Үміт келді! Алашым! Ұлыс келді!
Бақыт келді! Сол жылмен Ырыс келді!
Қытымыр қыстан аман шыққан жұртым,
Көктемде кеңейеді тыныс та енді.
Ауыспалы… бәрі де ауыспалы,
Ескі менен жаңа тұр ауысқалы…
Көктеммен бақ, береке, шаттық енер,
Тыраулап құс жеткенде алыстағы.
Ұлықта Ұлы Қазақ Ұлысыңды,
Жамандық тарылтпасын тынысыңды.
Шенділер еселесін Ұлу жылы,
Тышқаншылап тасымай ырысыңды.
Кел, Наурыз! Сен едің сағынғаным,
Күнәсін жусын жердің жауындарың.
Қаладағым, аман бол, ауылдағым,
Оң болсын Ұлыстарың, бауырларым!