Үнемшілдік

london-1024x768

Қазақтың ұлы Англиядан оқудан келеді.

Әкесі әр нәрсені сұрап болмайды. Шет елдерде қалай өмір сүретіні қызықты ғой.
– Балам, ағылшындар қалай өмір сүреді, қандай ерекшеліктері бар?

– Әке, олар мүлде басқаша тіршілік етеді. Мәселен, мен егде тартқан ағылшын отбасында тұрдым. Олардың бізден ең ерекше болып көрінген жағы – үнемшілдік. Олар өмірдің барлық қызығынан бас тартпайды, бірақ ақшаларын да беталды шаша бермейді.

– Мысалы?

– Мысалы, олар екі бөлмелі пәтерде тұрады. Оның бір бөлмесін мен сияқты студенттерге жалға береді. Сондай-ақ, миссис Флеминг маған таңғы ас пен кешкі ас дайындайды. Ол үшін мен ол кісіге аздап ақша төлеймін. Жазда Лондоннан кеткенде өз бөлмелерін де жалға беріп кетеді.

Ал енді қараңыз, әке, сіздер анам екеуіңіз тұратын үйге қарашы! Үш қабат, бильярд залы, 70 ш.ш. қонақ бөлме, бірнеше жатын бөлме. Не үшін қажет? Балалар жан–жаққа кеткен, өздеріңіз ғана тұрасыздар, қонақтың өзі жылына көп дегенде бес рет келетін шығар. Басқа уақытта бөлмелердің көпшілігі бос тұрады, анам ғана шаңын сүртуге кіреді, болды. Ал мұның бәрі шығын ғой, бөлмелерді жылыту керек, тазалап тұру керек, салығын төлеу керек. Осының бәрі неге керек, түсіндіресіз бе?

– Қалай десем екен, балам, қазақта кішкентай қуықтай үйде тұра алмайды.

– Өзім де солай ойлап едім. Өз автопаркіңе қарашы, Сізде үлкен джип, жұмысқа дейін қала ішімен оң минуттық жер. Үлкен жол талғамайтын көліктің не керегі бар? Тау-тасты қиялап жүрмейсіз ғой. Үйде анамда тағы бір көлік бар, сонша көлік не керек?

Мистер Флеминг пен әйелінде кішкентай машиналары бар, онымен Лондон ішінде жүру ыңғайлы, тұраққа қойғанға да ыңғайлы, сосын велосипедтері бар, жастары 70-тен асса да көбінесе сол велосипедпен жүреді, елестетіп көріңізші! Мистер Флемингке біздің осы көліктеріміз жайлы айтсам, таң қалады, бір адамды тасу үшін 15 литр жанармай жағып, қаншама ауаны ластап не қажеті бар дейді. Қаншама ақша желге ұшып жатыр.

– Өзімді «мини» мен «гольфте» елестетіп отырмын, ха-ха-ха!!! Достарым табалап күлмей ма!

– Міне, біздің ерекшелігіміз осында. Ағылшындарда құрметке лайық дүние біз үшін ұят саналады.

Ары қарай кетейік. Ағылшындар киімді де аз сатып салады екен. Аз болғанда қалай енді? Бізбен салыстырғанда аз. Мысалы, ең алғаш рет Лондонға келгенде «Харродстың» жарты киімін сатып алып едің ғой, шетінен ала бердің. Сосын не болды? Оның көпшілігін сол күйі киген де жоқсың, кейбірін 1-2 рет кидің, ал қазір 3 костюм, 2 джинсы, 3 футболкамен ғана жүрсің, ал ана керемет италиялық қымбат киімдерді Қызылорда мен Қазалыдағы туыстар бақша қазуға киіп жүр. Сен қоқысқа тастаймын деген соң сол жаққа жіберген. Міне, солай өмір сүріп жатырмыз.

Ал қарапайым ағылшындар төмендетілген бағамен алған киімін, тозғанша киіп, сосын интернет арқылы бірнеше фунтқа болса да сатып жібереді. Олар әрбір пенсты санайды.

– Ия. Ондай бар енді. Жаңадан алған кейбір киімдерді мүлде кимеймін.

– Заттарды қойшы. Ал тамақ ше?!

Біз тамақты қалай дайындаймыз? Күніне үш рет тыңқия тойып тамақ ішеміз. Ақырғы рет тамақ ішкендей болып. Желінбей қалғанын қоқысқа тастаймыз. Өйткені, ертең столдан жаңадан жасалған тамақ көргіміз келеді. Осылай күн сайын қайталанады. Біздің қалдық тамақтармен Африкада бірнеше отбасын тойдыруға болар еді.

Ағылшындар қалай жасайды тамақты? Мәселен, Флемингтер. Қанша жей алады, сонша ғана. 2 тәрелке. Тәбеті тартпай, жей алмаса, ертең жеп тауысады.

– Іш пыстырады ғой. Көңілің толмайды екен.

– Айтпақшы, көңіл жайлы. Қонақжайлылықты айтам. Бұл жерде енді бізге жетер ешкім жоқ. Біз қонақты шақырғанда өкіртеміз ғой. Кішкентай қонаққа 30-50 адам, үйлену тойы болса, 300-500. Столды да артығымен жасаймыз. Мүмкін біреу досын немесе ағасын, балалары мен немерелерін ертіп келуі мүмкін деп. Осы туралы ағылшындарға айтсам, шалқасынан түседі олар. Біреудің тойына таныс емес, шақырмаған адамды қалай ертіп барады деп. Олардың ақылына сыймайтын нәрсе бұл. Олар тізім бойынша аздап қана шақырады. Тамақты да сонша адамға ғана даярлайды. 20-30 адамға деген ұғым жоқ. Олар мысалы 23 адам деді ма, сол 23 адамға ғана даярлайды.

