«Мен жастарға: Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер дер едім». Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов осылай айтқан еді. Таудай талапқа біліммен ұмтылып қанаттары талмай талпынып жүрген жастардың бірі – Аида Зейнуллина. Кіндік қаны Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында 1999 жылдың ақпан айында тамған. Ата-анасының тұңғыш қызы. Шаһардағы №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының табалдырығын аттаған кейіпкеріміз осы жерде алтыншы сыныпқа дейін білім алған. Одан әрі оқуын Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жалғастырады. Аталмыш білім ордасынан 12-сыныпты сәтті тәмәмдаған.
Бойынан қазақ қызына тән ибалылықтың «буы» бұрқырап тұрған айдай сұлу Аиданың кішіпейілділігі – тәрбиелі ортаның қызы екендігін айқындап тұр. Оның әкесі – Асылханның:
«Өзен ұзақ ағады,
Бұлағы болса басында,
Іздеген бақыт табады,
Жалықпаса жасында», – деп айтқан әкелік ақыл сөзі Аиданың өмірлік ұраны десек те болады. Өйткені, кейіпкерімізді осы сөз қайраттандырып, жігерлендіреді екен. Бір сөзбен айтқанда, зердесіне мықтап түйіп алған. Бала кезінен білімге құштар жас қазіргі таңда Венгрия елінің Дебрецен қаласында оқып жүр. «Білімсіз істің реті болмайтындығын» дәлелдеп жүр. Анығын айтсақ, тамыры терең, әрі венгриялық жетекші жоғары оқу орындарының бірегейі – Дебрецен университеті медициналық факультетінің бірінші курс студенті. Аталмыш оқу орда шамамен 32 мың студентті қабылдайды екен. Солардың қатарында озық ойлы қазақ жастарының болуы әрине біз үшін мақтаныш.
Адам амандығының дәнекері – дәрігер мамандығы қоғамға қажет-ақ әмәнда.
– Адам жанын аурудан арашалап, егеменді елімнің одан әрі өркендеуіне еселі еңбек ету – менің басты арманым. Әрине, ол үшін ең әуелі білімімді терең жетілдіріп, дамытып және күндіз-түні жұмыстанғаным жөн.
Өзімнің ана тілімнен басқа, орыс және ағылшын тілін жетік меңгердім. Қазіргі уақытта венгр тілін үйреніп жүрмін. Дебрецен қаласына алғаш рет келіп, бірінші курста оқудамын. Бұл жерде білім жүйесі өзгеше. «Оқимын, білім аламын» деген жандарға барлық жағдай жасалған. Аталмыш университеттен білім алып, басқа да шет елдерден тәжірибе жинақтағаннан соң, елімізге келіп, медицина саласында жұмыс жасағым келеді, – дейді Аида Асылханқызы. Рас. Бұл заман білекке емес, білімге жүгінетін заман.
Жастардың білімі мен біліктілікке талпынып іс қылуын, жалқауланбай, ерінбей еңбектенуін жаңа заманның талап етіп отырғандығы заңды. Жас толқын демекші, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы да – олардың өзін-өзі дамытуына беріліп отырған зор мүмкіндік екендігі хақ. Осы орайда дарынды жас Аида: – Елбасының Жастар жылы деп жариялауы – біз үшін қуанарлық, әрі құптарлық жәйт. Шүкір, елімізде Мемлекет тарапынан біздерге әркез айрықша назар аударылып келеді. Енді осы мүмкіндікті мағыналы пайдалануымыз керек. Ол үшін жастар уақыттарын үнемдеп, тек босқа құр әңгімемен өткізбей, нақты жоспар құрып, соған сәйкесінше өмір сүрсе екен, – деген кейіпкеріміз замандастарына сәттілік тіледі.
Жалпы, дүниедегі барша тіршілік иелерінен адамды айырып тұратын төрт қасиет бар екен. Олар – білімділік, ұстамдылық, ақыл, әділдік. Осы төрт қасиет жас ұрапақтың өн бойында болса, олар алмайтын асу жоқ болар-ау, сірә!
Самал ЖАМЕТ,
Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы