Басты бет » Жастар үні » Оқушыларының арманына «қанат бітірген» ұстаз

Оқушыларының арманына «қанат бітірген» ұстаз

Жақында әлеуметтік желіде мектеп оқушыларымен түсірілген ерекше бейнежазба жарық көрді. Ұстаз сыныбына креативті ойын ұйымдастырып, көпшілікті қызықтырды. Бейнежазбада ұстаз оқушылардың 25 жастағы бейнесін жасаған. Желіде жариялаған видео көп қаралым жинап, танымал болды. Ол ауыл мектебінде еңбек етіп жүрген жас ұстаз – Әсел Нұрғисақызы.

Түркістан облысы Отырар ауданы Мыңшұңқыр ауылының Рақманқұл Бердібай атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Әселмен шағын сұхбат құрған едік.– Cәлеметсіз бе, Әсел! Ең алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз, қай өңірдің тумасысыз? 

– Менің аты-жөнім – Әсел Нұрғисақызы Мырзахмет. Шымкент қаласының тумасымын, осы өңірде туып-өстім. 2016 жылы мектепті бітіргеннен кейін Мардан Сапарбаев атындағы гуманитарлық институтқа оқуға түстім. Ол жерде бастауышты оқытудың педагогикалық әдістемесі мамандығын 2020 жылы бітіріп шықтым. Кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Түркістан облысы Отырар ауданының Мыңшұңқыр ауылына Рақманқұл Бердібай атындағы жалпы білім беретін мектепке жұмысқа орналастым.

Қазір мен Кәсіби бағдар беруші педагог лауазымында жұмыс істеймін. Бұл салада істеп жатырғаныма 2 жыл уақыт болды. Кәсіби бағдар берудің мақсаты – мектеп оқушыларының қызығушылықтары мен еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау, оқу бейімін және болашақ кәсіби қызмет саласын таңдауға кәсіби бағдар көрсету. Ашылғанда біз тек 9, 10, 11-сыныптармен жұмыс жасайтынбыз, ал былтырдан бері 1-сыныптан 11-сынып аралығында жұмыс жасап келеміз.

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан екенсіз. Осы бағдарламаның артықшылықтары туралы айтсаңыз…

– Расымен де, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы – жастар үшін қажетті жобалардың бірі. Осы бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқаныма қуанамын. Ауылда 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Содан бері 4 жыл уақыт өтіпті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында маған қайтарымсыз бірреттік ақша берілді, үйде берілді, құдайға шүкір.

TikTok әлеуметтік желісінде оқушыларыңызбен түсірген бейнежазбаңыз кеңінен таралып, көп қаралым жинады. Өте жақсы ойластырған екенсіз. Жалпы, мұндай идея ойыңызға қалай келді?

– Бізде мектептің Facebook парақшасы бар, біз сол жерге жасаған жұмыстарымызды, өткізген іс-шараларымызды, сабақтарымызды салып отырамыз. TikTok әлеуметтік желісінде өзімнің жеке парақшам бар, қаралымым саны мен оқырман саны өте аз. Шамамен, 20-30 адам ғана. Өзім жасаған жұмысымды парақшама салған едім, бірден көп қаралымға ие болды. Әрбір минут, секунд сайын лайк, комментариялер келіп отырды. Көбісі жақсы пікір жазды, мен оған өте қатты қуандым. Мен бұлай болады деп күтпедім. Маған бұл идея қалай келді? Менде әлеуметтік желілерді қараймын, осындай видеоларды көрген едім, содан бірден өз сыныбыма жасағым келді. Бұл жерде ең ұтымды нәрсе болғаны, мұнда балалардың шынайы эмоциясы көрініп тұр, олардың барлығы шынайы қуанды. Арасында оқушылардың кейбірі көзіне жас алып қалғандары да болды. Оқушыларым қатты қуанып, рақметтін айтты. Ата-аналар тарапынан да алғыс алдым.

– Балаларға сенімділік беретін, алға ұмтылдыратын, армандаудан қорықпау керектігін үйрететін жақсы бір бейнежазба болып шығыпты. Бұл ойында оқушылардың болашақтағы мамандығы жайлы өздерінің қалауына сәйкес жасалды ма қалай болды?

– Ең бірінші, оқушылардан «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында эссе алдым. Дегенмен балардың көбісі дәрігер, мұғалім мамандықтарын таңдай берді. Содан кейін, осы мамандық келеді-ау деп әр балаға өз ойыммен жасадым.

– Өзіңіз білім беретін оқу ордасы жайлы айтып берсеңіз, қанша жас маман жұмыс жасайды?

– Жалпы, біздің мектеп 2019 жылы жаңадан ашылған. Мектеп жаңадан ашылған кезде атауы Мыңшұңқыр деп аталған болатын, кейіннен профессор Рақманқұл Бердібаевтың есімі берілді. Ал өзім 2020 жылы жұмысқа орналастым. Бізде креативті жас мамандар өте көп. Сондай-ақ мектебімізде даярлық сыныптарды қосқан кезде 350-ден аса оқушы бар. Мен жасаған жоба жасанды интеллект арқылы жасалынған. Бізде осындай жасанды интеллекті пайдаланатын мұғалімдеріміз баршылық. Информатика пән мұғалімдері жиі қолданады. Сабақтарын көреміз, солардан тәжірибе алмасып отырамыз.

– Әсерлі сұхбатыңыз үшін рақмет!

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary