Басты бет » Әдеби әлем » Әліппе өлең

Әліппе өлең

Әліппе

 

 Баянғали Әлімжанов

     

         А-а

А дегенім – атаң,

Ақ тілекті батаң,

Ақыл сөзін тыңдап,

Ардақтай біл, ботам!

       Ә-ә

Ә дегенім – әжең,

Әлдилеген анаң,

Әлпештеген әкең,

Әспеттей біл, балам!

        Б-б

Б дегенім – білім,

Білім- жарық күнің,

Ашып берер саған,

Бар әлемнің сырын!

       В-в

В дегенім – вокзал,

Кісі толған көп зал,

Келіп қалса пойыз,

Вокзалдан тез қозғал!

       Г-г

Г дегенім – гүлім,

Көрдің неше түрін,

Гүлмен бірге сенің

Күлімдейді күнің!

        Ғ-ғ

 Ғ дегенім – ғарыш,

Болса дағы алыс,

Қазақ ұшып барған,

Ғарыш бізге таныс!

       Д-д

 Д дегенім дәптер,

Дәптер тола ақ тор,

Дұрыс, таза жазып,

Төрт пен бесті ап кел!

        Е-е

Е дегенім – есеп,

Есеп қиын десек,

Неше болар екен,

Екі ешкі мен есек?

         Ж-ж

 Ж дегенім – жолда,

Жаңғалақтау болма,

Жасыл жанса, жүгір,

Қарап сол мен оңға!

         З-з

З дегенім – зебр,

Тұяғы оның темір,

Шөп іздесе шөлде,

Кірмейді оған шөгір!

        И-и

И дегенім – ине,

Кіріп кетер, тиме,

Қадайды ғой әжең

Инеменен түйме!

        Й -й

 Й дегенім – қайда?

Бар ғой қаймақ, майда,

Сайда жүрген ойнап,

Тайынша мен тайда!

         К-к

К дегенім – кітап,

Көп оқыған ұтад,

Күшті болсаң, кәне,

Кітаптан тез К  тап!

       Қ-қ

Қ дегенім – қала,

Жан-жағыңа қара,

Қатар, қатар үйдің,

Қабаттарын сана!

       Л-л

Л дегенім – лағым,

Кезіп ауыл маңын,

Маңыраған кезде,

Бір тынбайды жағың!

       М-м

М дегенім – мектеп,

Кітабымды беттеп,

Мен  өсемін оқып,

Мектебімде көктеп!

         Н-н

Н дегенім – наным,

Нанмен бірге әнім,

Наным менің нәрім,

Әнім менің сәнім!

        Ң-ң

Ң дегенім – аңдар,

Аңдар інді таңдар,

Қарға түскен ізден,

Аңның жолын аңғар!

          О-о

О дегенім – орман,

Жан-жануар толған,

Жеміс-жидек теріп,

Орман кезу — арман!

      Ө-ө

Ө дегенім – өзен,

Өзен бойын кезем,

Өзенде бар балық,

Өзім бірден сезем!

       П-п

П дегенім – пілім,

Көрсеңдер де түрін,

Қане, көрген кім бар,

Таудай пілдің тілін!?

       Р-р

Р дегенде ретте,

Рет-ретімен бетте,

Дәптер, кітап, бәрін,

Ретсіз шашып кетпе!

          С-с

С дегенім – сурет,

Көрдің бе сен бір рет,

Сонша неге тәтті,

Суреттегі сүр ет?!

         Т-т

 Т дегенім – талап,

Көңіліңмен қалап,

Талапты бол сен де,

Оқып жақсы  сабақ!

        У-у

У дегенім – уыз,

Уыз жейді ауыз,

Уызына тойған

Қозы болар нығыз!

      Ұ-ұ

 Ұ дегенім – ұлан,

Ауызында  ұран,

Ту көтеріп тұрған

Ұлан нағыз қыран!

      Ү-ү

Ү дегенім үкі,

Үлпілдейді түлкі,

Үп дегенде үкі,

Түлкі болды күлкі!

         Ф-ф

 Ф дегенім – файл,

Поштамыз е майл,

Алыстан хат келсе,

Жылдам жауап қайыр!

        Х-х

 Х дегенім – халық,

Оқып, білім алып,

Халық үшін іс қыл,   

Бар күшіңді салып!

  

         Һ-һ

Һ дегенім – жаһан,

Жаһанда бар наһан,

Наһан – үлкен балық,

Деп айтатын атам!

       Ц-ц

 Ц дегенім – цеце,

Улы маса десе,

Циркуль одан үлкен,

Әлденеше есе!

          Ч-ч

 Ч дегенде Чен бар,

Чукот деген жер бар,

Чита деген қала,

Чили деген ел бар!

            Ш-ш

Ш дегенім – шаршы,

Шаршыны тез салшы,

Шыны, шырша, шаштан,

Шы-ны тауып алшы!

            Щ-щ

 Щ дегенді тапшы,

Кітабыңды ашшы,

Бір-біріне қарсы,

Тұщы менен ащы!

             Ы-ы

Ы дегенім ыдыс,

Шығарады дыбыс,

Ынтымақты үйде

Ыдыс тола ырыс!

                 І-і

І дегенім – інім,

Бауырым ғой, күнім,

Қызықтаймыз оның,

Балдай тәтті тілін!

         Э-э

Э дегенді ізде,

Көріне ме көзге,

Элеватор, эпос,

Бар ғой біраз сөзде!

       Ю-ю

Ю дегенім – ою,

Ойлап ойып қою,

Аю құсап маймақ,

Қою балға тою!

      Я-я

Я дегенім – аяз,

Мал тоңады ояз,

Аяз қысқан кезде

Су қатады саяз!

                                     6.10. 2015ж.- 9.12.2015 ж.

1 пікір

  1. Абдалбаева Жадыра ЕСЕНОВНА

    Əлліппе қайда сатылады?????

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*