Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » Театр сахнасында – «Зере»

Театр сахнасында – «Зере»

Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында ерекше қойылымның премьерасы өтті. Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің алғашқы драма саласындағы «ЗЕРЕ» спектаклі – елдігімізді, ұлтымызды ұлықтайтын қомақты дүниелердің бірі. Қойылым режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Қоюшы суретшісі – Берік Бурбаев.

Аталған драмалық туынды Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Әспетованың 50 жылдық шығармашылығына арнайы жазылған. Елу жылдық өнер жолында Гүлжан Жарылқасымқызы көптеген рөлдерді сомдап, елдің сүйікті акртисасы атанды. М. Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз рөлінен бастау алған әртістік жолы жарты ғасыр бойы жемісті жалғасты. Сол арқылы марапаттарға ие болып, Қазақстанның Халық әртісі атанды.

Зере3

М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының және Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының  сахналарында көптеген лирикалық-драмалы қалыптағы бірсыпыра бейнелерді сахнаға шығарды. Олардың ішінде Еңлік, Құртқа (М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Қарақыпшақ Қобыландысында»), Жәмила (Қ. Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астындасында»), Мақпал (Қ. Мұқашевтың «Дала балладасында»), Анар (О. Бөкеевтің «Құлыным меніңінде»), Бәтимә ханым (Т. Ахтановтың «Антында»), Мехменебану (Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында»), Найман ана (Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде»), Ш. Айтматов «Ана-Жер ана» – Толғанай, Ф. Буляков «Күйеуге шыққан кемпірлер» – Фатима, В. Дельмар «Баянсыз бақ» – Люси Купер, Дж. Патрик «Қымбатты Памела» – Памела, Т. Джюдженоглу «Көшкін» – Бәйбіше және т.б. бейнелерді сомдады. Бұдан бөлек актрисаның кинодағы рөлдері бір төбе. «Қазақфильм» киностудиясының «Несібелі», «Тоғызыншы ұлдан қорық», «Жау», «Мосфильмнің» «Киттер кеткенде», «Ақ бақсы» көркем туындыларында «Еңлік-Кебек» телефильмдерінде басты рөлдерге түскен.

Енді міне, Зере ананың рөлін сомдау арқылы актриса қазақ әйелінің даналығын, мейірбандығын бейнелеп шықты. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясы арқылы танылған Зере ана елге сыйлы адам болған. Ізгі жүректі 3ере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген. Осылайша, қазақтың Зередей анасы сахна арқылы халқымен қайта қауышты.

Ендеше, «Зеремен» маусымын аяқтаған театр ұжымы болашақта да тың туындылармен көрермендерін қуантпақ ниетте. Әсіресе, Шәмші, Оралхан сынды тұлғаларымызды сахнаға алып шығу жоспарлары бар. Жаңа маусымға жаңашылдықпен қадам басқалы отырған театр ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!

Венера Мұратқызы

 

Пікір жазу