Астанада №77 «Қошақан» балабақшасында мектепке дейінгі жастан бастап балаларды еңбекке баулу мен ерте кәсіби бағдар беру мақсатында қалалық танымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылының» жабылуы аясында ұйымдастырылып, түрлі бағыттағы орталықтар жұмысын таныстырды. Әр орталық балалардың қызығушылығы мен қабілетін дамытуға арналған тәжірибелік алаң ретінде ұсынылды.
«Медиастудия» орталығында балалар медиасауат, дикторлық қабілет және шығармашылық ойлау дағдысын дамытатын шағын студияда түрлі тапсырмалар орындап, өздерін тілші, жүргізуші ретінде байқап көрді.
«Кішкентай зерттеушінің зертханасы» орталығында зертханалық тәжірибелер арқылы балалар ғылымға қызығушылық танытып, қарапайым тәжірибелер жүргізді. Сонымен қатар «Технология әлемі», «Қошақан» кафесі», «Медицина», «Шығармашылық шеберхана», «Болашақтың экокәсібі», «Әуежай», «Ғарыш айлағы», «Шебер бала», «Қауіпсіздік» орталықтарында балалар еңбекке бейімделіп, тұрмыстық және қол еңбегінің түрлі түрлерін орындады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы