Басты бет » Жастар үні » ҰБТ-дан ұтылма!

ҰБТ-дан ұтылма!

2023 жылғы негізгі ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ басталды. Тестілеу 5 шілдеге дейін өтеді.

Сурет: https://https://kaz.zakon.kz//

ҰБТ-ға республика бойынша 305 мыңға жуық өтініш қабылданды. Оның ішінде тест тапсырушылардың 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді.

Осы орайда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев ҰБТ-дағы биылғы өзгерістер туралы айтты.
– Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пән, барлығы 120 тест тапсырмасы бар. Алайда «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған; 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін). Сондай-ақ бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады. Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды, – Ұлттық тестілеу орталығы басшысы.
2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.
Тест тапсыру кезінде бақылау шаралары да назардан тыс қалмайды. Бұл туралы Руслан Тохтарбекұлы тестілеуден өту кезеңінде ереже бұзу жағдайлары жыл санап азайып келе жатқанын атап өтті. Балалар академиялық адалдыққа баса мән береді. Өткен жылдардағы көрсеткіштер бойынша, 2019 жылы тестілеуге кіргізу барысында 128 мың, 2020 жылы – 2 522, 2021 жылы – 756, 2022 жылы – 327 тыйым салынған зат табылған. Яғни, 2019 жылмен 2022 жылды салыстырғанда шпаргалкалар мен смартфондарды алып кіргізуге талпынушылар саны 400 есеге азайған. Сондай-ақ 2022 жылы тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Бұл көрсеткіш 4 есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1 305 адам шығарылған болатын. Тағы бір айта кететін жайт, 2022 жылы ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі 1 бөгде адамды анықтады. 2021 жылы мұндай 18 жағдай тіркелген еді. Ал биыл, қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ қорытындысы бойынша бөгде тұлға анықталмаған.
Бұл дегеніңіз, талапкерлердің ҰБТ-ға деген дайындықтық пен талаптың жоғарылауынан десек болады.

Айнұр АСҚАР