Басты бет » Руханият » Көңілді автобус

Көңілді автобус

ССурет ашық интернет көзінен алынды

Ділдəбек Бегайдаров

 

Бір үлкен қалада адамдарға адал қызмет ететін автобус болған екен. Ол күнұзаққа адамдарды үйінен жұмысқа, жұмыстан үйіне тасып, кешке қарай автотұраққа келіп демалатын көрінеді. Ол өзінің осы жұмысынан жаны рахат табатын. Адамдардың пайдасына жарап тұрғанын, керексіз көп темір-терсектің бірі еместігін мақтан тұтады. Күндердің күні автобус адамдарды отырғызып, жол үстінде кетіп бара жатса, маңдайшасында «такси» деген жазуы бар жеңіл көлік жолын кес-кестеп, мазасын алады. Автобус пен такси көлігі қатарласа жүріп келіп, жаяу жүргіншілердің жолдан өткенін күту үшін бағдаршамға тоқтайды. Сонда такси автобусқа менсінбей қарап:

– Əй, «тасбақа», қайда бара жатырсың? Сен осы бір аялдаманы бір сағатта жүріп өтеді дейді ғой, сол рас па? – деп мырс-мырс күліпті.

Бұл орынсыз əзілге көңіл бөлгісі келмеген автобус:

– Жоқ, əрине. Бірақ қаңбақ секілді «қонарымды сай біліп, ұшарымды жел біліп», қаңғалақтап қала кезбеймін. Барар жерім анық. Жылдамдықты көбейтпейтін себебім — ішімде балалар мен қарт кісілер бар.

– Адамдарды себеп қылмай, өзіңнің осал тұсыңды мойындасаңшы. Мысалы, мына мені қарашы! Атымды атап шақырса болғаны, сол мезетте қызметке дайын боламын. Күндіз-түні автотұраққа тығылмай, адал еңбек етемін. Қалаған жерге жылдам жеткізіп отырамын. Бірақ, сен жылдамдық туралы не білесің? – деп жеңіл көлік автобусты келемеждеуін тоқтатпады. Сонда автобус:

– Иə, мойындаймын, сен жылдамсың. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны секілді əр нəрсенің жақсы, жаман жақтары бар емес пе? Сен жылдамдатып бір сағатта он адамды жұмысына жеткізсең, мен бір сағатта жүз адамды тасимын. Соған қарағанда еңбек жылдамдықпен өлшенбейтін сияқты, ə?!

– Өй, қойшы сен де, сенің ішің отыруға ыңғайсыз, менікіндей жайлылық та жоқ. Жүз адамды жайбарақат тасығанша, он адамға ыңғайлылық пен жылдамдық сыйлаған міне, менікі — нағыз еңбек! – деп əйнектеріне су шашып, онысын жарқырата бір сүртіп қойды.

– Жайлылығың дұрыс шығар. Дегенмен мүлде қажет болмасам, мына адамдардың бəрі сенің ғана қызметіңе жүгініп, мен қызметсіз қалар ем ғой.

– Жарайды «тасбақа», өзің көрерсің. Менің соңымнан ілесем деп шаңыма тұншығып қалма, — деп алдыға қарай созылыңқырап, адамдардың жолдан тез өткенін тілеп, жүруге асықты такси. Ал автобус өзінің көңілді, сабырлы қалпын жоғалтпады. Адамдар өтіп, бағдаршамның жасыл түсі жанғанда ғана автобус ақырын орнынан жылжыды. Ал такси бар жылдамдығымен алып-ұшпақ болып еді, жиырма-отыз метр жүріп барып, артқы жағынан көк түтін шығып, өшіп қалды. Автобус асықпай барып жанына тоқтады.

– Не болды, «қаңбақ», желге қарсы қатты жүріп қойдың ба? Көк түтінің шығып, түтігіп кетіпсің ғой. Жарайды, мен сені сүйреп, көлік жөндеу орталығына апарып тастайын.

Автобус жеңіл көлікті соңынан ілбіп отыратындай етіп жалғап алды. Ал такси болса, сонша мақтанған жылдамдығының өзін жолда қалдырғанын ойлап, ашуланып келеді. Десе де дəл қазір автобустың соңынан еріп отырудан басқа оның амалы жоқ. Ол автобусты мазақ қылғанына өкініп қалды. Көңілді автобус таксиді көлік жөндеу орталығына жеткізіп тастап, өз əдетімен кете берді. Ол өзінің еңбегінің адалдығына ешқашан күмəн келтірген емес.