Басты бет » Руханият » Әйгерім Оразғали, Сунь Ят Сен (Sun Yat-Sen) Университетінің түлегі: «Шетелде оқудың артықшылығы көп»

Әйгерім Оразғали, Сунь Ят Сен (Sun Yat-Sen) Университетінің түлегі: «Шетелде оқудың артықшылығы көп»

       IMG-20170401-WA0012

           Бүгінде білім іздеген жастың жолы ашық. Қай мемлекетте, қандай білім ордасында оқимын десе де толық мүмкіндігі бар. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастары аз емес. Солардың бірі – биыл ғана Қытай елінің Гуанчжоу қаласында білім алып қайтқан Әйгерім Оразғали.
Гуанчжоу Оңтүстік Қытайдың саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және білім орталығы саналады. Ондаған миллион тұрғыны бар әлемнің ең ірі қалаларының тізіміне Қытайдың Гуанчжоу қаласы да енген. Онда 30 миллионға жуық адам тұрады екен. Білім саласы жақсы дамыған Гуанчжоуда әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жастар оқиды.

Әйгерім Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейін бітірген. Мектеп бітірген жас түлек шет мемлекетте білім алуды қалады. Сөйіп, Қытай мемлекетінде оқуды ұйғарды.
– Маған Қытай елі бұрыннан ұнайтын. Әсіресе ол елдің мәдениеті мен тілін әрі еңбексүйгіш халықтан көп нәрсе үйренгім келді. Сондықтан мектеп бітірген соң Қытайда білім алуды қаладым. Гуанчжоуда оқығаныма қуанамын. Себебі Гуанчжоу қаласы – өте үлкен, дамыған әрі ең әдемі қалалардың бірі. Менің сүйікті қалам, – дейді Әйгерім Оразғали.

 

IMG-20170401-WA0010

 

Әйгерім Гуанчжоу қаласында Сунь Ят Сен университетін бизнес, қытай тілі мамандығы бойынша бітірді. Қазақ және орыс тілдерінен бөлек, ағылшын, қытай тілдерін жетік меңгерген.
– Алғашқы уақытта маған қиын болғанын жасырмаймын, бірақ кейін үйреніп кеттім. Қатарластарымнан қалмауға, олармен бір деңгейде болуға тырыстым. Өз мүмкіндігіңді, біліміңді көрсетсең, ол жақта білім әділ бағаланады. Біздің университетімізде білімді, білікті ұстаздар көп. Әсіресе жас ұстаздар көп. Олар жас болса да бізге жақсы білім берді, және қай жағынан болса да бізді әркез қолдауға дайын тұрады. Негізінен оқимын деген жастарға қай жерде де жақсы білім алуға болады. Жат жерде оқудың артықшылығы – ата-анадан, үйден жырақта жүргеннен кейін өздігімізден өмір сүріп, ізденуді үйрендік. Әркез өзімізді дамытуға күш саламыз. Менімен бірге Корей, Америка, Индонезия, Тайланд, Вьетнам, Болгария, Румыния, Франция елдерінің жастары оқыды. Солардың барлығымен араласа жүріп, көп нәрсе үйрендім. Өзге ұлттардың мәдениетімен, тілімен, өнерімен жақынырақ таныстым. Қытай елінде оқып жүрген қазақ жастары да көп, біз мереке күндері бас қосатынбыз, – дейді кейіпкеріміз.

 

IMG-20170401-WA0011

*****

Қазақстанда жастар арасындағы ең бір күрделі мәселе – өз мамандығыңмен жұмысқа орналасу. Елімізде жастарға жақсы жағдай жасалуда, жастарды жұмысқа орналастыру бағытында түрлі бағдарламалар жұмыс жасауда, десек те жастар арасындағы жұмыссыздықтың әлі де белең алып тұрғандығы жасырын емес. Әсіресе жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер бірнеше жылдық тәжірибе талап етеді. Дипломын бүгін ғана қолына алған маманда қандай еңбек тәжірибесі болуы мүмкін?! Демек, жастарға тәжірибе жинақтау үшін студент кезінен бастап мамандық бойынша қызметке араласуы қажет. Бірақ тәжірибелі маман іздейтін жұмыс берушілердің студенттерді қызметке қабылдауы екіталай.
Әйгерім биыл университет бітіріп, елге оралды. Қытайдың белді білім университетін үздік бітірген, төрт тілді жетік меңгерген Әйгерім де елімізде жұмысқа тұрудың қиындығын айтты.
– Жас мамандарға кедергі келтіріп тұрған елімізде жұмыс табудың қиындығы. Тамыр-таныстық арқылы болмаса, елімізде өз мамандығың бойынша жұмысқа тұру қиын секілді. Әрі кем дегенде екі жылдық еңбек өтілінің қажеттігі қиындық тудырады, – дейді Әйгерім.

«Жастар жанары»

Пікір жазу