Бейбіт Әлкеева, театртанушы
Батыстың байтақ даласын думанға бөлеп дүниеге келетін «ABISH ALEMI» Халықаралық театр фестивалі биыл екінші рет шымылдығын түрді. Өнер бәйгесі, жалпы кез келген мәдени іс-шара мол жауапкершілікті жүктейді, міндетті арттырады. Бұл тұрғыдан Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұтымды ұйымдастырушылығын танытты.
Әдетте, фестиваль ұйымдастырған театр ұжымының кей сәттерде ғана көрермендер қатарынан табылып, кейде көрінбейтінін де «көріп» жүрміз. Өздері ұйымдастырушы әрі қатысушы болып, бәсекеде «бас бәйге» үшін барын салатындарын да көрмейін десек, көзіміз бар. Жантөриндіктерді бұл құбылыс айналып өткен. Үш күнге созылған бәйгенің қатысушысы атанбады. Халықаралық фестивальде 9 театрдан 200-ге жуық сахна шеберлері өнер көрсетті. Оның ішінде Грузия, Башқұртстан, Қырғызстан сынды шетелдік театр ұжымдары және Қазақстан театрларынан Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры, Семей қаласынан «Дариға-ай» жастар театры, Қызылорда қаласынан Н.Бекежанов атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театры, Қарағанды қаласынан С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры және Алматы қаласынан Мемлекеттік қуыршақ театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрлары болды. Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын дәріптей отырып, ұлттық өнердің тынысын кеңейтуге, мәдениаралық байланыстың нығаюына бағытталған фестиваль қатысушыларға біршама «талаптар» қойған болатын. Дегенмен фестиваль барысында талапқа сәйкес келмейтін спектакльдер де бақ сынады. Әбіш Кекілбайұлының қаламынан туған көркем шығармалары мен аудармаларын сахна тілінде сөйлету басты міндет болса, ол талапты отандық 4 театр ғана ескерген. Ендеше, (шетелдік театрларды қоспағанда) қалған театрлар қай тұрғыдан сарапқа салынды сізге жұмбақ, бізге сыр. Қазақ өнерінің корифейлері Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, отандық театртанушылар Еркін Жуасбек, Бейбіт Бахтыгереев, Меруерт Жақсылықовалар театрдың сол спектакліне ғана емес, ұжымдық еңбектің жан-жақты ашылуына, алда ескерер дүниелеріне бағыт бере отырып ой білдірсе, шетелдік сарапшылар Атабек Надери мен Лаша Чхартишвили заманауи театр үдерісін терең зерттеп жүрген сыншылар ретінде орамды ойларын жеткізді.
«Король Лир»
«ABISH ALEMI» фестивалінде Әбіш Кекілбаевтың «Король Лир», «Электра», «Ромео мен Джульетта» атты шебер аудармалары көрермен назарына ұсынылды. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай сахналанған «Мұтылғанның өмірі» поэмасының негізіндегі «Шәкәрім, Жолсыз жаза» спектаклінің фестивальге қатысуы алдымен әу бастағы талапты, сосын көркемдік пен кәсібилікті бұзып тұрғаны айқын. Кәсіби сын, актерлік өнер, жалпы ансамбль туралы айтылар әр ой театрлар үшін ауадай қажет. Дейтұрғанмен, елімізде Республикалық театр фестивальдері Халықаралық театр фестивальдерінен жоғары деңгейде өтеді. Басы Жезқазғанмен басталып, Ақтөбеде жалғасын тауып, Ақтауда орын алған Халықаралық фестивальдер өз атауларын ақтамайды. Көңіл серпіліп, саф өнерге сусындатар ғажап дүниелер көзге шалынбайды. Таң қалдырмаса да, шөл басар туындыларды да аңғармаймыз. Бұл бір. Екіншіден, фестиваль жүлде бөліп беретін алаң емес. Аталмыш фестиваль осыны дәлелдеп көрсетті. Бар ақшаны бөліске салу мақсат болмағаны көрініп тұр. Тек төрт театр үздіктер қатарынан көрінді. Әділ, дұрыс шешім. Себебі, көңілге қарап бөлуді, алыстан келгені үшін алғыс білдіруді қойған жалғыз фестиваль – әзірге «ӘБІШ ӘЛЕМІ».