Сосын. Біздегі стол қалай? Дастархан иіліп тұрады, ине шаншар жер жоқ. Оның үстіне 3-4 рет ыстық тамақ әкеледі. Той біткенде орнымыздан тұра алмай қаламыз.

Оларда қалай? Бір салат, бір ыстық тамақ, сосын шәй. Көбінесе жай тіске басар мен сусындар ғана болады. Болды. Оларда қонаққа тамаққа сылқиып тойып алу үшін емес, әңгімелесіп, сырласу үшін келеді.

– Бізде кім бөгет жасап жатыр әңгімеге?

– Бөгет жасамайды, артық тамақ жеп керегі не?

– Білмеймін. Бізде солай қалыптасқан.

– Лондонға қыста барғанда не байқадым, айтайын ба?

– Не?

– Олар үйде жылы киініп жүреді.

– Е, неге?..

– Олар үйлерін монша сияқты етіп ысытпайды. Отынды үнемдейді. Салқын үйде жылы киініп жүре берген дұрыс деп санайды.

Біз ше? Қыста да, жазда да үйде ішкиіммен ғана жүріп үйренгенбіз. Үйді +25 °С қылғанша өртейміз отынды. Астанаға Серікке барғанда жылу батареясын көрпемен жауып қойғанын көріп едік қой, есіңізде ме? Терезесін ашып қойды, онымен қоймай. Осыны Флеминг мырзаға айтып едім, ол кісінің көзі атыздай болды. Осылай жасауға жол бере алсаңыздар, өте бай шығарсыздар дейді.

Ал жарықтандыру ше?

Бізде әр бөлмеде 5 шамы бар үлкен люстралар тұр. Ал ағылшындарда ондай люстралар атымен жоқ. Оларда айна алдында, төсек жанында, бұрыштарда кішкентай шамдар болады. Керек жерде жаға саласыз. Олар бөлмелерді жарықтандыруға көп энергия жұмсамайды. Подъездерде қозғалыс датчиктері орнатылған. Адам өтсе ғана жанады. Басқа кезде электр энергиясын үнемдеп өшіп қалады. Бізде ше? Подъезде жарық түнімен, ұмытып кеткенде күнімен жанып тұрғаны.

Ванна мен әжетхана жайлы бөлек әңгіме. Үнемшіл ағылшын тісін тазалап жатқанда міндетті түрде суды жауып қояды. Суды босқа ағыза бергеннен не пайда? Біз деген жуынар алдында суды ашамыз да, жуынып болғанша сарылдатамыз ғой.

Тіпті, мынадай ұсақ түйек. Кіші дәретке барса, су ағызар ыдыстан кіші түймесін басып, жарты суды ғана ағызады. Ал бізде ондай түйме деген нәрсе жоқ қой. Оны да сарылдатып ағыза береміз.

– Мен ол жарық пен суды ұрлап отырған жоқпын ғой, коммуналдық төлемдерді төлеп отырмын. Кәрізге аққан судың барлығына еңбегіммен тапқан ақшамнан төлеп отырмын.

– Көңілге келетіні де сол ғой. Жарықты беталды жағып, суды есепсіз ағыза береміз, терезе арқылы даланы жылытамыз, тамақты қоқысқа тастаймыз, өз-өзімізді тонап отырмыз ғой!! Адал еңбекпен тапқан ақшамызды желге ұшырып отырмыз! Ел бойынша есептесек, тонналаған мұнай, центнерлеген бидай, қаншама үйлер! Біздің халық жалқаулығынан өз байлығының бір бөлігін қоқысқа лақтырып жатыр.

– Уақытында өшірілген су мен жарықтан байып кетеміз бе, балам?

– Осындай ұсақ-түйектен елдің экономикасы түзіледі, әке-ау!!! Әр тамшы, әр киловатт көбейе келе үлкен пайда әкеледі ғой. Біз үшін ұсақтық болған дүние ағылшындарда өмір сүру қағидасына айналған. Олар үшін бұл норма.

– Бірақ әр тиынды санап өмір сүре алмаймын-ау.

– Жарайды. Онда өзіміз үйренгендей аяқты кеңге салып өмір сүре берейік. Бірақ ағылшындардан кедейміз деп жыламайық. Оларда өмір сүру деңгейі жоғары, бізде төмен екеніне таңданбайық. Оларда тұрмыс жағдайы оңтайлы, бізде ондай емес екеніне күңкілдемейік. Біздің зейнеткер ата-апаларымыз бақшада топырақ қопарып жүргенде, олардың әлемді аралап саяхаттап жүрген зейнеткерлеріне қызғана қарауды қояйық. Бәрі өзара байланысты ғой. Бай болғымыз келсе, үнемшіл болайық.

– Ой, қойшы…

Ал сіздер бұл жайлы не айтасыздар, құрметті оқырмандар?

         (Авторы белгісіз)

Аударған Тоғжан Қаһарбек

Сурет: ғаламтордан алынды

Пікір жазу