Басты бет » Жаңалықтар » Ақтауда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы ашылды

Ақтауда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы ашылды

Маңғыстауда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті. Мемлекет басшысы Ақтау қаласын Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы мәртебесіне ие болуымен құттықтады, деп хабарлады Jastar janary.

 

5 сәуірде «Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті. Айтулы іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады.⏺

Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Президент өзінің құттықтау хатында Ақтау қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануын еліміз үшін ғана емес, барлық бауырлас түркі мемлекеттері үшін маңызды оқиға ретінде атап өтті.

«Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналады. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған. Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы атаулы жылда бауырластығымызды бекемдей түсетін басқосулар ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін. Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға зор үлес қосып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығая берсін!» – делінген хатта.

Қарт Каспий жағалауында өткен ауқымды іс-шараға аймақ тұрғындары мен Қазақстанның өзге өңірлерінен, шетелден келген қонақтарды қоса алғанда 100 мыңдай көрермен жиналды.

Айта кетейік, салтанатты жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Венгрия елдерінен мәртебелі меймандар қатысты.
Қарт Каспий жағалауында өткен ауқымды іс-шараға аймақ тұрғындары мен Қазақстанның өзге өңірлерінен,шетелден келген қонақтарды қоса алғанда 100 мыңдай көрермен жиналды.
Салтанатты шараның басты нысандарының бірі – «Дархан дала» этноқалашығы. Бұл – қазақтың дәстүрін, киелі Маңғыстау мұрасын және түркіхалықтарының тарихын кеңінен насихаттауға арналған бірегей мәдени кеңістік.

Еске сала кетейік, Әзербайжанда өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің 40-сессиясында Ақтау қаласына Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы мәртебесін беру туралы шешім қабылданған болатын. Атаулы жыл көлемінде түркі мәдениетінің рухын терең сезінуге мүмкіндік беретін түрлі фестивальдер, концерттер, көрмелермен театр қойылымдар жоспарланған.
Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ аясындағы атаулы жылдар шеңберінде 2025 жыл Қазақстанның халық әртісі, ұлы композитор және дирижёр Нұрғиса Тілендиев жылы деп жарияланды.

4-6 сәуір аралығында Ақтау қаласында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, «Дархан дала» этноқалашығында киелі Маңғыстау өлкесінің тұрмыс-тіршілігі, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері және түркі халықтарының ортақ мәдениеті кеңінен насихатталды.

Этноқалашықтың сахнасында Маңғыстау облысы мен түркітілдес мемлекеттерден келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды. Қонақтар ұлттық өнер мен дәстүрге қанығып, қазақ мәдениетінің сан ғасырлық мұрасын тамашалады. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Қазақстан елдерінен 150-ге жуық мәдениет майталмандары облыс өнерпаздарымен бірге өнер көрсетті. Іс-шарада әр мемлекет ұлттық билерін билеп, әуезді әндерін шырқады.

Этноқалашықта Маңғыстау облысының бес ауданы мен Ақтау, Жаңаөзен қаласынан жеті ауыл бой көтерді. Атап айтқанда, Маңғыстау ауданынан «Суын айғыр» ауылы, Қарақия ауданынан «Шерқала» ауылы, Бейнеу ауданынан «Батырлар» ауылы, Мұнайлы ауданынан «Жеті қайқы» ауылы, Түпқараған ауданынан «Ғашықтар» ауылы, Ақтау қаласынан «Шеберлер» ауылы, Жаңаөзен қаласынан «Дәстүр» ауылы бар.

Әр ауыл өңірдің өзіндік ерекшелігін, тарихы мен мәдени мұрасын айшықтайды. Онда қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіліп, түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Шеберлер» ауылында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерден келген өнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.

Мерекелік бағдарлама түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын танытқан хореографиялық және вокалдық ұжымдардың өнер көрсетуімен өрбіді. Сахна төрінде Қазақстан мен ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің жұлдыздары: Димаш Құдайберген, Kalifarniya (Қазақстан), Мейірбек Атабеков (Қырғызстан), Роза Зәргерлі (Әзербайжан), «Ялла» тобы (Өзбекстан) өнер көрсетті.

Дереккөзі және фотосуреттер: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен