Жаңа заң жік салып жүрмесін…
Қоғам белсенділерінің пікірінше, жаңа заңнама тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес деп аталатын жүйеге қатысушылар шеңберін кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар баланы отбасынан бөлу, яғни тартып алу процедурасын айтарлықтай жеңілдетеді. Мысалы, баласын ұрған ата-аналарға 3 миллион теңге айыппұл немесе 2 жылға дейін оқшаулау жазасы қолданылуы мүмкін.
Заңгерлер Анатолий Ким, Бейбіт Омаров, құқық қорғаушы Алия Абдинова, адвокат Елена Игнатенко, қоғам белсендісі Гүлмира Сембиева бастаған топ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Премьер-министр А. Маминге, Сенат төрағасы М. Әшімбаевқа, Мәжіліс төрағасы Н. Нығматулинге және депутаттарға үндеу жолдап, өздерін «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қатты алаңдатып отырғанын мәлімдеді.
«Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы және онымен байланысты отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және баланың құқықтарын қорғау туралы заңдар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды ғана емес, ата-аналарды балаларын тәрбиелеу құқығынан негізсіз айыру мақсатын көздейді, бұл отбасы институтын бұзуға, балалар мен ата-аналар арасындағы қақтығыстарды өрбітуге, Батыс моделі бойынша ювеналды сот төрелігі жүйесін енгізуге бағытталған» делінген үндеуге 20 мыңға жуық қазақстандық қол қойып, Мемлекет басшысына жолдады. Осыған ұқсас электронды петиция 19 мыңнан астам дауыс алды.
Әке мен баланың арасына кім түседі?
Тәркілеу деген сөз бар, әдетте затты, мүлікті тәркілейтін. Масқара болғанда бұл сөз енді балаға қатысты да қолданылуы мүмкін. Жаңа заң жобасы мақұлданып кетсе, әрине… Сонда бала да зат сияқты болғаны ма? Қоғам белсенділері егер осы заңнамалық өзгерістер «сол күйінде» қабылданатын болса, онда көп ұзамай қазақстандықтар ювеналды машинаның құрбанына айналуы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Олардың мәлімдеуінше, өткен жылы Францияда 300 мың бала отбасынан «тәркіленген», 2008 жылдан бастап АҚШ-та 5 миллион бала отбасыларынан шығарылған, яғни ата-ана мен бала арасындағы баланың еркелігі мен ата-ананың баласына ұрысуы, тыйым салуы сияқты қарапайым қатынастардың арты дау-дамайға ұласып, құқық органдары 5 млн. бала үйінен күштеп алынып, арнайы ұйымдарға жіберілген көрінеді.
Баяғыдағы «әкеңе айтам» деген жалғыз ауыз сөздің құдіретін аңыз қылып жүргеніміз жай әншейін болып қалады, ендігі жерде өз балаңа билігің де, тәртібің де жүрмей қалайын деп тұр. «Ұят болады», «үлкенді сыйла» деген бүкіл қазақы тәрбие құрдымға кетеді десек те болар. Қоғам белсенділері де Президентке жазған үндеуде осыны айтып отыр. Олардың айтуынша, бұл ата-аналардың балаларын тәрбиелеудегі табиғи конституциялық құқығын бұзу және «Бала құқықтары туралы» заңға енгізілген балаларды кемсітуге толық тыйым салумен бірге, ата-аналардың отбасындағы беделін түсіретіні сөзсіз. Балаларды сылтауратып, отбасыларды қатаң бақылау азаматтардың жеке және отбасылық құпияларға қол сұғылмаушылық деген конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеліп соқтырады және олардың әрекеттері баланың мүддесіне сай келетіндігін барлық бақылау органдарына үнемі дәлелдеп отыруға мәжбүр болатын ата-аналардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға әкеледі.
Бұл заң неге керек болды?
Қоғам белсенділері егер полиция, қорғаншылық органдары, білім беру ұйымдары функционалдық міндеттерін тиісті деңгейде атқарса, қолданыстағы заңнамалар барлық деңгейлерде қатаң орындалса, онда жаңа заң қабылдау тіпті қажет те болмай қалатынын алға тартады. Заңгер Бейбіт Омаровтың БАҚ-та мәлімдеуінше, қолданыстағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң қабылданғаннан кейін ол физикалық, жыныстық, психологиялық және экономикалық 4 түрге бөліне бастады. Физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықтың не екені түсінікті дейік, ал «психологиялық зорлық-зомбылық» және «экономикалық зорлық-зомбылық» ұғымдарының анықтамалары заңгерлер үшін көптеген сұрақтар тудырады. Жаңа заң жобасында оның авторлары: «Психологиялық зорлық-зомбылық – бұл қасақана психикалық азап шектіру, қорлау, шантаж жасау, адамның ерік білдіруін шектеу және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын басқа әрекеттер мен оларды қолданамын деп қорқыту». «Экономикалық зорлық-зомбылық дегеніміз – тамақтануға, тұрғын үйге немесе адамның дамуы үшін қажетті басқа жағдайларға, меншікке, жұмыс істеуге, білім алуға, бірлесіп меншікті пайдалануға, сондай-ақ тиісті үлеске билік ету құқығын жүзеге асырудағы шектеулерге алып келген қасақана әрекет» деп береді.
– Бұлыңғыр анықтамадан не түсіндіңіз? Айталық, ата-ана баласына: «Егер сен үй тапсырмасын орындамасаң, серуенге шықпайсың!» десе, бұл «шантаж, психикаға қасақана әсер ету, ерік білдіруді шектеу және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын басқа әрекеттер» болып шыға келмей ме? Немесе балаңыз жаңа компьютерлік ойын сатып алғысы келеді, сіз оған рұқсат етпейсіз, ол осыдан психикалық азап шегеді. Немесе көпбалалы отбасы екі бөлмелі пәтерде тұрады, бұл жерде ата-аналар әр балаға бөлме бермей, тиісінше жағдай жасамай, балаларының баспана құқығын бұзған болып шығады, – дейді заңгер Бейбіт Омаров.
«Ата-ананың бірлескен қамқорлығы» деген не?
Қоғам белсенділерінің пікірінше, жаңа заңнама тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес деп аталатын жүйеге қатысушылар шеңберін кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар баланы отбасынан бөлу, яғни тартып алу процедурасын айтарлықтай жеңілдетеді. Мысалы, баласын ұрған ата-аналарға 3 миллион теңге айыппұл немесе 2 жылға дейін оқшаулау жазасы қолданылуы мүмкін.
– Біздің бастамамыз бойынша заң жобасының 36-бабының өте қауіпті ережесі алынып тасталды. Біз бұл нормаларды балаларды алып қою мәселесінде адамдардың негіздерін, тәртібі мен өкілеттіктерін нақты реттейтін қолданыстағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне қайшы келетіндігін алға тарттық. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұны жергілікті атқарушы органның актісі негізінде қорғаншылық және қамқоршылық орган ғана жасай алады. 7 күн ішінде бұл орган ата-ана құқығын шектеу немесе айыру туралы талап арызбен сотқа жүгінуі керек. Сонымен қатар, біз ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеуге табиғи құқығының ерікті түрде бұзылуын болдырмау үшін осы нормаларды дәл нақтылау қажет деп санаймыз. Ата-аналардың «бірлескен қамқорлығы» термині біздің заңнамамызға сәйкес келмейді, оған сәйкес ата-аналар қамқоршы емес, баласының заңды өкілі болып табылады, – дейді заңгер Елена Игнатенко.
Оның айтуынша, ата-анасының бірлескен қамқорлығы Германия Азаматтық кодексінде қарастырылған, бұл қарызға алынған заң жобасының идеясын қарастыруға негіз береді. «Бірлескен қорғаншылықты тоқтату» ұғымы бөтен болғандықтан, оны Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінде көзделген баланы шектеу, ата-ана құқығынан айыру немесе алып тастау жөніндегі сот процедураларының ешқайсысымен сәйкестендіру мүмкін емес. Тиісінше, заң шығарушылар ойластырған мұндай «бірлескен қамқорлықты тоқтату» сот актінсіз және ата-аналардың әрқайсысының кінәсіне қарамастан мәжбүрлі түрде жасалуы мүмкін.
