20-21 желтоқсан күндері елордамызда I Орталық Азия медиа форумы өтті. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған шараға халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, сарапшылар мен медиа саласындағы ұйымдардың өкілдерінен тұратын барлығы 100-ден аса спикер қатысты.
Іс-шараның мақсаты – өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, бірыңғай платформа қалыптастыру. Бірегей ынтымақтастық алаңына айналған форум Орталық Азия елдері үшін бірыңғай медиа кеңістік құруды көздейді.
Екі күнге созылған атаулы жиында өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелер сөз етілді.
Форумның панельдік сессиясында Түркияның 11-президенті Абдулла Гюль мен Моңғолияның 3-президенті Намбарын Энхбаяр және Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Қасмамбетов саяси тұрақтылықтылықтың маңызына тоқталып, бейбітшілік, дипломатия сынды өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ танымал әнші Димаш Құдайберген БҰҰ резолюциясы бекіткен 21 қыркүйектегі «Халықаралық бейбітшілік күнінің» және әлемдік «Peace one day» жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізді.
Форумның алғашқы күнінде «Ынтымақтастық бастауы: тарихи экскурс, Орталық Азия», «Медиа және think tanks: сараптаманың медиа трансформациясы», «Пост-шындық кезеңі: фейк және ақпараттық қауіпсіздік», «Бейбітшілік этикасы», «Ортақ ақпараттық медиа платформа құру перспективалары», «Тұрақты қоғамды қалыптастырудағы медианың маңызды рөлі» тақырыптары бойынша ой талқылар өткізілді.
Медиа форумда сөз сөйлеген әнші Димаш Құдайберген соғысқұмарларды сынға алды.
– 5 жарым мың жылда адам баласы 292 жыл ғана тыныштықта өмір сүрген. Бұл өкінішті жайт адамзат санасының бағзы замандардан бері көп өзгермегенін көрсетеді. Әлі күнге дейін талай елдер соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шегуде. Өз амбицияларын жүзеге асыру мақсатында мыңдаған жандарды өлімге айдап жатқан соғысқұмарлықты қалай тоқтатамыз? Ол үшін не істеуіміз керек? – деді әнші.
Ал екінші күні қатысушылар «Жасанды интеллект және ауқымды деректер: медиадағы инновациялық технологиялар», «Креативті индустрия – әлеуметтік трансформацияның элементі», «Медиа саласындағы әйелдер: азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі», «Балаларға арналған телевизиялық контенттің эволюциясы және Broadcasting» тақырыптарын сарапқа салды. Балаларға арналған контент өндіретін Nickeledeon және TIJI арналарының өкілдері тәжірибелерімен бөлісіп, бүркітші қыз Айшолпан туралы «Eagle Huntress» кітабының тұсаукесері өтті.
Алыс-жақын шетелден келген қонақтар, медиаэксперттер шараның алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді. Айта кетейік, елімізде Орталық Азия медиа форумы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.