«Ромео мен Джульетта»
Фестиваль талаптарын орындаудан бөлек, көркемдік деңгейі, жаңа тынысымен қуантқан театрлар аз болмады. Солардың бірі – Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ музыкалық драма театрының «Ромео мен Джульетта» қойылымы. Алдымен режиссерді ауызға алып, бүгінгі театр процессін режиссердің бір спектаклімен бағалауға болмайды. Жалпы, қызылордалық ұжымның жаңа серпілісі сезілді. Әсіресе, актерлік мектептің жаңа буыны ұрпақтар жалғастығын өздерінше әдемі жалғаған. Аталмыш спектакльде жастар жалыны аңғарылады. Бенволио рөліндегі Аманжан Шегебаевтың сахналық тазалығы басқа бейнелерге ұқсамауымен ерек. Көрерменін селт еткізбеген драмалық тартыс – жасандылық деп аталады. Өмір мен өнердің арасындағы алшақтықты теріс жеткізбей, жеңіл бола тұрып, қиғаш кетпей қисынды ойын өрнегін көрсетуді аңғардық. Актерлік ансамбль түзілуі жолында бас кейіпкерлер барын салғанымен, сахналық өсу жолдарын қарастыра түсер тұстары аңғарылды. Әлемнің мыңдаған театрларының сахнасында орын алған шығарма қазақ театрлары репертуарында ұзақ тұрақтамай, дәуір мен көрермен талабын орындай алмай түсіп қалып жатқаны жасырын емес. Мұнда, Ромео мен Джульеттадан да маңызды мінездер ерекшелігі, болмыстар қақтығысы бар. Театр осы сұраныстың үдесінен шығуға талпыныс жасаған. Жанр жауапкершілігін толықтай арқалайтын қойылымда көп кейіпкерлер әлі өз мақсаттарына жете сүрінбеген. Екі әулеттің дәулетті әрі намысты өкілдері қарапайым hәм қарабайыр бейнеленген. Биіктік, сахналық эстетика кемшін.
Дегенмен, жастар мен жаңа басшының тандемі әлі талай тағылымды, кәсіби туынды ұсынады деген сенім пайда болды.
Грузин театры
Театр көркін қыздырған қойылымдардың қатарын Музыкалық жас көрермен театрының «Дүние ғапыл» спектаклі жалғастырды. Спектакльден кейінгі талдау барысында қойылымның негізгі мазмұны, формасы туралы ойлар дөп айтылды. Спектакль қазақ театрларында көп режиссер тісі бата бермейтін тақырыпты негізге алған. Жас театрдың жұмыстарын алғашқы көрген көрермен ретінде көп дүние сезінбегенімді жасырмаймын. Әлі де актерлік ансамльдің түзілуі, сахналық серіктесті (партнер) сезіну жетіспеді.
Грузиядан келген Месхети драма театрының «Иринаның бақыты» спектаклі Саба Асламазишвилидің режиссурасымен сахналанған. Бүгінгі грузин театр өнеріндегі жаңашыл, батыл қадамдарымен танылып жүрген режиссердің біз куә болып отырған екінші жұмысы. Өзін қайталамайтын режиссердің бұл туындысы шеберлік шыңын көрсете алған деуге келмейді. Ұлттық болмыстың қасиетті бола тұра қадірі қашып бара жатқан тұстарын айқындаған қойылым өзінің нақты идеясын аша алмаған. Сценографиялық шешімдер оқылмайды. Айтар мәтін әнмен жеткізіліп, ұлттық колориттер арқылы шешімдер жасағанымен, ойлар шорт кесіліп, астары ашылмай қалған. Дегенмен, актерлік ойын өрнегі көз тойдырады. Ішкі мінез, екінші план, бейненің сыртқы болмысымен астасып жатыр. Нәтижесінде – «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы Ирина рөліндегі актриса А.Иошвилиде.
