Сұлулыққа жаны құмар қыз-келіншектер жылдың кез келген мезгілінде ажарланып, сұлу да сымбатты болып жүргісі келеді. Дегенмен күз мезгілінде ағзамыз әлсіреп, әртүрлі өзгерістерден кейін бет терімізде түрлі проблемалар пайда болатын жасырын емес. Оны қалай емдейміз? Қандай өнімдерді қолдану керек?
Осы орайда косметолог-дерматолог маман Жанна Кеңесбекқызы кәсіби түрде жасалатын процедуралар мен үй жағдайындағы бет күтімі жайлы айтты.
– Күз мезгілінде бет терімізге қандай күтім жасаймыз?
– Күз мезгілінде біздің теріміз құрғайды. Құрғақ теріні біз қалыпқа келтіруіміз керек. Сондықтан үй жағдайындағы күтімдер аса маңызды. Ең біріншіден, үй жағдайында ылғалдандыратын нәрлендіретін ағартатын маскаларды пайдаланған дұрыс. Ал егер бет теріңіз құрғақ әрі дақтар болатын болса, қосымша витамин С қосқан дұрыс. Өйткені витамин С теріні ағартып, іштей ылғалдандырып жасартуға көмектеседі.
– Жаз мезгілінде күйген теріні қалпына қалай келтіреміз?
– Және жаз мезгілінде демалыс орындарына, ыстық жерлерге барамыз, сол кездерде теріміз қатты күйіп қалады. Осындай жағдайлардан кейін бетті қалыпқа келтіру үшін косметолог маманның еміне жүгіну қажет. Өйткені сол арқылы бет терімізді тезірек қалыпқа келтіре аламыз. Ал егер теріміз күн сәулесінен қарайып, одан бөлек теріңіз құрғап ұзақ жүрсеңіз тері де көптеген милазма, хлоазма деген секілді бетте проблемалар кездеседі.
Оны біз қалай анықтаймыз? Хлоазма дегеніміз – көбінесе жүктілік кезінде пайда болатын дақтар. Милазма дегеніміз – хлоазманың жүктілік кезіндегі қалып қойған дақтардың ұзақ уақытқа теріде сақталып қалғаны. Сондықтан ондай жағдайларда біз косметолог маманнан арнайы емдік процедуралар аламыз, сонымен қатар үй жағдайында қолданатын бет күтіміне байланысты өнімдерді косметолог маманның өзі таңдап бергені дұрыс. Өйткені кез келген дөңгіршекте сатылатын косметиканың құрамындағы активті заттар дұрыс жұмыс істемей қалуы мүмкін.
– Егер бет терісі майлы болатын болса, сонымен қатар бетте безеулер болатын болса қалай күтеміз?
– Мұндай жағдайда ең әуелі теріміздің балансын қалыпқа келтіреміз. Бет терсісі майлы болған жағдайдың өзінде баланс бұзылса, бетте безеулер, дақтар пайда болады. Ондай жағдайлардың алдын алу үшін әлбетте күнделікті бет күтіміндегі заттарды дұрыстап қолданамыз және де арнайы косметологиялық процедураларға жүгінеміз.
Күз, қыс мезгілінде арнайы терең пилингті күтімді кәсіби тұрғыда емдеген дұрыс. Терең пилингте жаз бойы жиналған қара дақтар, құрғақтықты алып тастауға көмектеседі. Ол кезде біз қышқылды заттарды пайдалана аламыз және лазерді процедураларды жасауға кеңес беремін. Бірақ олардың барлығы кәсіби тұрғыда жасалынуы аса маңызды. Себебі терең пилингтен кейін де өте көп асқынулар болады.
– Сезімтал теріге күтімді қалай жасаймыз?
– Теріңіз қатты сезімтал болатын болса, сезімталдықпен де жұмыс жасау қажет. Өйткені қазір аллергияның өршіп тұрған кезі. Асқазан-ішек жолдары ауруларына аса қатты мән беру қажет. Одан кейін ғана іштен және сырттан ем қабылдаған дұрыс. Іштен емдеген кезде ұзақ уақыттық мықты нәтиже болады.
– Бет терісіне қандай қышқылдықтарды қолданған дұрыс?
– Күздегі күтімнің тағы бір ерекшелігі, активті түрде қышқылдықтарды пайдалана аламыз. Азелайн қышқылы және лазерлі пилингті жасау арқылы терідегі проблемалардан арыла аласыз. Өйткені терінің типі әртүрлі болғандықтан әр адамға жеке түрде процедуралар таңдалады. Қышқылдықтар бет терісінің сезімталдығына байланысты таңдалады. Мысалы, AHA, BHA, PHA, азелайн қышқылы, миндалды қышқылдар, глюкольді қышқылдар және каралды, сары, лазерді пилингті пайдалануға болады. Кез келген терең пилингті жасамас бұрын біз теріні дайындап алуымыз керек. Яғни, теріні ақырындап қышқылдыққа үйрету керек. Бірден қатты қышқылдықтарды пайдаланатын болсақ, бет терісін асқындырып алуымыз мүмкін. Сондай жағдай болмас үшін пилинг алды жасалынатын процедуралары жасап алуымыз қажет.
Күн салқындаған кезде біз жеңіл нәрлендіретін ауырлау бет терісіне арналған майларды пайдалану керек.
Перизат САПАРОВА