Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » «Ойран», ойлан!

«Ойран», ойлан!

       «Ойран». Осы бір-ақ ауыз жағымсыз сөздің адам тағдырына кері әсерін, зиянын айтып жатудың өзі артық. Ойран болған өмір, тағдыр, ойран болған арман, ойрандалған отбасы. Бұл қоғамда орын алып жатырған ащы шындық. Себебі бүгінде жастардың санасын жаулап, улаған сан түрлі ағымдардың, яғни діни секталардың қоғамға қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. Онымен көп болып күресу – бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселесі.

 

20170409_152931

Осы мақсатта Астана қаласындағы №76 мектеп-гимназиясы сахнасында белгілі драматург, ақын Баянғали Әлімжановтың «Ойран» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымды сахналаған үлкен өнерге қадамын енді бастаған Ғасыр жастар театры. Режиссеры Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, актер, режиссер Берікхан Төкенов.

20170409_153605-1

Спектакльге арқау болған басты мәселе – сектаның құрбанына айналған жас жігіттің ауыр тағдыры. Басты кейіпкер Арманның ойран болған отбасы жағдайын баяндау арқылы автор діни ағымдардың қауіптілігін, қазақ қоғамына дендеп еніп, дертке айнала бастағандығын шебер суреттеген. Қойылымда басты рөлдерді сомдаушылар өнер жолына бет бұрған жастар. Арманды сомдаған Есхат Медетбек – Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті. Ал Арманның әкесі Ертайдың рөлін Әділхан Хамитов, анасының рөлін Маржан Нұртазина алып шықты. Кәсіби актерлер болмаса да жастардың сахнада ойнау шеберлігі, өз кейіпкерлерінің ішкі жан күйзелісін, көңіл күйін әсерлі жеткізе білуі көпшілікті тәнті етті.

 

20170409_154048

Тәтті өтірікті ащы шындыққа айналдырып, жастарды өмірдің күңгірт сәтіне бой алдырмауға шақырған қойылымда зор тағылым бар. Жат діннің арбауына түсіп шырмалған, соның кесірінен отбасы ойрандалған 20 жасар Арманның көкейіндегі ащы шерін, өкінішін қойылым соңындағы мына бір монологынан айқын аңғаруға болады:

 

20170409_154753
– Ал… Ал енді қайттім? Мен кім болдым? Кім едім? Не болды маған?! Шынымен адасып, жарға соғылғаным ба? Иә… Соғылдым! Алдандым! Арбалдым! Әлпештеген ата-анам қайда? Не болды оларға? Мен… Мен… Өз қолыммен өз үйімді қиратып, өз қолыммен өз ата-анамды күйреттім-бе?! Ә-ә? Солай ма? Жоқ әлде олай емес шығар?! Қане, кім жауап береді маған? Ә-ә, әлгі әп-әдемі әйелдер қайда? Әзәзілдер! Алдап, арбап, айдалаға тастап кете барды. Мен шынымен жалғыз сорлап қалғаным ба? Ата-анам қайда менің? Енді көзім ашылды… Егер де мені тыңдар адам болса, мен оларға: Әлдекімдердің азғырғанына еріп, ата-анаңнан қол үзбеңдер! Жалт-жұлт еткен жеңіл өмір деген өтірікке сеніп, ата жолынан адаспаңдар! Қалғанының бәрі өтірік! Бәрі алдау! Арбау… Алдау-у-у-у!
Иә, алдау, арбау арқылы талай жасты жолынан адастырған діни секталарға тосқауыл болу үшін қоғам болып күресу қажет. «Ойран» қойылымы қазіргі қазақ қоғамына ұрпақ тәрбиесіне ден қоюды, ұлттық салт-сананы жаңғыртып, дәстүрлі дінге баса назар аударудың қажеттілігін меңзейді.

20170409_154239

 

Қазақ өнеріне жанашырлық танытып, ұлттық руханияттың дамуына үлес қосып жүрген Астана қаласындағы №76 мектеп-гимназиясының директоры Сафура Сейдуалиқызының еңбегі зор. Ғасыр театрының өнерін шыңдауына себепкер болып, қамқорлық танытып келеді. Жас театр ұжымы мектеп ұстаздарымен, шәкірттерімен бірлесе бұған дейін Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейханов туралы спектакльдер сахналады. Актер, режиссер Берікхан Төкеновтың жетекшілігімен аталған білім ордасында «Заңғар» атты театр үйірмесі жұмыс жасауда. «Ойран» спекталіне де аталған үйірме мүшелері қатысып, белсенділік танытты.

 

20170409_160412-1

 

Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген премьера соңында елімізге танымал ақын, жазушылар, журналистер қойылымның мән-маңызы туралы ой бөлісіп, актерлік құрамның ойнау шеберлігін жоғары бағалады. Пьеса авторы Баянғали Әлімжанов қойылымның жоғарғы деңгейде қойылғанын атап өтті.
– «Ойран» пьесасының жазылғанына бірнеше жыл болды. Бұған дейін Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық театрында алғаш сахналанып, үш-төрт жылдан бері қойылып жүр. Бүгінгі қойылымның мектеп қабырғасында қойылуы мен үшін қуанышты оқиға. Мектеп деген ең бір қасиетті жер. Мектеп сахнасында спектакль қою – үлкен іс, абыройлы жұмыс. Өрімдей жас балалардың менің спектаклімді қойып, мәні мен маңызын түсініп, жоғарғы деңгейде ойнап жатырғаны үшін үлкен алғыс айтамын, – деген пьеса авторы Баянғали Тақанұлы режиссер мен жас актерлерге алғысын білдіріп, барлығына өзінің төл туындылары жарияланған кітаптарын тарту етті.

Қойылымда басты рөлді жоғарғы деңгейде алып шыққан Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті Есхат Медетбектің дайындық барасы туралы пікірін білген едік.
– Қойылымға дайындығымыз қаңтар айында басталды. Өзіміз студент болғандықтан оқу да бар дегендей, қосымша дайындыққа келіп, ұжыммен, режиссермен тығыз байланыста болып осы қойылымды шығардық. Өзімнің дайындығым туралы айта кетсем, басында режиссер маған бірден осы рөлді берді. Арманның рөлін алып шығу үшін секта туралы біраз мағлұматтар қарастырып, өзімді сол секта да жүрген адамдай елестеттім. Тынымсыз еңбек пен төгілген тердің жемісін кешегі премьераны көрген көрермен көріп бағасын берді. Халықтың көңілінен шыққанына өте қуаныштымын, – дейді жас актер.

Алғашқы қадамдарын заманауи, мән-маңызы терең «Ойран» қойылымнан бастаған жас театр болашақта өз репертуарларын толықтырып, үлкен өнер шаңырағына айналуды көздейді. Ендеше, жастардан құралған жас Ғасыр театрына ғасырдан да ұзақ ғұмыр тілейміз!

Венера Мұратқызы

Пікір жазу