Басты бет » Жаңалықтар » Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ: Ұлттық мінездің негізгі түп-тамыры – ұлттық тәрбие

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ: Ұлттық мінездің негізгі түп-тамыры – ұлттық тәрбие

Тұрар Сәттарқызы,

«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі,

этнолог, тарихшы


«Ұлтты сүю — мінезден» деген Әлихан Бөкейхан атамыз.

Қай жерде қызмет етпесін, мейлі ол мұғалім болсын, мейлі ол шенеунік болсын, депутат болсын, әкім болсын, бүгінгі қазақтың бәріне бір-ақ нәрсе жетпейді, бәріне ұлттық мінез жетпейді.

Кешегі Алаш зиялыларының да алдында екі таңдау болды.

Бірі -қара басының қамын күйттеп, үндемей өмір сүру болса, екіншісі — өз өмірін құрбандыққа шала отырып болашақ ұрпаққа өнеге болар іс жасап кету.

Олар екінші жолды, ауыр жолды таңдады.

Неге?

Өйткені олардың ұстанымы — ұлтқа қызмет ету болды.

Ал ұлтқа қызмет ету мінезден болады.

Мінез дегеніміз — кейбіреулердің түсінігіндегі «поведение» емес.

Ұлттық мінез бұл — ұлттың болмысы, ұлтқа тән ерекшелігі, ұлттың құндылығы, ұлттың тарихы мен мәдениеті, ұлттық ұстанымы, ұлт алдындағы жауапкершілігі.

Өкініштісі, кейінгі қазақ бойында ұлттық мінез жоғалып бара жатыр.

Анау жақсы, мынау жақсы,-деп қағымыздан жеріп, адасып жүрміз.

Жастар кінәлі, тәрбиесіз деп жатады.

Оларға өнеге болв алмай, қандай ұлт болуды өзіміз көрсете алмасақ, олардың қандай кінәсі бар?!

Олар бізден көргендерін көрсетіп жатыр.

Неге үйреттік, соның нәтижесін көрудеміз.

Қазақ қарапайым, қазақ тәрбиелі болған, үлкенін құрметтеген дейміз.

Ал қазір қарапайым болу — бейшара болумен тең.

Тәрбиелі болу — “отсталый”, қараңғы, ХІХ ғасырдың адамы болу тәрізді.

Ұлтымызда тұнып тұрған құндылықтың, ұлттың рухани байлығының қадірін білмей, ұрпақ тәрбиесіне “ананы да”, “мынаны да” теліп жүрміз.

Бәрі жақсы, тек өзіміздікі ғана жаман, әйтеуір.

Ұлттық мінез болмай, сырттан келгенге қарсы тұра алатын, иммунитеті бар, діңі мен рухы мықты ұлт қалыптаспайды ешқашан…

«Ұлт тұлғасы деп кімді айтар едіңіз?» деген сұрақ қойылса, не деп жауап берерімді білмес едім.

Ұлттық мінездің негізгі түп-тамыры — ұлттық тәрбие.

Қазақ өз болмысына оралуы керек, ұрпағымыздың бойында ұлттық мінез қалыптастыру үшін ұлттық идеология қажет.