Елбасымыз Н. Назарбаев 2022 жылға дейін студенттер жатақханасы тапшылығын жоюды тапсырған болатын.
«Бүгінде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өте өзекті мәселе. Мұны шешу үшін колледждер мен жоғары оқу орындары мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында девелоперлік компаниялармен жатақхана салу жұмысын жолға қоюы керек. Мемлекет өз тарапынан білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестицияның бір бөлігін біртіндеп өтеуге кепілдік береді. Осы орайда 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 25 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдары өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола жоятын болады», — деді Назарбаев.
Осы мақсатта еліміздің әр аймағында студенттерді жатақханамен қамтуға бағытталған іс-шаралар жоспары құрылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Солардың бірі, Атырау қаласындағы Д. Нұрпейісова атындағы музыкалық колледж студенттеріне арналған 100 орындық жатақxананың құрылысы басталды. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2018 жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, енді елімізде студенттер толықтай жатақханамен қамтылатын болады. Орын беру барысында шәкірттердің тегін немесе ақылы түрде білім алатыны маңызды емес. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова айтты, деп хабарлайды 24.kz.
Оның айтуынша, жатақхана ғимараттарын салу үшін бүкіл республика бойынша 134 жер телімі бөлінді. Қазір Парламентте нысанды салуға қажетті заң жобалары қарастырылып жатыр. Құжат қабылданғаннан кейін тамыз-қыркүйек айларында құрылыс басталады. Келер оқу жылында кем дегенде 5 мың орынды қолданысқа беру жоспарда бар. Бұл мақсатқа бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінеді. Айта кетейік, бүгінгі таңда 100 мыңнан астам студент жатақханадағы орынға мұқтаж.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
— Біз жоғары оқу орындарының өкілдері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қанша жатақхана қажет екендігін анықтадық. Қазір Алматыда 23 мың орын, Астанада 17 мың, ал Оңтүстік Қазақстан облысында 11 мың орын тапшы. Мәселені шешу үшін аймақ әкімдігі тегін жер телімдерін бөлді. Оқу ордалары жатақхана салуға банктен займ алады. 8 жыл ішінде мемлекет барлық инвестициялық шығындарды қайтарады.