Басты бет » Жастар үні » Атажұртын аңсап жеткен Моңғолиядағы қазақ балалары «Jas Qazaq» лагерінде

Атажұртын аңсап жеткен Моңғолиядағы қазақ балалары «Jas Qazaq» лагерінде

Жат жердегі бауырлар үнемі атамекенін аңсап, Қазақстанның жетістігіне қуанып, күрделі жағдай орын алса елмен бірге күйзеліп отыратыны жасырын емес. Өзге елде жүріп-ақ тілін ұмытпай, ұлттық салт-дәстүрді, құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап отырған қандастарымыздың жанашырлығын әркез сезініп келеміз. Соның айқын дәлелі – көктемде орын алған су тасқыны кезінде Қазақстандағы бауырларына, достарына қол ұшын созып, жылу жинаған мектеп оқушыларының әрекеті көпті қуантты.

Олар Моңғолия елінде тұратын қазақ балалары еді. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген балақайлар жақында Отандастар қорының шақыруымен атамекені Қазақстанға келіп, бүгінде қор ұйымдастырған «Jas Qazaq» жазғы этно-лагерінде демалуда. Біз балаларды бастап келген жетекші ұстазы Жанар Ясымханқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қазақ еліне қош келдіңіздер! Моңғолияның қай аймағынан келдіңіздер? Алдымен, өзіңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз…

– Біз Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келдік. Өлгий сұмынының жалпы білім беретін 1-мектебінде ұстаздық қызмет атқарамын. Біз мектебімізде қостілді білім береміз, сабақ қазақ тілінде де, моңғол тілінде де жүреді. Биылғы оқу жылында мектебімізде 1 507 оқушы білім алып шықты.

Өзім жайлы айтсам, мен – мұғаліммін. Осы салада жүргеніме 28 жыл болды. Алматы мемлекеттік университетінде араб тіл, әдебиет пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Кейін 2002-2004 жылдарда Моңғол мемлекеттік басқару академиясын оқып, әлеуметтік менеджер мамандығын тәмамдадым.

Менің ұстаз болуыма себепкер болған адам – менің анам Бағибат Хайсақызы. Анам – 30 жыл жас ұрпақты жетелеп, адам болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан ардақты ұстаздардың бірі болды. Үнемі менің ең бірінші қолдаушым да, ақылшым да ата-анам болатын. Қазір ол олар өмірімде жоқ, қайтыс болған. Әкем мен анамның тұла бойы тұңғышымын. Мектепке дейін асқар тау, саялы бұлақ сол екеуінің және әжем Сәдетханның қамқорлығында, балабақша тәрбиесінде болдым. Ес білгелі білетінім, әкем Ясымхан Зәкиұлы жарына, балаларына ерекше көңіл бөлетін. Жаны жайсаң, көңілі жомарт, ортасын күлкіге бөлеп жүретін әзілқой адам еді. Қоғамға, өмірге деген белсенділігі жоғары, жасампаз, өз ісінің қас шебері болды. Әкем бізді сөзбен емес, іспен тәрбиеледі.

Сол Баян-Өлгий аймағының жалпы білім беретін мектебінде өзім оқыдым, сол мектепте еңбек етіп жүрмін. Оқушылық 10 жылым, ұстаздық еткен 28 жылым бар, тіпті бүкіл өмірімнің ыстығына да, суығына да осы қара шаңырақ куә.

 

– Мектебіңіз, оқушылар жайлы кеңірек айтсаңыз… Мектепте қазақы білімге, ұлттық тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Бұрын тәрбие мен білім егіз деуші едік қой. Қазір сол егіздің білімінен гөрі тәрбиесін көп айтып жүрміз. Тәрбие – ізгі дүниенің бастауы ғой. «Қазақ халқы – тағдыры күрделі халық. Қазақтардың ешкімге ұқсамайтын, сонау көне заманмен табиғи түрде ұштасып жатқан өзіндік дәстүр-салты, өзіндік мәдениеті бар. Мұндай мәдениеттің дүниежүзінде сирек кездесетінін ұмытпағанымыз жөн…» деп Марта Брилл Олкотт айтып еді. Сол сирек кездесетін дәстүр мен қазақы ұлттық тәрбиенің қалыптасуына мектептегі тәрбие жұмыстары, арнайы сабақтар көп әсер етеді. Ол біріншіден, сөйлеу мәдениетінің дұрыстығы. Сөзі дұрыстың ісі дұрыс болады. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын ұрпақты 1-сыныпта оқытып бастағаннан-ақ бізде қазақы тәрбие басталады.

– Мектепте білім беруде, тәрбие жұмысында нені басты назарға аласыздар?

– Әрбір оқу жылында қыркүйек айынан бастап жаңа оқу жылын жаңа мақсатпен бастаймыз. Кітап оқуды біз ең алғашқы мақсат ретінде қойдық, Баян-Өлгий аймағының кітапханасы бар. Ақтан Бабиұлының атындағы кітапханадан апта сайын екі сағат кітап оқып тұруды әдетке айналдырдық. Осы жоспар бойынша 30 апта бойы 60 сағат кітап оқыппыз. Оқып шыққан кітаптар бойынша түрлі қойылымдар қойдық. Абай өлеңдерінен байқау ұйымдастырдық, Мұқағали туындыларынан қойылымдар жасадық. Кітап оқу арқылы біз өзіміздің тіл байлығымызды, білімімізді шыңдауды мақсат етіп қойған болатынбыз.

Наурыз мерекесі қарсаңында сыныбымыздың жанынан би тобын құрдық. Сыныбымыздағы 38 оқушыдан құралған «Тұмар би» тобы «Қара жорғаны» билеп шықты. Одан бөлек, домбыра үйретуші ұстазбен келісіп, 12 оқушы 6 ай бойы үйірмеде жүріп, сегіз күй үйренді. Сол үйренген күйлері бойынша байқауға қатысып, биыл Балалар күніне орай өткізілген «Әнші балапан» сайысында бас жүлдені біздің балалар иеленді. Бізде өнерден тыс, сабақта да үздік, математика, ағылшын тіл, басқа да пәндерден олимпиада жеңімпаздары өте көп. Спортта да, сабақта да, өнерден де балаларымыз кенде емес, жан-жақты даму үстінде.

Атамекеніне келген бауырларымызға Қазақстан, Астана қаласы, «Jas Qazaq» жазғы этно-лагері ұнап жатыр ма? Балалардың қандай қызығушылығы, өнері бар?

– Астана, Бурабай жайлы, лагерь жайлы айтатын болсам, оқушыларға өте керемет ұнап жатыр. Біз «Jas Qazaq» жазғы этно-лагерінен бөлек, Астанада екі күн қыдырдық. Думанға, Экспоға, Бәйтерекке, Ұлттық мұражайға бардық. Ал лагерьге келетін болсақ, балалар лагерьге келу үшін түрлі байқауларға қатысып, сол байқаулардың бірі «Арманымдағы атажұртым» тақырыбында эссе шығармашылық байқауы арқылы іріктеліп, осы лагерьге келіп отыр. Оқушылардың жазған шығармалары өте керемет, тіпті үлкен адамдардың ойламайтын дүниелерді жазған. Атамекенге деген сағынышын, атамекенге бару қандай арман екенін әдемі етіп жазып шыққан. Қаншама балалардың атажұртына барғысы, көргісі келіп жүргені бізді қуантады. Олар Қазақстанның әдемі жерлерін, Оқжетпес, Бурабайдың әсем табиғатын әлеуметтік желілерден, әдеби кітаптардан, ақпарат құралдарынан ғана көрген болса, қазір Қазақ еліне келіп өз көздерімен көріп, қуанышқа бөленіп жатыр.

«Өнерді үйрен де жирен» демекші, өнерге құштар балалар қаулап өсіп келеді. Лагерьге келген оқушылар «сегіз қырлы, бір сырлы» десем, артық айтқандық емес. Жасынан оқуға құштар болып, өнер үйреніп жүрген балалар көп деп мақтанышпен айта аламын. Тек мектептің білімімен шектелмей-ақ, қосымша өнер, білім іздеген жас толқынның жылдан-жылға осылай көбейіп келе жатқаны бізді қуантады. Соның арқасында білімқұмар шәкірттеріміз қоғаммен тікелей араласа алады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі күшті болады. Қылқалам шеберлері, күйшілер, бишілер, жас актерлар, әншілердің барлығы осында жүр.

–  Қазақстанда су апаты болған кезде Моңғолияда тұратын қандас балалар жылу жинап берген болатын. Сол жайлы толығырақ айтып берсеңіз… Олардың мұндай ізгілікті іс жасауына кім ұйытқы болды?

– Біздің Баян-Өлгий аймағында Нұрболат Өнерқанұлы, Сәбит Насырұлы бастаған Моңғолиядағы қазақтардың тілі мен мәдениетін қолдау одағы құрылып, 1 жылдан астам уақыт өзінің алға қойған мақсаттары бойынша жұмыс жасау үстінде. Сол Нұрболат пен Сәбиттің ұсынысымен, Қазақстандағы су апатынан зардап шеккендерге көмек қолын созайық деген өтінішімді оқушыларыма айтқан болатынмын. Балаларға осы су тасқынына үлес қоссақ, көпшілікке бейнеүндеу жолдасақ дедім. Олар да өздері қаражат жинап беруді жөн көрді. Күнделікті өздерінің ата-аналарынан тамаққа деп алатын ақшасынан үнемдеп, көмек көрсетуге болатынын айтты. Содан 200 мың төңірегінде ақша жиналып, қандас бауырларымызға көмекке келдік. Біз тек көмек көрсету мақсатында келгендіктен, Қазақстанда бізді сыйлықтармен марапаттап, күтпеген жағдайлар орын алды. Балалар зардап шеккендерге көмектесе алғандары үшін өте риза болды.

– Моңғолиялық қазақ балалар арасында болашақта Қазақстанға келіп, оқу оқып, білім алғысы келетіндер бар ма? Қазақстан туралы ойлары қандай?

– Балалар болашақта Қазақстанда оқығысы келеді, бізде Моңғолияда оқушыларға көп таңдау жасалынып жатыр. Мысалы, елімізден былтыр Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне, одан кейін Петропавл, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Алматы қалаларына университеттерге тапсырды. Көбісі, дәрігерлік, IT, инженер, архитектор және мұғалім мамандықтарын таңдаған болатын.

– Жанар Ясымханқызы, әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет! Сіздер арқылы моңғолиялық қандас бауырларымызға сәлем жолдағымыз келеді. Атажұртқа қош келесіздер!

Сұхбаттасқан

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary