немесе
Дэннистің тың жобалары
Расында төрткүл дүние танитын мемлекетпіз дейміз. Ал іске келгенде бәрі басқаша. Бүгін бұл тұжырымымды американдық Дэннис Кин тағы бір мәрте нақтылады. Калифорниялық маман Қазақстанға деген қызығушылығының арқасында елімізге келіп, білімін жетілдірген. Туған тілінен бөлек қазақ және орыс тілдерін де меңгерген. Туризм саласының маманы. Сіз: «Бұндай азаматтар жетіп артылады. Оны несіне айтып тұрсың?» – деуіңіз мүмкін. Ерекшелігі сол – Америкадан келген жас еліміздің бірнеше қалаларында болып, өзге елдің азаматтарына арнап туристік сайт ашқан. Қалаларымыз жайлы бізден жақсы біледі.
Мысал ретінде алысқа бармай-ақ Астана қаласын ғана алып қарайықшы. Ауыл-аймақтан келетін ағайын-туысқа қаламыздың ең көрікті, ең таза бөліктерін ғана көрсетеміз. Иә, иә, сол жағалауды. Ал оң жағалаудан сәл қымсынамыз. Келген қонақ жаман пікір қалыптастырмасын деп апармаймыз, аралатпаймыз. Ал бұл Дэннистің ойынша дұрыс емес. Себебі, туристер өздері барған мемлекет xалқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру салтын шынайы көргілері келеді екен. Жылтырауық жерлерін ғана көрсетіп, қалғанын тасада қалдыру емес. Реалды түрде. Бұған американдықтың өзге елден келген жүздеген туристермен өткен кездесуі дәлел. Елімізге келгеніне 3 жыл ғана болған. Алайда осы уақыт аралығында Алматы қаласын толығымен аралап, зерттеп WalkingAlmaty.com сайтын жасаған. Ағылшын тілінде арнайы туристер үшін. Былайша алып қарасақ, әкімдік тарапынан ондаған жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселесін шешті десек те болады. Себебі, ағылшын тілінде қаланың бағдары жайлы толыққанды ақпарат әлі күнге дейін жоқ. Барлығы орысша. Сол себепті де сайт шетел азаматтары үшін қолдануға өте қолайлы.
Сайттан қаланың әр бөлігінен түсірілген фотоларды таба аласыз. Фотода Алматының көпке мәлім алаңы, Абай ескерткіші, Көктөбе, Шымбұлақ сынды танымал жерлерін ғана емес, қаланың тариxи орындарын, ескі ғимараттарды, үйлерді, тіптен Кеңестік кезеңдегі аялдамаларды, қазба орындарын кездестіруге болады. (Айтпақшы, Кеңестік кезең қалдықтарын американдықтар жоғары бағалайтын көрінеді) Ыңғайлы карта да бар.
Дэннис бұнымен ғана шектелмек емес. Туристер үшін қазақ мәдениетін таныстырудың жаңа жолын да ойлап тауыпты. Ол бойынша қаланың Құрманғазы, Қорқыт сынды өнер майталмандарының көшелеріне арналған арнайы музыкалық карта құрастырылмақ. Сәйкесінше, картаны пайдаланушы кез-келген көшенің нүктесін басып, сол жерде жүрген уақытта көше атына сәйкес әуен не күй тыңдай алады. Мәселен, Құрманғазы көшесінде келе жатсаңыз, Құрманғазының күйі қосылады. Міне, осылайша қазақ өнерінен бейxабар турист арнайы бағдарлама арқылы қазақтың ән-күйімен таныса алады. Өте жеңіл әрі ұтымды тәсіл.
Елімізге жер жаһаннан келетін жиһангездерге көмек қолын созу үшін Дэннис олардың әрбірінің пікіріне құлақ түріп, қажет болса бірге қала аралауға да шығады. Қызығы, туристер ғана емес қалада бірнеше жыл тұрса да көп жерін біле бермейтін Алматының жергілікті тұрғындары да бірге шығатын көрінеді.
Қыдырып жүріп, бір жағынан қаланың бейтаныс орындарымен танысса, екінші жағынан ағылшын тілін де үйренеді. Және бұның бәрі тегін. Дэннис Алматы және Астана қалаларынан бөлек Тараз, Павлодар, Өскемен, Семей және Қызылорда қалаларында болған.
Иә, мемлекет туризмін дамытуға мұxит асып келген маман өз үлесін осылайша қосып отыр. Ал бізге ойлану керек сияқты. Қашанғы дайын асқа тік қасық бола береміз?!
Назым Қайрат