РОМАНТИКАЛЫҚ БАС КИІМ
Жыл сайын танымал дизайнерлер береттің сан түрлі үлгісін ұсынады. Әсіресе, жазы қоңыр салқын Еуропа елдерінің сұлулары бас киімнің бұл түрін жыл он екі ай ауыстырып киюге дайын. Дизайнерлердің айтуынша, берет кез келген жастағы қыз-келіншектерге жарасымды. Тек оны таңдап киерде қателіктерге ұрынбаған жөн. Осыған байланысты стилист мамандар мынадай кеңес береді.
- Берет – романтикалық бас киім. Сондықтан оны джинсымен, былғары күртешемен және өкшесіз етікпен киген дұрыс емес. Керісінше, бойыңыздағы нәзіктікті суреттейтін биік өкшелі етік, юбка және польтомен жарасымды.
- Аты аңызға айналған Бонни-Клайд гангстерлік жұбындағы Боннидің стилін атағанда, жүн матадан тігілген классикалық береттің бірден еске түсетіні рас. Стилистер көбіне осындай береттерді таңдауға кеңес береді. Ол қыз-келіншектердің бет пішінін тіпті сұлуландырып жібереді.
- Көлемді тоқылған береттерді маңдайға түсірмей, керісінше, желке тұсқа қарай қисайтып қойған жарасымды.
- Шашты бас киімнің астына жинап тастаудың қажеті жоқ. Қайта шашыңызды жайып жіберіп немесе майдайға кекіл қалдырып киген дұрыс.
- Бүгінде total color стилі сәнде болғанымен, аксессуарды міндетті түрде береттің түсіне сай таңдау шарт емес. Дегенмен, оның реңі аксессуарға, үстіңіздегі киімге немесе аяқ киімге сай келгені жөн.
- Құрбы-құрдастарыңыз бас қосқан жиын-кештерде сәнді көйлекке жарастырып берет киген «қатып» кетеді. Тек мұндайда оның жұқа иірілген жіптен тоқылғаны немесе әдемі ою-өрнектермен кестеленгені дұрыс.
Беретті басынан тастамай киетін жұлдыздар да аз емес. Ажарына сән беретін бас киімді «еншілегендердің» қатарында Голливуд атақтылары Бейонсе, Дженифер Лопес, Фержи, Шарлиз Терон, Рианну, Джессику Альба, т.б. бар.
Тарихқа көз жіберсек, алғаш рет бас киімнің бұл түрін орта ғасырда шіркеу қызметкерлері киіпті. Кейіннен XVI ғасырда Италияда ақсүйектер қауымына көшкен. Одан соң, испандықтарға ауысқан. Ал XV ғасырдың аяғында немістер мен француздар әйелдер мен ерлерге ортақ асыл тастармен әшекейленген, қымбат матадан тігілген береттің өзгеше сәнді формаларын енгізе бастайды. Романтизм дәуірінде бас киімнің бұл түрі ортақ «модаға» айналады. Содан да болар, дизайнерлер ең алдымен беретті «романтикалық бас киім» деп атайды.
Суреттер: http://blog.brandcod.com.ua