Көрші елде де шу шыққан
Қоғам белсенділері Президентке жазған үндеуде келтірген деректерге сүйенсек, 2012 жылы заң профессорлары, сот психологтары және Швеция, Норвегия, Финляндияның бұрынғы судьялары есеп дайындап, қолайсыз отбасылардан шығарылған балалардың зорлық-зомбылыққа, психологиялық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын келтіріп, оның авторлары Швеция билігінен қолданыстағы заңнаманы қайта қарауды талап етті. Ресейдегі заң жобасы да қоғам тарапынан қарсылыққа ұшырап, Мемлекеттік Думаның талқылауынан шығарылды.
– Жаңа жобада егер ата-аналар балаларына мектепте не жастардың денсаулығын қорғау орталықтары қабырғасында жыныстық тәрбие туралы ақпарат алуға келіспесе, балаға тиесілі екпелерден бас тартса, ендігі жерде бұл баланың құқықтарын кемсіту болып саналады. Сондай ақ олар «Баланың құқықтары туралы» заңға ата-анасының пікірінен гөрі баланың пікірінің басымдылығын белгілейтін «баланың құқықтарын басқа негіздер бойынша шектеу» ұғымын енгізгісі келеді, – дейді Г.Сембиева БАҚ-қа берген сұхбатында. Қоғам белсендісінің айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасы полицияның өкілеттіктерін кеңейтіп, кез келген бөгде адамның отбасылық ісіне араласуына мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге ювеналды полиция, мектеп, қамқоршылық органдарымен «бірлесіп» жұмыс жасайтын бөлек орган – отбасы істері жөніндегі уәкілдік құруды қарастырады. «Менің ойымша, бұл сыбайлас жемқорлық пен құзыреттілікті асыра пайдалану үшін кең өріс жасайды».
Денсаулық жайын да ескеру керек
1997 жылы Америка Құрама Штаттарында психотроптық заттардың көмегімен психокоррекция енгізілгені белгілі. Президентке үндеу жазған қоғам белсенділерінің мәлімдеуінше, заң жобасындағы жалғыз жаңалық – мұнда денсаулық сақтау жүйесіне кірмейтін кейбір ұйымдарда дәрі-дәрмектерді және басқа терапияны қолдана отырып, кінәлі отбасы мүшесіне психокоррекциялық бағдарламалар жүргізу міндеттемесін жүктеу туралы айтылған. Мұндай норма фармацевтикалық компаниялардың мүдделерін қолдау арқылы адамның денсаулығын қорғау құқықтарын өрескел бұзады.
Қоғам белсендісі Г. Сембиеваның айтуынша, шетелде ата-анасынан тартып алынған бала жылап, көнбей, ашу шақырса, патронат отбасы психологты немесе психиатрды шақырады. Маман келеді, диагноз қояды (әдетте посттравматикалық синдром) және психотропты препараттар тағайындайды. Бұл жерде патронаттық отбасында материалдық қызығушылық бар, өйткені олар сау бала үшін 4 мың АҚШ долларын алады, ал егер баланың психикалық диагнозы болса, сол үшін оларға 6 мың доллар төленеді екен. Тап осы кеп бізге келсе не болмақ?
Іштен іріген Батыс бізге үлгі ме?
Белсенділердің пікірінше, отбасылық істерге қатысты заңнамаға енгізілетін өзгерістер ата-аналардың балаларын тәрбиелеудегі табиғи құқығын бұзады. Мұндай араласудың салдары балаларды ата-анасынан алыстатуға, балалардың үлкендерге наразылық білдіруіне, мінез-құлқына, неке санының азаюына, қоғамның моральдық деградациясына және соның салдарынан отбасы институтының бұзылуына әкеледі. «Егер «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң және оған ілеспе заң жобалары қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің сайтында орналастырылған нұсқада қабылданатын болса, онда бізге көп ұзамай ювеналды әділеттің батыстық моделі барлық жағымсыз салдарымен келеді» деп есептейді азаматтық белсенділер.
