Алыстан арбаған, аңсатқан Америка… Мүмкіндіктер мекені, мақсат—мұратыңа жеткізер Америка… Иә, мұхит асып, арман қуып Америкаға бет алғандар саны жылдан—жылға артпаса, азаймайды. Өйткені «америкалық арман» адамзатқа әрқашан қол бұлғап тұратындай көрінеді. Материалдық жағдай жасауға тиімді, мүмкіндігі орасан, моральдық тұрғыдан еркін, толерантты қоғам кімді болса да магниттей тартатыны белгілі. Соңғы жылдары «америкалық арман» деп АҚШ-қа аттанған қазақстандықтардың қатары толығуда. Бұның бірден-бір себебі – халықаралық деңгейдегі білім беруге, жұмыс жасауға арналған сапалы бағдарламаларда. Солардың бірі –1998 жылдан бері бастау алып, бүгінге дейін жалғасып келетін «Work and travel USA» бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы Америкаға жол тартып, өз табысын тауып, саяхаттап жүрген Анель Орынбасармен әңгімелескен едік. Анель балалық арман, бағдарлама мүмкіндіктері мен болашақ жоспарлары, елге деген сағынышы жайлы бөліскен болатын.
– Америкаға жолыңыз қалай түсті, «Work and travel USA» бағдарламасына тапсыру ойы қайдан келді?
– Адамның мақсаты, оның ой-өрісіне, қоршаған ортасына байланысты. Яғни, біз нені көріп, нені тыңдап өссек, болашағымыз да солай қалыптасады. Мен өзім бала кезімнен әртүрлі анимациялық мультфильмдерді және киноларды көріп өскен соң кейіннен шетелдің кітаптарын оқитын болдым. Әрине, өзіміздің әдебитетіміз бірінші орында, бірақ мені шетелдің телевизиясы да, әдебиеті де, дәстүрі де қызықтыратын. Шетелге шығу, ел көру, жер көру – балалық шақтан келе жатқан арманым, Әлемнің астанасы деп айтылатын Нью-Йоркте кофе ішу, Калифорнияның Лос-Анджелесінде Тынық мұхитының баяу желін сезіну кімді де болса қызықтыратын шығар. «Work and travel USA» бағдарламасы АҚШ-та студенттерге табыс тауып, саяхат жасауды ұсынады. Өзіңізге пайда алып қана қоймай, ұмытылмас студенттік шағыңызды өткізетініңіз анық. Осындай мүмкіндікті жіберіп алмай, балалық арманды орындағым келді.
– Бұл шешіміңізге отбасыңыз қалай қарады?
– Әрине, әрбір отбасы – ол кішкентай мемлекет. Ата-ана баланы қолдап, өмірдегі дұрыс және бұрыс деген дүниелерді бойына сіңірсе, әрбір бала өзінің өмірдегі орнын табар еді. Басында, әрине басқа елге жіберуге жүрексінді. Ата-ана өзінің баласын қандай екенін біледі, Қыздары оқу, жұмыс, спортты бірдей алып жүрген соң, шетелге барып жұмыс жасау да қолынан келеді дегенге сенді. Баталарын беріп, қимай-қимай АҚШ-қа жіберді, одан бері 1 жылдан аса уақыт өтіп кетіпті.
– Алғаш Нью-Йоркке барғандағы әсеріңіз қандай болды?
