Тұрар Сәттарқызы,
тарихшы, журналист
Кеше М.Нәрікбаев атындағы Заң университеттің тарих пәнінің оқытушысы, ғалым Изатхан Медешованың ұйымдастыруымен танымдық шара өтті.
Университеттің 1 курс студенттерінің 1 семестр бойы тарихтан алған білімін бекіту қойылымы -мемлекеттік сынақ алдындағы дайындық.
«Жүз естігеннен, бір көрген артық» демекші, Изатхан Белқожақызы студенттеріне аудиторияда естіген дәрісті тарихи эскурсияда көзбен көрсетіп, кейін оны зерттетіп, тарихи қойылым арқылы көрсетеді екен. Тарихты оқытудың бұл ерекше әдісі 2013 жылдан бері университет басшылығының бастамасымен қолданып келеді.
Бүгінгі қойылым «Сутас» деп аталған.
«Бұл қойылымға дайындықты биылғы қыркүйек айынан бастадық. Арнайы сапармен Ұлытау тарихи орындарына бардық. Ұлытаудың Хан орда, Алаша хан, Жошы хан кесенелерінде болдық. Жезді кен байыту, Сәтпаев музейлерінде болдық. Студенттеріміз бұл музейлердің эскпозициясын, жәдігерлерін көріп таңғалды.
Сапардан оралған соң Қаныш Сәтпаев тұлғасын тануға тырыстық.
Бүгінгі жастар интернет ғасырының ұрпақтары. Оларға микрочипке жақын ұрпақ. Ал микрочип жасауға кремний керек. Ал кремний кварцтан алынады. Жезді музейінің директоры кварц -сутас жайлы айтқан сәтте бүгінгі қойылымның сценарийі ойымда туындай бастаған еді.
Кейін Қаныш Сәтпаевтың металлогениялық картасын қарап отырып, қойылым жасап шығардық», – дейді Изатхан Белқожақызы.
Тарихты мұндай ерекше тәсілмен оқыту жастардың бойында отансүйгіштік қасиет дарытып, төл тарихына, ұлт тұлғаларына деген құрметті тудырары сөзсіз.
Изатхан апайымды сонау 2000 жылдан бері ҚР Президенттік мәдениет орталығында қызмет еткен жылдардан бері танимын. Қашанда ізденіп жүретін жан.
Өз мамандығын жан-тәнімен сүйіп, оны жастарға ерекше тәсілмен оқытатын осындай ұстаздардың тәжірибесі кеңінен таралуы керек деп санаймын.
Өткенде бізде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150- жылдығына орай “Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін” сайысын да мектеп оқушылары арасындағы тарихи қойылым етіп өткіздік.
Идея авторы болғаныммен, оқушылар арасында мұндай сайыс ешқашан өтпеген екен. Өткізу жағынан ақыл-кеңес алу үшін Изат апайға барған едім.
Ол сайысымыз да өте жақсы, әсерлі өтіп, қатысқан балалар қазылар алқасын жылатқан еді.
Изат апай, сізге алғысымыз шексіз!
Қойылымға қатысқан студенттеріңіз қай саланың маманы болса да, жүректерінде Отанына сүйіспеншілік, тарихына деген мақтаныш мәңгілікке қалары сөзсіз!