Жан ауыртар шындықты сенатор айтқан
Қоғам белсенділері келтірген мысалға сәйкес, АҚШ-та, ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын орташа есеппен 250-300 мың бала «тәркіленеді»; соңғы 18 жылда 5 миллионға жуық бала тәркіленген екен. Қоғам белсенділері Джорджия штатының сенаторы Нэнси Шеффердің «Балаларды қорғау қызметтерінің сыбайлас жемқорлық бизнесі» баяндамасынан деректер мысалға алады. Онда сенатор «АҚШ-тағы балаларды қорғау жүйесі бүлінген және түзетілмейтін, отбасыларды жоюға құрылған империя. Балалар үшін бұл жүйе – гестапо. Бұл жүйенің ата-аналары қателік жасау құқығынан айырылады. Әлеуметтік қызметкерлер дәлелдемелерді бұрмалайды, өйткені олар үшін балаларды тартып алу тиімді және оларға жүйе күдікпен қарамайды. Бұл жүйеде балалардың отбасына қайта оралуы ешкімге маңызды емес. Әке әдетте қылмыстық құрам ретінде қарастырылады. Патронаттық отбасыларда балалар қоғамдық орындардағыдан 6 есе жиі қайтыс болады; балаларды отбасылардан шығарудың 70 пайызына дейін заңсыз» деп айыптаған екен. Сонымен бірге Германияда 2010 жылдан кейін Германия Федеративтік Республикасының соттарындағы балаларды қорғау жүйесінің заңсыздығы мен озбырлығы туралы том-том кітаптар жазылған, мұнда 2017 жылы – 61400, 2018 жылы 52590 бала «тәркіленген» мысалдарын келтірген.
Ювеналды сот төрелігінің «асханасын» егжей-тегжейлі білетін неміс психологы Р. Морицтің: «ФРГ-да «балаларды ұрлайтын мафия» бар. Кез келген ақшаға құмар және қабілетсіз психолог сотқа балаға пайда немесе қауіптілік туралы өзіндік анықтама бере алады, ал ювеналды сот 100 пайыз жағдайда сарапшылардың қорытындыларына негізделген, психикалық жағынан сау балалар психиатриялық мекемелерге ешқандай себепсіз қамалады және оларға психологиялық-психиатриялық бақылау тағайындалады» деп мәлімдегенін негізге ала отырып, қоғам белсенділері адамдардың денсаулығы және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі туралы 07.07.2020 жылғы кодексін салыстыра келіп, 10 жастан бастап балалардың психикалық және репродуктивті денсаулық саласында құпия қызметтерді алу құқығының алаңдаушылық туғызатынын айтады.
P.S. Азаматтық қоғам өкілдері аталмыш заң жобасын парламенттік талқылаудан алып тастауды сұрап отыр. Олардың айтуынша, отбасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері әзірленгеннен кейін экономикалық негіздеме жасалып, тиісті сараптамалар, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексерулер жүргізіліп, Конституциялық Кеңестің қорытындысы алынуы шарт, осыдан кейін ғана олар Парламенттің қарауына жіберілсе дұрыс болады. «Біздің ұстанымымыз – шын мәнінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мүлде болмауы керек, дегенмен біз осындай ақылға қонымсыз сылтаумен өздерінің ішкі мәселелерін жауапкершілікпен және өз бетінше шешетін қарапайым отбасыларға заңның араласуына қарсымыз. Біз мораль мен этиканы, отбасылық негіздер мен дәстүрлерді бұзуға, әлсіретуге бағытталған «еуропалық стандарттарды» санасыз көшіруге жол бермейміз» дейді қоғам белсенділері.
Жадыра Шамұратова,
https://www.astana-akshamy.kz/
«