Фестивальде үздік қойылым атанған Шекспирдің «Король Лирі» (реж.: Ф.Молдағали) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуына биыл қосылған жаңа туындылардың бірі. Салмағы мен сыры басым спектакльдегі Лир патша – Сағызбай Қарабалин. Қойылым режиссер ойының ғана жемісі болмауы тиіс. Кәсіби мамандар тілге тиек еткен алғашқы пікір осы. Ауқымды шығарманы қазақ сахнасына лайықтап қоюда өзінше талпыныс жасаған режиссер бүгінгі күннің Король Лирін көрсетуге басты назар қойған. Басқа кейіпкер линиялары анықталмай, аяқталмай қалуы да содан. Дегенмен, туынды көрген көрермен әлем классикасының басы аяғы толық, айтарын түсінікті тілмен жеткізгенін сезінеді. Фестиваль аясындағы қойылымдар арасынан кәсіби сахна өнерінің үлгісін көрсетіп, көркемдік пен шынайылықтың ара-жігін ажыратпай ұсынылған «таза» қойылым деп бағалауға болады.
Башқұртстан театры
Дина Жұмабаеваны «Үздік режиссер» атандырған Мемлекеттік қуыршақ театрындағы «Ромео мен Джульетта» қойылымы да қуыршақ тіліндегі әлем классикасының қайталанбас үлгісі. Лайықты бағасын алып жүрген қойылымның кей тұстары шынайылықтан ада кетіп, оқылмай жатса да жастар жалыны сезілетін спектакльдің ғұмыры ұзақ болары айқын.
Бүгінгі қазақ театр үдерісі – көруге, көңілге түюге лайықты деңгейде. Қазақ театр өнерінде кәсіби көркем өнерге деген көзқарас қалыптасып келеді. Еліміздегі елуден аса театр шама-шарқынша түрлі тәжірибелер мен батыл қадамдар жасауда. Нәтижесінде – театр фестивальдерінің саны артып, сапаға жұмыс жасар өнер бәйгелері өтуде. Талпыныстарды талдауда айтқанымен, нәтиже жүлдеде білінбейді. Ендеше, көріп, көңілге түйген театр мерекесін үш негізгі түйінмен қорытындыласақ:
- Әбіш әлемінің тұңғиығын танытатын Гоццидің «Тұранбике ханшайым», Чеховтің «Ваня ағай» сынды отты аудармаларын сахналау қазақ театрларында кемшін. Жалпы, аударма пьесалардың сапасы сын көтермейтін кезеңде тілі шұрайлы шығармаларды сахналауды қолға алса сайыс көркін қазақ театрлары ақ қыздырып, Әбіш шығармашылығының тереңіне бойлар түсер едік. Репертуарында Әбіш Кекілбайұлы туындылары жоқ шетелдік театрларды көргеннен көп дүние ұтпағанымызды, ұқпағанымызды да айту — театртанушылық парыз.
- Фестиваль бағдарламасын жасау барысында кәсіби мамандар шоғырланған комиссия құруда қателіктер болғаны көрінді. Шетелдік театр спектакльдерін таңдағанда қазақ театр үдерісін, бағытын ескере отырып таңдау қажет. Ұйымдастырушылар ұсынған талаптардың орындалуын қадағалайтын, қатаң айтатын қазылар болмаған жерде де әркім іштей тон пішіп, өкпесін жиып жүре бермек. Алда өтетін отандық театрлар фестивальдері осы олқылықтарды қайталамаса hәм кәсіби тұрғыда үлгі ететін, үйренетін тұстарын алса деген тілек.
- Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық Қазақ музыкалық драма театры ұжымы – шығармашылықпен тыныстайтын таңдаулы театрлардың бірі. Актерлік құрамды таңдауда өткір талаптары бар театрдың кәсіби мүмкіндігі жағынан еліміздегі үздік театрлардың қатарында. Фестиваль барысында оны аңғармау мүмкін болмады. Тек, ескеретін тұс – фестиваль аясында қатысушылар мен арнайы келген көрермендерге спектакльдер көрсетілімін жасаса, театртанушы мамандар үшін тиімді болар еді. Батыстың әулиелі қаласына жол жиі түспесін біліп, осындай дәмемен барғанымыз да жасырын емес. Азды-көп ұсыныстар алдағы жылдары ескерілер деп сенеміз. Бастысы мерекең тарқамасын, мерейің тасысын, театр!