Басты бет » Жаңалықтар » Қаржыгер: Ақшаны қалай жинаған дұрыс?

Қаржыгер: Ақшаны қалай жинаған дұрыс?

Қалаған арман-мақсатымызды шындыққа айналдыру үшін ең алдымен қаржылай сауатты болу керек. Қаржылай сауатты адам шығындары кірісінен аспайтын, айлық табысын басқара алатын, қысқа және ұзақмерзімді мақсаттары бар және оны жүзеге асыру үшін жоспары бар адамды қаржылай сауатты деп атаймыз. Егер сіз ұсақ, өзіңізге аса қажет емес заттарға шығын шығармай үнемдейтін болсаңыз, міндетті түрде аңсаған, арман-мақсаттарыңызға қол жеткізе аласыз. Дәл қазіргі уақытта көптеген алғыңыз келіп жүрген қажетсіз заттардан өзіңізді тыйсаңыз, бірнеше жылдан соң оның тек жақсылығын көресіз. Сондықтан қандай да бір дүниені алғыңыз келіп жүрсе, жеті рет ойланып, бір рет кескен абзал.

Осы тақырыпқа қатысты қаржыгер Салтанат Қасымбек пайдалы ақпараттармен бөлісті.

 

Қаржылай сауатты адам болу үшін нені білген дұрыс?

 Қаржылық сауаттылық – ақшаны дұрыс есептеп, дұрыс басқару, оны дұрыс санау. Осы үш қадам арқылы сіз қаржылық сауатты адам боласыз. Қазіргі кезде несиесі, қарызы көп адамдар аз емес. Қаржылай сауатты болу үшін ең әуелі ақшамызды дұрыс басқарып, қарыздарымызды уақытынан бұрын өтеуге тырысу қажет.

Ең бірінші амал, бүкіл қарыздардың тізімін жазып шығу. Мәселен, сіз кімге қарызсыз, соны білуіңіз керек. Ол сіздің миыңызда сақтаулы тұрса, сізге ауырлық сезімін туындатады. Үнемі кімге қарыз екендігіңіз жайлы ойлап жүресіз. Қарыздардың тізімін жазып шыққаннан кейін «dedlinе» қоясыз, яғни кімге қарызыңызды қай кезде беру керегін жазасыз. Мүмкіндігінше, қарыздан құтылуды ең азынан бастаңыз.

Қазір «снежный ком» деген әдіс бар, бұл дегеніміз – мысалы, сіздің үш бөліп төлеу қарызыңыз бар делік (20, 30, 50) мың теңге, артық ақшаңыз болса, ол 5-10 мың теңге болсын 20 мыңды уақытынан бұрын жабуға тырысасыз. 30-50 мыңды ары қарай банк берген кестенің уақыты бойынша төлей бересіз. 20 мың бөліп-төлеу қарызыңыз жабылғаннан кейін, сол 20 мыңды келесі 30 мыңның үстіне қосып төлейсіз. Яғни, сіздің келесі төлеміңіз 30 мың емес, 50 мың болады. Ары қарай 50 мың өзіңіздің бөліп төлеу қарызыңыз, 30 мың жабылғаннан кейін, сіз 50 мың етіп төлемей, 100 мың теңге төлейтін боласыз. Осы «снежный ком» әдісі қазір әлемде кең таралған. Осы арқылы қарыздарды оңай, уақытынан бұрын жабуға болады. Және де ол қарызды құтыламын дегенше, екінші қарызды алмауға тырысу керек. Сонымен қатар көп жағдайда «жоқ» деп айта білу керек, осылайша үнемдеуді үйрену қажет.

Адамның миы оңай ақшаға үйреніп қалған, қосымша ақша қайдан тапсам, қалай жинасам болады деп ойланғысы келмейді. Бөліп-төлеуге ала саламын дегенге әбден үйренген. Бұл біздің қауіпсіздігіміз секілді, ақшамыз болмаса да бөліп төлеуге ала салармын дейміз. Тіпті, қазір каспийге азық-түлікті қосып қойғандықтан, оны да қарызға алатын адамдар бар. Менің айтарым, сондай әдетіңіз болса, egov қосымшасы арқылы өзіңізге кредит алуға 3, 6 айға тиым салып қойсаңыз болады. Оны кез келген уақытта өшіре аласыз. Бірақ үш күн күту керек болады. Бәрі бірде кредит алып қоймайсыз. Каспий жұма жақындап жатырса, сіз кредит алып қоятыныңызды білсеңіз, осылай жасауға кеңес беремін. Осылайша, өзіңізді басқарасыз.

Қаржылық сауатты адамның 5 белгісі:

  • Шығыны кірісінен аз адам.
  • Ақшаны дұрыс басқара алатын, қажеттілік пен қалаудың арасын айыра біледі.
  • Ақшасын көбейтудің жолдарын білетін адам.
  • Қарызсыз өмір сүре алатын адам.
  • Жоспар құрып жүретін адам.

Ақшаны қалай жинаған дұрыс?

 Салтанат Қасымбекқызының айтуынша, ең алдымен қандай мақсатта жинағалы жатырғаныңызды білуіңіз керек. Үлкен мақсаттарға, бес, он жыл бойы балаңыздың болашағына оқуына деп жинап жатырсыз ба әлде алты ай, бір жылдан кейінгі өзіңіздің жылдық демалысыңызға жинап жатырсыз ба, я болмаса ұялы телефон алу үшін жинағалы жатырсыз ба соған байланысты. Егер бір жыл көлемінде ақшаңыз болатын болса оны үш жерде сақтағанның тиімді екенін айтты.

Депозит инфляциядан ақшамызды қорғамайды. Қазақстандағы ресми емес инфляция 20%-ды құрайды. Егер ақшаңызды шетелге барып демалуға жұмсайтын болсаңыз, валютамен жинауға кеңес беремін. Ұялы телефон алатын болсаңыз да, валютамен жинаған дұрыс. Бірақ қолыңызда теңге болу керек. Тек қана долларды ұстап, ертеңгі күні ол төмен түсіп кеткен кезде күйіп кетпейтіндей (доллар, алтын, евро) осы 3 валютада сақтаған дұрыс. Сондай-ақ қазір Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінде 99 пробалы 100% алтын сатып алуға да болады.

Шығын мен кірісті қалай басқарамыз?

Қазіргі кезде көбісі кіріс пен шығынды есептеп жазу керек деп айтады. Адамдар жазғанмен оның пайдасын көрмей жатыр. Не үшін көрмей жатыр? Себебі адам анализ жасамайды. Тек бір айлық шығындарын жазып шығады. Мысалы, «мен осы айда азық-түлікке осынша жұмсаппын, пәтерақының шығындарына осынша қаражат жұмсаппын» деп ойланып отырады. Негізі, жазу бұл үшін берілмеген. Сіз бір айлық өзіңіздің шығындарыңызды белгілеп алғаннан кейін, айлық жоспар құруыңыз қажет.

Таксиге 40 мың, азық-түлікке 100 мың, пәтерақы шығындарына 25 мың жұмсаймын деген секілді, ойын-сауыққа т.б. шығындарда алдын ала жазып алу керек. Соған қарай кіріс-шығыс жүргізген кезде содан асып кетпегендігін бақылап отырасыз.

Бір айлыққа жұмыс істейтін адам болса, ол кісі қосымша басқа жұмыс жасауға күш-жігері болмауы мүмкін немесе күнделікті айлық алып, саудамен жұмыс жасайтын адамдар бар. Барлығына айтарым, ақша келмей тұрып кірістің 10%-ын өзіңізге алып қойыңыз. Мәселен, 400 мың теңге айлық алатын кісі болса, 400 мың теңге аламын деп жоспар құрмау керек. 40 мың теңгені бөлек алып қойып, мен 360 мың теңге аламын деп ойлау қажет. Сол 360 мыңға өмір сүру керек. Осылайша, адам өзін алдап, миын соған сендіру қажет. Ал егер 360 мың теңгеден тағы артылатын болса, оны тағы 350-340 мың теңгеге түсіруге болады. Сол кезде жинайтын ақшасы көбейе түседі. Көп жұмыс жасайсың, көп ақша табасың, бірақ қаржылай сауатты болмасаң, ақшаңды дұрыс басқармасаң, ол кезде ақша болмайды. Белгілі бір блогер әлеуметтік желідегі парақшасында: «осы уақытқа дейін миллиондап ақша таптым, бірақ банктегі счетымда ақшам жоқ, үйім жоқ», – дегенді айтты. Яғни, адам ақша көп тапқанымен, оны басқара алмаса, тапқан қаражат оңды-солды шашыла береді. Әрине, ақшаны дұрыс басқара салып, бай болып кетпейді. Миыңызбен жұмыс жасай алу керексіз, өз мүмкіндіктеріңізді аша білуіңіз қажет.

Қаржыгер маманы, алтынмен жинағанды құптайды, егерде сіз бір жылдан көп уақытқа ақша жинайтын болсаңыз. Себебі қысқа уақытта алтынмен жинасаңыз курстық айырмашылықтан ұтылып қалуыңыз мүмкін. Негізінде, ақша жинай алмайтын кісілерге, алтынмен жинаған дұрыс. Сатып алып қойғаннан кейін, оны қайта барып өткізгісі келмейтінін айтады.

Үйде ақша тұрса жұмсап жіберуі мүмкін. Алтын әлемдегі ең құнсызданбаған қазба. Алтын алсаңыз ешқашан ұтылмайсыз, ол доллар сияқты жоғары көтеріліп, түсіп тұрмайды. Ол әрдайым бағалы. Сол себепті де өз оқырмандарыма да әрдайм айтып отырамын 5 грамм болсын алтын алып қойыңыздар деймін. Тойға сыйлық сұраса да, алтынмен сұраған дұрыс. Әрине, егерде өзіңіздің қалауыңызды сұраған жағдайда. Өз басым біреуге сыйлық беретін болсам, алтынмен бергенді жөн санаймын.

