Басты бет » Руханият » Жас күйші

Жас күйші

Желтоқсан айында қазақ өнерін дәріптеген «МЕН ҚАЗАҚПЫН» мега-жобасы аяқталған еді. Алты айға созылған «Мен қазақпын» жас таланттарды елге танытты. Байқаудың басты мақсаты – қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу.

Сол аталған ұлттық өнер додасына қатысқан жас күйші Азамат Шынаров финалға жетіп, өз өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленген болатын. Жобада Азаматқа домбырашы-күйші, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Жарқын Шəкəрім тəлімгерлік етті. Азаматтың өнеріне тәнті болған қазылар алқасы жас өнерпазға жылы лебіздерін арнады.

Біз бүгін жас күйші Азамат Шынаровпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

 IMG_7675 2

– Азамат біз сені «Мен қазақпын» мега-жобасында жеткен зор жетістігіңмен құттықтаймыз. Көптеген өнер жүйріктерінің арасында топ жарып, финалға дейін жетуіңнің өзі сенің күйшілік шеберлігіңнің, дарыныңның айқын көрінісі екені анық. Аталған мега жоба туралы кеңірек әңгімелеп берсең…

Шілде айының 5-ші жұлдызында Алматы қаласынан бастау алған «Мен қазақпын» мега жобасы міне кеше ғана Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында өз мəресіне жетті. Осындай үлкен жоба болатынын естіп бірден қатысып, бағымды сынауға бел будым. Жобадағы тəлімгерім домбырашы-күйші, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Жарқын Шəкəрім ағам болды. Жарқын аға маған шынымен атамдай болды. Себебі өз білгенімен бөлісіп, жол сілтеп отырды. Ақылын айтып, қанаттандырды. Жалпы Жарқын ағамыздың қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ұшаң-теңіз. Оны барлық өнерге қатысы бар, өнер сүйер қауым жақсы біледі. Қазақтың үш ішекті домбырасына тіл бітірген жан.

Жалпы жобаға 3000 адам өтініш білдіріп, телевизиялық бағдарламаға 57 қатысушы іріктелді. Талай жүйріктердің басын қосқан бұл жоба өнер деп сусындап отырған қазақ елі үшін нағыз уақытында жол тартты. Небір мықтыларды елге танытты. Ұмыт бола бастаған дəстүрлі күйімізді, жыр-термелерімізді, əндерімізді кең көлемде насихаттады. Əр кезеңнің өз шарттары, өз талаптары болды. Сол талаптардан сүрінбей өтіп, финалдық бəсекеге де жетіп, гала-концертте өнер көрсетуге мүмкіндік алдық. Көрермендер де өз үлестерін қосты. Қолдау білдірген жерлестеріме, өнерді бағалайтын азаматтарға алғыс білдіремін.

IMG_7715

 

Туған жерің, өскен ортаң, өзің туралы әңгімелесең… Қай өңірдің тумасысың?
– 1992 жылы 10 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Тасмола аулында дүниеге келгенмін. 2002-2007 жылдары Орал қалалық №3 балалар саз мектебінде, 2008-2012 жылдары Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінде ҚР білім беру ісінің үздігі Құсмағамбетова Асылғаным Еселқызы сыныбында тəлім алдым. Батыс Қазақстан облыстық филармониясы жанындағы Дəулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы қызметін атқардым. 2009-2013 жылдары Орал қаласы əкімдігінің «Оралым» фольклорлық ансамблінің əртісі болдым. 2013-2017 жылдары Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын аға оқытушы, күйші Салтанат Құдайбергенова сыныбында тəлім алып, үздік тəмəмдап шықтым. Консерваторияның алғашқы курсынан бастап Н. Тілендиев атындағы Мемлекеттік, академиялық, фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестріне қабылданып, қызмет етіп келемін.

– Күй өнеріне деген қызығушылық қалай туды? Күйші боламын деген бала күнгі арманың ба еді?

– Домбырада ойнауды бала кезден ұнататынмын. Есімде 5 жасымда үйге қонақтар келген кезде төрде ілулі тұрған домбыраны алып, өз күйім деп қонақтардың көңілін аулайтынмын. Əрине, күйшілік өнер қанымда бар деп ойлаймын. Себебі нағашы атам өте жан-жақты, ортаға сыйлы ауыл аймақ түгел құрметтейтін ел ағасы болса керек. Бір бойына жеті өнер қонақтаған жан болса керек. Соның ішінде, өнерден кем емес болды. 1980 жылдары Мəскеуде өткен съезде атақты Кремльде Қазақ ССР атынан отбасылық ансамбль болып өнер көрсеткен. Қазір де атамның ұлдары, яғни нағашыларымның барлығы өнер жолында өз орнын алған тұлғалар. Осындай отбасыда дүниеге келген мен қалайша өнерден жырақ жүрем?

IMG_3690 (1)

– Жобадан не үйрендің? Қандай мүмкіндіктерге жол ашты?

– Жобада əрине төзімділікке үйрендім. Себебі осыншама ұзақ уақытқа созылған жобада төзімді болмай қиынға соғары анық. Қазағымның күйлерін орындап, халыққа жеткізуге үлкен мүмкіндік болды.

Шәкірт тәрбиелеу ісімен де айналысады екенсің. Алматыдағы «Аманат» өнер студиясында ұстаз ретінде жас өнерпаздарға күйшілік дәстүрін меңгертудесің. Сол жайында әңгімелеп берсең…

– «Сахнада жүрген орындаушыға ұстаздық ету қиынға соғады» деп жатады. Алайда орындаушылықпен ұстаздық өнерді қатар алып жүруді мақсат тұтамын. Себебі ұстаздарымыз бізді өнерге баулыған көпір болса, біздер де дəл солай кейінгі жастарға білген-тергенімізді үйрету керекпіз деп ойлаймын. Қазірде ұстаздық қызметімді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сəуле Жанпейісованың «Аманат» өнер студиясында ұштап жатырмын. Мейрам, Əбурахман, Ерасыл, Айдана есімді шәкірттерім бар.

– Өнеріңді шыңдап, жетілдіру жолындағы болашақ арман-мақсаттарыңмен бөліссең…

– Болашаққа жоспарлар көп. Жеке концерттер, концерттік сапарлар жоспарда бар. Бұйырып жатса «Мен қазақпын» мега-жобасы ұжымымен, қатысушыларымен концерттер жоспарлануда. Сонымен қатар, басшымыз Динара Нұрғисақызының бастауымен «Отырар сазы» оркестрінің алыс-жақын шетелдерге концерттік бағдарламаларын дайындап жатырмыз. Еліміздің күйшілік дəстүрін, соның ішінде жерлесім, күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының шығармашылығын насихаттау жолында үлкен жоспарларым бар. Күйлерін үнтаспаға түсіру, өңірлерде бабамыздың күйлерінен кеш беру, т.с.с.

– «Жастар жанарының» оқырмандарына тілегіңді арнасаң…

– Келіп жеткен ит жылы баршамызға табысты, берекелі жыл болсын! Жаңа жылда жаңа бақыт, жаңа белестер көп болсын!

Сырлы сұхбатың үшін үлкен рахмет! Ұлтымыздың күй өнерін одан әрі дамытып, насихаттай бер. Әлі де талай биікерді бағындырарыңа сенеміз! Өнерің өрлей берсін!

Сұхбаттасқан

Венера Мұратқызы

«Жастар жанары»

Пікір жазу