– Алғашында біз топ студенттер болып Джон Кеннеди атындағы аэропортқа келіп жеткен болатынбыз. Жолдан кейінгі шаршау Нью-Йоркты көрген сәтте тез-ақ басылды, сол кездегі ең қиыны – Американың инфрақұрылымын білмеу. Аэропортқа қонған соң, біз ең алғаш иммиграциялық офицерден өтеміз. Ол біздің не мақсатпен келгенімізді анықтап, әрі қарай «Америкаға қош келдіңіз!» деп, паспортқа мөр басып береді. Қалаға қалай шығарымызды білмей, метро іздеп, өзіміздің қонақ үйімізге барғанша біраз адасқанымыз бар. Атышулы Times Square-де қазақ елінің туын желбіретіп фотоға түстік. Биік-биік ғимараттар көздің жауын алады, Америка бостандықты сүйетін ел екені бірден сезілді, бірақ ол бостандықтың өздеріне зиян келтіретін тұстары да аз емес. Баспанасыз жүрген қаншама азаматтар, есірткіге тәуелді өмірге еш құлшынысы жоқ, жүдеп кеткен, есірткі жан ауруына айналған жандар да жетерлік. Осы кезде Бауыржан атамыздың «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөздерін есіне алып, мағынасына тереңдей түстім. Ең қызығы, АҚШ-та бұндай өмір салты да адамның өзінің таңдауына жатады, ол кісілер шынымен де мұқтаж адамдар емес, өздері осы жолға өз еркімен түскен жандар. Әрине, ешкімді сөге алмайсың, өзге елдің салты басқа және біздікімен мүлде теңеспеуі әбден қалыпты дүние.
– Қандай салада жұмыс жасайсыз?
– Америкада жұмыс талғамайды, бұл рас. 16 жастағы баладан 70-тегі қартқа дейін әртүрлі салада жұмыс жасайды. Тілді жеткілікті деңгейде үйреніп, бір мамандық игермейінше, көптеген салаларда жұмыс жасауға тура келеді. Қазіргі уақытта бірнеше жерде жұмыс істеймін, бариста, консультант, т.б. Оған қоса, тілдерді жетік білуге тырысып жатырмын, қазақ және орыс тілінде сөйлейтін кісілерге көмек көрсететін орталыққа қызметке тұрсам деймін.
– Америкалықтар этносқа емес, адамыңа қарай қарым-қатынас жасайды деп жиі естіп жатамыз, қаншалықты рас? Жергілікті тұрғындар жайлы не айтар едіңіз?
– Иә, бұл рас. Себебі ұлтқа қарап бөлер болсақ, Америкадан мыңдаған этносты шығаруға болады. Тарих бойынша Америка – иммигранттардан құралған ел, сіз мүлде естімеген, алыс және халқы аз мемлекеттерден келген азаматтарды көріп таңғалуыңыз да ғажап емес. Американдықтар өте сыпайы, әрдайым күлімдеп жүретін халық, қолынан келсе көмегін де аямайды. Мұнда такси шақыртсаңыз да, дүкен, мейрамханаға барсаңыз да, сіздің қалауыңыз өзіңізді жайлы сезінуіңіз бірінші орында, адамдар сол үшін барынша тырысады.
– АҚШ пен Қазақстан арасында қай жағынан алсақ та өзгешеліктер көп екенін білеміз, сіз ауыз толтырып айта алатындай қандай айырмашылықтар бар?
– Америкада адам құқығы бірінші орында, қызмет көрсету саласында құпиялылық өте жоғары. Еңбек етудегі адам құқықтары жолға жақсы қойылған. Әр штатта бекітілген минимиалды еңбекақы бар. Мысалы, сағатына 14,65$ деп бекітілсе, одан кем төлеуге болмайды, бұл заңбұзушылық боп есептеледі. Егер қызметкерге белгіленген мөлшердегіден аз төленетін болса, жұмыс берушіге заңды түрде айыппұл салынады, кейде бұндай істер сотқа дейін жетуі де мүмкін. Мейрамханаларда біздегідей 15% қызмет көрсетуге деп ұстап қалмайды, есесіне, шайпұл мәдениеті өте жақсы қалыптасқан. Жергілікті халық міндетті түрде шайпұл қалдырады. Қауіпсіздікті қатты қадағалайды, бәріміз білетін 911 құтқару орталығына хабарлассаңыз, полиция қызметкерлері санаулы минуттарда бар қаруымен келіп, сізді кез келген жағдайдан қорғап, аман алып қалуға тырысады. Америкада шынымен адамның киіміне, түріне қарамайды. Қазақстанда көпшілігі жарасамды, сәнді киінуге тырысса, мұнда олай емес. Бір алаңдатарлық мәселе Америкада артық салмақпен күрестін жандар саны өте көп, ал артық салмақ көптеген ауруларға себеп болады ғой. Қазақстанда семіздікке шалдыққандар саны салыстырмалы түрде көп емес деп ойлаймын. Қазақстанда тамақ жасауға арналған өнімдер барынша табиғи жолмен алынса, Америкада қаншама халықты тамақпен уақытылы қамту үшін түрлі әдістер, қоспалар арқылы қолдан өсіреді.