Егер қолыңызда ешқандай артық ақшаңыз жоқ болып, тек 200-300 мың теңгеңіз бар болса, сіз оның барлығын инвестицияға құя алмайсыз. Ол кезде сіз әртараптандыруды қолдануыңыз керек. Мысалы, 50 мың теңгені қолма-қол ұстап отырамын, 50 мың теңгені валютаға айналдырамын, 50 мың теңгені инвестицияға құямын деген секілді. Минималды ақшамен де инвестиция жасауға болады, Қазақстанда өте арзан тұратын акциялар да бар. Сондықтан да өзімде осы нәрсемен жұмыс жасаудамын, әрбір қазақта инвестициялық счет болғанын, ақылды болғанын қалаймын. Бөліп-төлеу айына 20 мың теңге ғой төлеп тастаймын деген түсінік қалыптаспаса екен деймін. Керісінше, сол ақшаны инвестицияға салайын, көбейсін деп ойлағанын қалаймын. Біз қазір Батыс елдері сияқты болғымыз келіп, соларға қарай ұмтылып жатырмыз ғой, сол үшін инвестиция жасай алатындай халық болғанын қалаймын.

Қаржыны көбейтідің жолдары қандай?

Біріншіден, пирамидадан, көп пайданы уәде беретін жерлерден аулақ болу қажет. Екінші, эмоционалды түрде зат сатып алудан сақтану, яғни, қолындағы бар ақшасына керегі жоқ заттарды сатып алмау. Бізде қазақта жылжымайтын мүлікпен, пәтермен ақша жинағанды жақсы көреді. Бірақ инвестициялау одан да тиімділігі жақсы деп айтар едім.

Қаржыгер маманы табысыңыздың 10%-ын жинауды, табыстың бір бөлігін сақтап қоюды, ақшаны өзіңнен оқшаулау керектігін, жинағаныңыздың күйіп кетпеуін, аз да болсын инвестиция жасауды және қалаулар тізімін алдын ала жасап қоюға кеңес береді.

Қазір миыңызда не қалап тұрсыз. Мәселен, үстел, косметика т.б. қалауларыңызды жазып шығыңыз, соны жәй қағаз бетіне түрте отырып ай сайын алып отырсаңыз болады. Сол кезде сіздің ақшаңыз өз орнымен тек қажетті, керекті заттарыңызды алуға жұмсалатын болады. «Қойшы, осы 5 мың теңге тұратын еді, ала салайыншы, я болмаса сырттан тамақтанайын көп ақша кете қоймайды ғой, не болады дейсің» деген сөздерден арыласыз.

Қағаз бетіне қалаулар тізімін жасағаннан кейін, өзіңізге керекті заттарды алуға тырысасыз.

Сонымен қатар жылдық жоспар жазу керек. Мысалы, ата-анамыздың туған күні келе жатыр қымбат сыйлық, 50-100 мың ақша бергіміз келеді, бір айда бірден шығарып бере салу қиын. Менің анамның туған күні шілде айында болатын болса, мен 100 мың теңге беретін болсам, оны қаңтар айынан бастап жинаймын. 5 ай бойы 20 мың теңгеден жинаймын. Ай сайын 20 мың теңге жинау қиын емес. Одан кейін, жылдық чекап – денсаулығыңызды тексерту. Қыркүйек айына жоспарладыңыз, оның құны 100 мың теңге тұратын болса, қаңтар айынан қыркүйек айына дейін 90 мың жинап, үстіне 10 мың қосып денсаулығыңызды тексертсеңіз болады. Осылайша, жылдық жоспарды жасауға болады. Мына айда денсаулық, келесі айда тіс дәрігеріне бару, қыста етік алу керек деген секілді алдын ала ақшаңызды жинайсыз. Ақшаны бір конвертте жинағанды жөн санамаймын, өйткені оның шетінен ала беретін боласыз, сол себепті әр жоспарыңызға бөлек-бөлек ақшаны жинаған дұрыс. Қазіргі кезде пайдалы блокноттар шығып жатыр, әртүрлі мақсаттарды жазып қойып, әр бетіне әртүрлі жоспарыңызға сәйкес ақшаңызды салып, күн сайынғы, ай сайынғы салып отырған қаражатыңызды жазып қойып отырасыз. Сондай-ақ адамда бұл қажеттіліктерден бөлек, тұрақты 100-200 мың теңге болу керек. Неге? Өйткені жедел түрде бір жағдайлар болып қалған кезде жарата аласыз. Жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, өзімнің әжем қайтыс болғанда бір күнде жаназаға бару керек болып, бір күннің ішінде билет алу керек болып қалған жағдайда бағасы қымбат болады сондай жағдайларда сақтап қойған қаражатыңыздан ақша ала аласыз.

 Перизат САПАРОВА