М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопиясы – ХХ ғасырдың қазақ және әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған жауһар туынды. «Абай жолы» – ана тіліміздегі алғашқы роман-эпопия болумен қатар, қазақ халқының кемеңгер перзенті Абай мен еліміздің жартығасырлық ғұмыр тарихын танытарлық көркем шежіре.
Бұл шығарма – қазақ халқының ұлттық дәстүрін, болмыс-бітімін, тартысты тағдырын жан жақты зерттеумен көрсете білген танымдық әрі көркемдік қуаты мол туынды. М.Әуезовтің бұл шығармасында тұтас бір тарихи дәуірмен қазақ халқының өмір салтын, алуан түрлі кейіпкермен сипаттай отырып, олардың қарым-қатынасын, іс-әрекетін Абайдың өмір жолымен қиюластыра суреттейді. 500-ден аса кейіпкер өмір додасында жан-жақты ашылып, оқиғалар күн, түн демей жалғасып отырады. Романда сол дәуірдің әлеуметтік қайшылықтарын, қарама-қарсы күштердің тартысын айқындайтын сәттері де жазылған. Көшпенді ел тұрмысының негізгі талас майданына айналған жер дауы, жесір дауы барлық шиеленістердің себепшісі болып отырады және оның шешімін көрсетуші тапқырлығы мен даналығымен Абай көзге түседі. Оқиғалар мен эпизодттардың көптігіне қарамастан, шығарма сюжет құрлысының шынайлығы мен көркемдігі, композиясының шымырлығымен ерекшеленеді. Роман эпопеяда қазақ халқының ерекшеліктері мен діни наным сенімдерінің көріністері, сал-дәстүрлер мен әдеби, мәдени қырлары еркін танылады. Оған дәлел жазда жайлауға көшу, аза тұту, ас беру, жұт, болыстыққа сайлану, аң аулау міне осы секілді халықтың ерекшеліктері бейнеленген. Сонымен қатар еліміздің сөз өнеріне деген қабілеті, құрметі романның өн бойында айқын көрінеді. Бұл теңдесі жоқ туынды әлемді шарлап, өз бағасын алды. «Абай жолы» роман эпопиясы – тек тарихи емес, көркемдік ойдың көрнегінен өткен, бүкпесіз бейнеленген өмір шандығы, халық тағдыры мен болашағы жайында терең толғаныстың бірі. Қорытындылай келсек, «Мұхтар Әуезов ғасырда бір туатын жазушы болса, Абай жолы – ғасыр туындысы, бір ғасырда бір туатын шығарма».
Аружан ШАРДАРБЕК,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2-курс студенті