Әлеуметтік желіден моншақтардан әдемі бұйымдар жасап отырған қызды көріп, ерекше тәнті болдым. Неткен шеберлік, қандай талғам! Алайда ол жасөспірім қыздың мүмкіндігі шектеулі екенін білмедім. Кейін қарап отырып, қыздың көру қабілетінің нашарлығын байқадым. Сөйтсем, оның көзі мүлдем көрмейді екен. «Жас толқын» айдарының бүгінгі кейіпкері Аружан Сүлейменова – жас қолөнер шебері.
Аружан 2006 жылы 14 тамыз айында Жамбыл облысы Қордай аудан Отар ауылында туып-өскен. Ол 3 жасында көру нервінің атрофиясы деген дертке шалдығып, көру қабілетінен айырылған. Кішкентайынан қиын жағдайға тап болып, көру мүмкіндігінен айырылса да қайыспаған қайсар қыз 1-сыныптан қолөнер үйірмесіне барып, өнерін шыңдай бастаған. Қазір әдемі қолөнер бұйымдарымен көпшілікті тәнті етіп жүр.
– Алғашында көзім көрмегендіктен, қолөнермен айналысу қалай болады екен деп жүрексіндім. Бірақ ұстазым маған көп нәрсе үйретті. Бірінші «Бақтағы ағаш» деген бұйым жасадық. Одан кейін тоқыма, бисермен, моншақпен, қағаз картондармен, салфеткамен жұмыс жасауды үйрендім. Қамырмен жұмыс жасауды да білемін. Тоқыма да тоқыдым. Бірақ қазір дамытып, қолға алып жатқаным – моншақпен түрлі бұйымдар жасау, – дейді Аружан.
Кейіпкеріміз қазір Алматы қаласында Н.Островский атындағы №4 көрмейтіндер мен нашар көретіндерге арналған мектеп-интернатта оқиды. Оқушы қыз қолөнерін дамытып, кәсібінен табыс тауып жүр. Моншақтардан түрлі вазалар, сөмеклер, ойыншықтар жасайды. Бүгінде оны қолынан шыққан бұйымдарға тапсырыс берушілер күн санап артып келеді.
– Маған үйде әкем мен анам көмектеседі. Түсін таңдап беруге, ақ қайда, қызыл қайда деген сияқты үйлестіріп қойып береді. Өйткені көзім көрмегендіктен түстерді үйлестіре білмеймін. Моншақтарды шатастырып алмас үшін белгілеп қоямын. Ұстазым Айнұр Мейірхан апай маған көп нәрсе үйретті. Сол кісіден 1-сыныптан бастап үйрендім. Қолөнерден бөлек, поэзия оқығанды жақсы көремін. Өзім де арасында өлең жазамын. Ән айтамын. Сахнада ән айтқан ұнайды, жаным рахаттанып қалады. Спортпен айналыспаймын, бірақ соңғы кезде тоғызқұмалақ ойнауды ұнатып жүрмін, – дейді ол.
Аружанның әкесі әскери зейнеткер. Анасы үй шаруасында, Аружанның жағдайын жасап, үнемі жанынан табылады. Әпкесі мен бауыры бар. Барлығы үйде Аружанның қолдаушысы, қамқоршылары.
Өнерге жаны құштар Аружан түрлі музыкалық аспапта ойнағанды ұнатады екен.
– Негізі, 2020 жылдан бастап домбыраға қатысып жүрдім өз ауылымда. Бірақ соңғы кезде сол жақ көзім ауырып, домбыраны ұстай алмайтын болғандықтан тастадым. Әр күйді темпке жеткізіп ойнай алмадым. Бір жағынан соған да көңілім қалды. Қобызды да жақсы көремін. Фортепианоға барып жүрдім осы мектепке келгелі. Бірнеше шығармашаларды ойнап, үйреніп жүрдім. Соңғы кезде уақыт болмай кетті, – дейді ол.
Арманы асқақ арудың болашаққа деген сенімі мен үміті зор. Болашақта жеке кәсіп ашып, қолөнер ісін дамытуды көздейді.
– Болашаққа арманым өте көп. Армансыз адам болмайды дейді ғой. Мақсатым – алдағы 1-2 жылдың ішінде Алматы қаласынан үй алу. Арманым журналист болғым келген. Бірақ журналистика қиын мамандық болғандықтан, ойымды өзгерттім. Қазіргі таңда қандай мамандық таңдайтынымды ойланып жүрмін. Оның үстіне, бұрын жай мектепте оқығандықтан кейбір пәндерді толықтай меңгерген жоқпын. Мамандық таңдауым өте қиын болып жатыр. Бірақ жоғарғы оқу орнына түскім келеді. Студенттік шақты көргім келеді. Болашақта повесть, поэма, романдар жазып, кітап шығарғым келеді. Махаббат тақырыбында жазғым келеді. Өйткені барлығы махаббаттан басталады. Отанға, анаға, туған жерге, қыз бен жігіт арасындағы махаббат. Махаббат бір ғана ұғым. Бірақ біраз нәрсені дәлелдеп береді. Жеке кәсібім болғанын армандаймын. Кәсіп болғанда да жай емес, адам өміріне, ұлтым үшін маңызды кәсіп, – деп жан сырын ақтарды Аружан.
Мүмкіндігі шектеулі бола тұра Аружан еш мойыған емес. Ісмерлігі, шеберлігі, өнері жасөспірім қызды алға жетелейтін, жарқын болашаққа ұмтылдыратын қанаты іспеттес. Бос уақытында кітап тыңдап, дауыстап поэзия оқығанды жаны қалайды. Ән айтады. Бірақ көбінесе қолөнері оның айнымас серігіне айналған.
– Өзім секілді жастарға айтарым, еңбек ету керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбей» дейді ғой. Армандау керек. Ол үшін мақсат қою керек. Алдыңа мақсат қойсаң, міндетті түрде жетесін. Өз өмірімде болған оқиға болғасын айтып тұрмын. Еш нәрседен қорықпау керек. Алдағы басқан қадамыңды нық басып, қайта шегінбеу керек. Шегінген күннің өзінде кедергілерден айналып өтіп, алға жылжу керек. Мақсат алға жылжып, бәрін жайпап өту емес. Өмір өзі сынақтардан сұрады. Сондықтан барлық нәрсе бізге сынақ. Одан сынбай өтуге тырысу, алға жылжымаған күннің өзінде сол саған үлкен жеңіс, – деп ойын қорытты жас ару.
Ендеше қайсар аруға мұқалмас жігер мен талмас қанат тілейміз. Арманың алдамасын. Биік белестерді бағындыра бер!
Венера Мұратқызы