әсіресе ұлттық спорттың ат үстінде орындалатын спорттарына өз үлесіміз тиіп көп ұрпақ тәрбиелесек деген үміт бар.
– Ұлттық спорттан басқа тағы қандай қызығушылықтарыңыз бар?
– Ұлттық спорттан басқа қызығушылығым бар деп айта алмаймын. Себебі кішкентай кезімнен бастап осы спорт түрімен айналысып келе жатырмын. Бастапқыда, аттың үстінде тек кішігірім көкпарларға барып, бәйгелерге қатысып жүрдім. Қазір өзіме ұнайтын жамбы ату, құсбегілік секілді спорт түрін тапқаннан кейін басқаға қызығушылық болмай қалады екен. Себебі мен өз орнымды ұлттық спорттан таптым деп ойлаймын. Басқа жерде мен өзімді көре алмаймын.
– «Топжарған» орталығы туралы әңгімелеп берсең…
– «Топжарған» орталығы Алматы қаласындағы ұлттық спорт түрінің барлық түрін қамтиды. Оның негізін қалаушы – Ғабит Бердібайұлы Таңатов. Мұнда біз аттың үстіндегі ойындарға қыз-жігіттерді дайындаймыз. Өзіміздің де командамыз бар.
Менің, ұстазымның және орталықтың мақсаты болашақта көп шәкірт тәрбиелеп, ұлттық спортқа еңбегіміз сіңсе дейміз. Мысалы, атпен жамбы ату барлық халықтарда бар. Оларда жарыстар, чемпионаттар өтіп тұрады. Бізде сол сияқты түйемен жамбы атудың жаңа қырын сондай деңгейге жеткізсек дейміз. Мәселен, түйесі көп Қызылордa, Маңғыстау облыстары түйемен жамбы атып үйреніп, шәкірт тәрбиелеп, түйемен жамбы атуға жарыстар ұйымдастырылған кезде оқушылар әкелсе. Түйемен жамбы атуды атпен жамбы ататындай деңгейге шығарсақ. Қазақтың түйемен жамбы ататын ұрпақтарын тәрбиелесек деген үлкен арманымыз бар. Біздің орталығымыз шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Қазақстанға пайдасы тиетін, жүрегі «қазақ» деп соққан ұл-қыздарды ұлттық спортқа бағыттап, оның ішінде тек жамбы ату емес, құсбегілік бар, теңге ілу, көкпар, ләңгі тебу, асық ату деген ойындардан да тәрбиелесек деген мақсатымыз бар. Әлемдік деңгейдегі одан әрі рекорд орнататын шәкірт шығарсақ деген ойдамыз. Оған әрине үлкен күш керек, көкіректе намыс, қайсарлық керек. Cол себепті «Топжарған» орталығының, өзімнің де жеке арманым ұлттық спортқа деген үлесімді қосып, тарихта атымыз жазылса деген ой бар.
– Аружан сұхбатыңыз үшін рақмет! Алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын!
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary