2019 жылға дейін хобби ретінде құс өсіріп келген шымкенттік Сырлан Тəшімбетов қазіргі уақытта бұл сүйікті ісін кәсіпке айналдырып өз табысын табуда. 36 жастағы кәсіпкер бала күнінен құс өсірумен айналысады. Жұмыртқа, ет, мамық беретін құстарды емес, әнші құстарды өсірумен басқа кәсіпкерлерден ерекшеленіп тұрады.
Кәсіпті бастауына түрткі болған мемлекеттен бөлінетін кәсіпкерлік гранттар. Дәлірек айтқанда, «Бизнес Бастау» жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, мемлекеттен берілетін 505 мың теңгелік грант иеленген. Грант қаржысына құстардың санын көбейтіп, оларға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Осылайша, ол өзінің үйдегі кәсібінің негізін қалап, ары қарай дамытып жатыр.
Үйінде тотықұстар мен амадин, канарейканың түр-түрін өсіретін Сырлан құсшымен сұхбаттасып, құс өсірудің қыр-сырын, қызығы мен қиындығы туралы және де алдағы уақытта қандай жоспарлары бар екенін, бұл кәсіптен қаншалықты табыс тауып отырғанын сұрап білдік.
«Бала күнімде базардан тотықұс алдық»
Мамандығы бухалтер болғанымен, бұл хоббиін жұмысымен қатар алып жүріп өзінің кәсібіне айналдырған маман алғаш рет құс өсіруді 90 жылдары бастаған екен. Осылайша, қызығушылығы арта түскен құсшы өзінің бұл салаға қалай келгенімен бөлісті.
– Кішкентайымнан табиғатты жақсы көремін. Өсімдік, жан-жануар, əсіресе құстарға қатты қызығамын. 5-6 жасар кезім болуы керек. Əкеммен бірге Қырғы базарына бардық. Жаз мезгілі. Сол кезде базарда үш адам ғана тотықұс сататын. Бір орыс апаның құстарына қатты қызығып, тамсанып қарағаным бар. Тотықұсты алғаш көруім. Оған дейін тек теледидардан көргенбіз. Баламын ғой. Əкеме жабысып, жылап жүріп, «тотықұс алып бер» деп қоймаған соң, əкем сатып алып берді. Тотықұсты сатып алып үйге əкелген соң қызық басталды. О кезде не интернет, не əлеуметтік желі, не ұялы телефон жоқ. Тотықұсты қалай өсіреміз, не жейді, жемін қайдан табамыз, қалай асыраймыз? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Қазір зоодүкендер көп қой, о кезде зоодүкендер де жоқ. Əке-шешемді ертіп, қайта базарға барамыз. Базардан жем əкеліп, береміз. Таусылып қалады. Жемін үйде қалай дайындайтынын білмейміз. Базардағы құс сатушылардан кеңес сұраймыз. Естігенімді үйге келіп жасаймын. Бидайды суға салып, көк шыққан соң, соны беру керек екен. Мен еккен бидай көгеріп кетеді. Көгеріп кеткен бидайды жесе, құс өліп қалады. Тағы сатып аламын. Ұшып кетеді, не өліп қалады. Сосын «обал қылмайын» деп құс өсіруді тоқтаттым. Солай-солай құс өсірудің талай қызығы мен шыжығын бала күнімнен бастан өткердім. Кейін тоқырау жылдары аяқталып, заман түзеліп, интернет пайда болды. Зоодүкендер көп ашылды. Кеңес алу, білмегенді сұрау оңай болды. Содан 10 жыл бұрын қайта бастадым. Əлі күнге жалғастырып келемін. Бертінге дейін тек хоббиім ретінде айналысып келдім. Соңғы 3-4 жылда тек қызығушылық емес, сату үшін өсіре бастадым. Қазір енді мемлекеттен қолдау алып, бизнеске айналдыру жолындамын, – дейді Сырлан.
Кәсіпкерліктің өркендеуіне себеп болған мемлекеттік грантты қалай алғанында сұрап білдік.
– «Құс бизнесін бастасам» деген арманым бар еді. Бір досым хабарласып, «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы «кəсіп ашам» дегендерге жақсы мүмкіндік беріп жатыр. Барып, құс өсіру жобаңды қорғап көрсеңшы», – деді. Содан мен палатаның үйлестірушілеріне хабарласып, 2019 жылдың күзінде «Бастау Бизнес» жобасына қабылдандым. Алмас деген жігіт оқытты ол маған түрлі саланы ұсынып, әрбір кәсіп түрімен таныстырды. Кейіннен психологтар менің қолымнан не келетінін, нендей кәсіп түрімен айналысып, қандай жұмыстан шаршамайтынымды сұрады. Мен ол кезде ойланбастан құс өсіріп, баптауды қайлайтынымды айттым. Осылайша, өзім жақсы көретін құс өсіру кəсібін таңдадым. Мамандар маған құс бизнесі жағынан тамаша кеңес берді. Менің таңдауым – ең ерекше кəсіп болды. Бизнес жоспар жазып шықтым. Тренерлер қарап, түзетіп, күзетіп, бағыт беріп отырды. Бизнес жоспарды екі рет: біріншісінде сертификат алу үшін, екіншісінде 505 мың теңге көлемінде грант алу үшін қорғадым. Бүге-шігесіне дейін білетін кəсіптің еш қиындығы жоқ. Құс өсіруді жан-жақты білемін. Бизнес жоспар жазу да, қорғау да қиын болмады. Өйткені жан-жақты білетін салам. Білімім жетеді. Қиындық тумады. Грант жеңіп алдым, – дейді Сырлан.
Ары қарай грант қаржысына түрлі құстарға керек құрал-жабдықтар сатып алып кәсібін дөңгелете бастаған. Оның айтуынша, 505 мың теңге көп қаржы емес, бірақ бизнес бастау үшін жақсы қолдау болған.
Жобамды сəтті қорғап шыққан соң мен құс өсіру бизнесімен айналысуды бастадым. Басында тек хобби ретінде қарасам, грант жеңіп алған соң жете көңіл бөліп, тереңірек айналыстым. Сол кездері негізгі жұмысымда да мəселелер туындап, үйде отырған едім. Маған өте жақсы мүмкіндік болды. Бел шеше кірістім. 2019 жылдың желтоқсан айында есепшотқа 505 мың теңге грант қаржысы түсті. Грант қаржысына 4х4 метрлік вольерге қажет жабдықтарды алдым. Құстарды сол вольер ішінде ұшырамын. Құстарды əрі-бері алып жүретін торды да сатып алдым. Құстарды сататын кезде не күн суытқанда үйге кіргізгенде соған саламын. Одан бөлек құстар сатып алдым. Тотықұс, амадин, канарейка құстарын зоодүкеннен сатып алдым. Құстарды қолдан алғанымда арзан шығатын еді. Мəселен, нимфа тотықұсы, яғни корелланы зоодүкеннен 10 мың теңгеге алдым. Келісімшарт бойынша грант қаржысына бизнес-жоспарда көрсетілген заттарды сатып алып, чегін көрсету керек. Шот-фактура өткізу үшін зоодүкеннен алып, барлық есебін тапсырдым, – дейді кəсіпкер.
Біз кәсіпкерден құстарды тор ішінде өсіру, баптау қаншалықты қиын екендігін және қызықтарын да сұрадық.
«Адам қолынан келетін нəрсемен айналысу керек. Құс өсіру – менің қолымнан келетін іс. Ең бастысы, қорегін уақытылы беріп, суын ауыстырып тұру қажет. Ең бастысы – керек кезінде ұшырып тұру қажет. Құстарды ең алдымен желдетіп алмау керек. Жылы жерде ұстау қажет. Қорегін де мөлшермен беру керек. Күніне екі мезгіл тамақтандырамыз. Тым көп көлемде қоректендіруге болмайды. Көп адамдар құстарын торда ұстағандықтан ұшырмайды. Ал ұшпай тамақ жей берген құс семіріп кетеді. Сосын ол құстың жұмыртқалауы да қиын болады. Сондықтан аптасына 1-2 рет ұшырып тұру керек. Вольер осындайда керек. Құстарды далада ұшыруға болмайды. Мысалы, тотықұстар далада ұшатын болса, қайтып келмейді. Ұшып кетсе, оралмайды. Қайта келуі қиын. Өліп қалады. Олар табиғатта жасырына алмайды, жыртқыш құстар бірден байқап, жеп қояды. Өйткені түрлі түсті ғой. Бұлардың табиғи мекеніндегі ормандар əралуан түсті. Оңай жасырынады. Бізде қоңыр түс басым. Содан жасырына алмайды. Біздің табиғатта қорегін таба алмайды. Өйткені қолда өсіп үйреніп қалған. Жазда 1-2 ай өмір сүре алуы мүмкін. Қыста өмір сүре алмайды. Ал канарейкалар қайтып келеді. Мен вольерде ұшырамын. Енді бұл құстардың шамалы иісі болады. Əр кəсіптің өзіндік бір қиыншылықтары бар ғой. Бірақ мұрын қанайтындай қиындығы жоқ. Күнде тамағын берген соң бір рет тазалық жұмысын жүргізуі керек. Содан кейін кешке қорегін берген соң тағы бір рет тазалығын жүргізіп қойса иіс те шықпайды, – дейді өз ісінің маманы.
– Құс сатып айына 150-200 мың теңге табатындар да бар. Құсты қандай уақытта сатып алған жөн?
– Құсты сатып аларда оның жас мөлшері маңызды. Балапанды 3 айлық мерзімде сатып алған дұрыс. Сол кезде сатып алып жатқан адамда да күмəн болмайды. Мен де ыңғайсыз жағдайда қалмаймын. Ыңғайсыз жағдайдан бұрын құстарыма уайымдамаймын. Құстың жағдайын түсініп, оған үйреніп кеткенше ол адам менен 1-2 ай кеңес алып тұрса да қарсы емеспін. Құсты сатып алмас бұрын маған келіп құстарды көріп кете алады. Əзірге құс өсіру арқылы отбасымды толық қамтамасыз етуге жете қоймадым. Бірақ тек құс өсіріп, айына 150-200 мың теңге көлемінде табыс табатын достарым, таныстарым бар. Мен де сол дəрежеге жетуге талпынып келемін. Əзірге құс сатудан айына 40-50 мың теңге кіріс түседі.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Кәсібіңізді ары қарай шыңдау ойыңызда бар ма?
– Мен де үлкен бизнес ретінде дамытқым келеді. Ресейде сондай бір бизнеспен таныстым. Құс өсіретін үлкен вольер бар. Жанында қонақүйі бар. Құс өсіруге қызығатындар, құс сатып алғысы келетіндер сонда келіп, вольерді аралап, құстарды көреді. Орнитологтар бар. Солар қарайды. Мəселен, ара деген тотықұс бар. Сондай керек десеңіз, орнитологтар адамға бейімдеп өсіріп береді. Мен солай ашқым келеді. Оған көп қаражат қажет. Келушілер құстарды көреді, 2-3 күн қонады. Танысады. Сосын ұнатқан құсын алады. Бізде орнитологтар тапшы. Сондай үлкен бизнес болмаса да көлемді жер алып, қысы-жазы жұмыс істеп, адам келуіне жайлы етіп жасағым келеді. Əзірге қалай жету керек екенін білмеймін. Мен істеймін ба, бала-шағам істей ма? Бəрі қаражатқа тіреліп тұр. Қаржы болса, бір айда істеуге болады. Балалар, оқушылар, ата-аналары келіп, құстарды көріп, бірнеше күн жанында болып, жүруіне жағдай жасағым келеді. Келешекте инвесторлар, демеушілер табылып, көмек беремін, десе, бірігіп дамытатын едік. Қазақстанда əсем-əнші құстарға қызығушылар аз. Сондықтан да ол əлеуметтік желілерде шетелдік құс өсірушілермен байланысып, қарым-қатынас жасаймын. Тəжірибе алмасамын, — дейді Сырлан Тәшімбетов.
Адам өзі жан дүниесі қаламаған кəсіпті дамыта алмайды. Ал Сырлан құс өсіруді жан дүниесі қалағаннан кейін өз кәсібіне айналдырған. Егер де бұл бизнестің ауқымын кеңейтсе, табысты болатынына сенімі мол.
Аружан Шардарбек,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
2-курс студенті