– «Work and travel» бағдарламасы туралы толығырақ айта кетсеңіз…
– Басындай айтқанымдай, «Work and travel USA» бағдарламасы – өзге мемлекет студенттері үшін үлкен мүмкіндік. Бағдарлама аясында АҚШ-та жұмыс жасап, жақсы табыс тауып әрі саяхат жасайсың. Жұмысқа 3 айдай уақыт беріліп, соңғы 4 ай саяхаттау уақыты болады. Жұмыс қызмет көрсету саласының әртүрлі бағытында болады. Ауқымы кең, халықаралық деңгейдегі бұл бағдарламадан ешқашан ұтылмайсың, табыс табасың, саяхаттайсың, тіл үйренесің, әлемді тани бастайсың. Әлеуметтік желілерде бұл бағдарлама туралы ақпарат аз емес. Барғысы келетін жандар іздеп, қарап көрсе болады.
– Америкада қалу туралы шешімді қашан қабылдадыңыз?
– Алғаш виза алған уақытта Америкада қалсам қалай болар деген ойлар келе бастады. Бірақ «бірінші Америкаға жетіп алайын, маған мұнда ұнай ма, мұндағы өмірге үйренісіп кете аламын ба, қатты қиын болмай ма?» деген сұрақтар мен уайым болған соң сенімсіз болдым әрі өз-өзімді бағалау керек болды. Осында келіп, жұмыс істеп, табыс тауып, әртүрлі мамандық иелерімен, олардың мансап жолымен танысқан соң, Американың шынымен жастарға арналған ел екеніне көзім жетті. Сонымен, жұмыс уақытым біткен соң, қыркүйек айында Америкада қаламын деп нақты шештім.
– Болашаққа деген қандай арман-мақсаттарыңыз бар, елге оралу ойда бар ма?
– Болашақта Америкамен тоқтап қалғым келмейді. Қазір тілді әлі де үйрену үстіндемін, тілді жетік, еркін меңгерген соң, әртүрлі компанияларда аудармашы болып, бағымды сынап көргім келеді. Елге оралу ойда бар, бірақ жақында емес. Белгілі бір деңгейге жетіп, мақсаттарымды орындағым келеді.
– Туған жерден жырақта өмір сүру қиын ба? Елді сағынасыз ба?
– Иә, Қазақстанды қатты сағынамын. Отбасым, достарым, жақындарымды, туған жерді сағынамын. Ауырып қалсаң, жақыныңдай қарайтын ешкім жоқ. Дастархан басында күліп-ойнап отыратын бауырларың жоқ, кейде жалғыздықты сезінемін. Бірақ өз мақсаттарым, өз болашағым үшін төзімділік танытуым керек. Мұнда қазақ бауырларымыз аз емес, кәсіпкер аға-әпкелеріміз де жетеді. Мысалы, осы жақында ғана Қазақстандағы «Tary» кофеханасының филиалы Чикаго қаласында ашылды, қазақ және қырғыз бауырларымыз бұл жерді ұнатқанына сенімдімін. «Prince» деген атпен танылаған Асхат Рысбековтің осы жылдың қаңтарында берген концерті Астананың лебін сезіндірді. Мұндағы өмір қызу әрі күрделі, шыдай білсең болғаны.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рақмет!
Сұхбаттасқан
Сәния ИБРАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті