Басты бет » Жастар үні » Ұшақ тізгіндеген Қайсар

Ұшақ тізгіндеген Қайсар

Ұшқыш болу, яғни ұшақ тізгіндеу, аспан кеңістігін бағындыру – әркімнің батылы жете бермейтін аса күрделі әрі жауапты кәсіп. Міне, осы жолда еңбек етіп жүрген Қайсар сынды жігерлі де қайсар жастарымыз бар. Бүгінгі әңгімеміз «Air Astana» әуекомпаниясының ұшқышы Қайсар Құсинов туралы болмақ.

Қайсар – Ақтөбе қаласының тумасы. Қазақ-түрік лицейінің түлегі. Бала күнінен білімге, ізденіске құштар боп өсті. Мектеп бітіргеннен кейін 2011 жылы Астана қаласындағы Назарбаев университетіне Инженер-электрші мамандығына түсіп, алты жыл білім алады. Инженер болуды армандады. Алайда университетті тәмамдаған соң Қайсар ұшаққа отыруды, ұшқыш болуды ұйғарады.

– Бала күнімнен футбол ойнап, каникулдарда ауылға барып, үлкендерге көмектесіп, ауыл шаруасына араласып өстім. Қалада тусам да, ауыл өміріне жақын өскен қазақтың баласымын. Негізі, ұшқыш болуды ойлаған емеспін. Инженер болу – басты арманым болатын. Сөйтіп, инженер мамандығына түсіп, білім алып жаттым. 3-4 курс оқып жүргенімде әуе-диспечері болып жұмыс жасайтын жездем маған ұшқыш болуды ұсынды. Алайда ол ұсынысқа мен аса мән бермедім. Мен ол кезде инженер боламын деп ойлап жүрген едім. Бірақ сол айтқаны ойымда қалды. Уақыт өте келе сол туралы ойланып, қызығушылық таныта бастадым. Авиация әлемін оқып, зерттеп, қарайтын болдым. Сөйтіп, бұл сала маған ұнай бастады, – дейді Қайсар Кәкімжанұлы.

Университет бітірер шақта «Air Astana» әуекомпаниясы ұшқыш болғысы келетін жастарды іздеп жатқанын естіген Қайсар да өз құжаттарын тапсырып көреді. Сөйтіп, конкурстан өтеді.

– Конкурстан өтіп тұрған соң университет бітірген кезімде «Air Astana» маған ұшқыш мамандығын ұсынды. Сөйтіп, ұшқыш болуға бекініп, білімімді сол салаға қарай бағыттадым. Испанияда 1,5 жылдай оқыдым. Басында бір моторлы кішкентай ұшақтармен ұштық, кейін екі моторлы ұшақпен ұшып көрдік. Осылайша, жаймен ұшақ басқаруды үйреніп, бір жылдан кейін «ұшқыш» лицензиясын алдым. Оқу бітіргеннен кейін Испаниядан елге оралдым. Кейін тағы жарты жылдай тренингтер, оқулар болды. Париж қаласында оқыдық, жаттығуларға Амстердам қаласына жіберді. Оқуымды тәмамдаған соң Астанаға қайтып келіп, жұмысымды бастадым. Алғашында нұсқаушы командирлермен ғана ұштық. Кейін тәжірибе жинаған соң, командирмен бірге ұшақ жүргізуді бастадық. Қазір жұмысым өзіме өте ұнайды, – дейді кейіпкеріміз.

Ұшқыштардың ұшу кестесі біркелкі емес. Кейде аптасына екі рет ұшатын кездер де, ал кей кездері аптасына алты рет әуеге көтерілетін уақыттар да болады.

– Ұшу кестесі ай сайын жаңарып отырады. Сол себепті ұшу уақыттарымыз әр айда әрқалай. Негізінен, ай сайын 60-70 сағат ұшамыз. Жаз айларында жолаушылар көбейген кезде 90-100 сағат ұшатын уақыттарымыз болады. Шамамен, 11-12 мың метр биіктікке дейін көтерілеміз. Ұшатын биіктік ұшақтың салмағына, ауа райына, байланысты. Мысалға, желдің жылдамдығына қарай биікке көтеріліп не төмен ұшатын кездеріміз болады. Жалпы, жұмысым өте қызықты.

Қазір еліміздің барлық қалаларына ұшамын. Пандемия болмай тұрып, шетелдерге де ұшқанбыз. Көбінесе Қазақстанмен шекаралас әрі жақын мемлекеттерге, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейге және Грузия мен Әзербайжанға ұшатынбыз, – дейді жас ұшқыш.

– Ұшқыш болу қаншалықты қиын әрі қызықты?

– Ұшқыш болу оңай кәсіп емес, әрине. Үлкен жауапкершілікті әрі өзіңе деген сенімділікті талап етеді. Жұмысқа әрдайым сақадай сай, дайын отыруың қажет. Ұшу барысында қандай да бір қауіпті жағдай орын алатын болса оған да дайын болуың керек. Ол үшін теориялық жағынан да ұшақтың әр жүйесін, әр тетігін жақсы білуге тиіссің. Жүздеген жолаушының ұшу кезіндегі қауіпсіздігіне жауапты екеніңді сезіне білуің керек.

Үшу кезінде түрлі оқиғалар болып тұрады. Әр күн бір-біріне ұқсамайды. Түрлі жағдайларда шешім тауып шығу керек болады. Әртүрлі жолаушылар кездеседі. Әр жолаушының тілін таба білуің қажет.

Есіме түсіп отырған оқиғалардың бірі, өткен жаңа жылдың қарсаңында Қызылорда қаласына ұшып барғанбыз. 31 желтоқсан күні таңғы 6-7-лерде біз сол жаққа ұштық. Ол жерде бір сағат тұрып, қайтадан Астанаға оралуымыз керек болатын. Менің жоспарым бойынша жаңа жылды өз әулетіммен қарсы алуға тиіс едім. Қызылорда қаласына жеткеннен кейін бір сағат тұрдық. Қайта ұшардың алдында ұшақтан техникалық ақау шығып, кері ұша алмай қалдық. Оны жөндеу үшін инженер керек. Инженеріміз Астанада. Сол себепті олар тек ертеңгісін ғана келетін болды. Амал жоқ күтуге тура келді. Инженерлер 1 қаңтар күні келді. Бірақ ұшақты жөндеу бір күнде бітпей, 2-3 күн уақыт алды. Біз сөйтіп жаңа жылымызды Қызылорда қаласында қарсы алып, Астанаға 4 қаңтар күні бір-ақ қайттық, – деп Қайсар ұмытылмастай орын алған оқиғасын есіне алды.

Жас ұшқыш өзінің болашақтағы арман-мақсаттарымен де бөлісті. Ол әзірге екінші ұшқыш ретінде әуеге көтеріліп жүр. Алдағы мақсаты – командир болу.

– Әуеде 3000 сағат ұшқаннан кейін командир бола аламыз. Қазір ұшақты командир мен екінші ұшқыш бірге басқарамыз. Нақтырақ айтқанда, тәжірибелі командир маманмен бірге ұшамыз. Тәжірибе жинап, ұшу сағатын 3000-ға жеткізгеннен кейін командир атанамын. Осы мақсатқа жету үшін еңбектенудемін.

Жұмыстан тыс, жеке өміріме келетін болсақ, Астана қаласында тұрамын. Отбасым бар. Бос уақытымды көбінесе отбасыммен өткізуге тырысамын. Саябақтарға барып, серуендегенді ұнатамыз. Ал ең басты хоббиім – футбол ойнау. Кішкентай кезімнен футбол ойынын ұнатамын. Достарыммен бәрге футбол ойнаймын. Өзіміздің командамыз бар. Командаммен бірге Астанадағы чемпионаттарға қатысып жүрмін, – дейді.

Қайсар қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерін жетік меңгерген. Көп тіл білудің артықшылығы көп екенін, ағылшын тілін оқып, білгеннің арқасында ұшқыш мамандығын меңгеруге мүмкіндік алғанын айтады.

– Халықаралық тіл болғандықтан жұмыс негізінен ағылшын тілінде жүреді. Әуе диспечерлерімен ағылшынша сөйлесеміз. Сондықтан қанша тіл білсең де артық етпейді. Жалпы, қандай тілді білсең, сол елдің адамдарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жақсырақ тани аласың.

Жастар ана тілінен кейін ағылшын тілін меңгеруге ұмтылуы керек. Әсіресе, ұшқыш болуды армандайтын балаларға, жастарға айтарым, мектеп кезінен ағылшын тіліне және математика, физика пәндеріне көбірек көңіл бөліңіздер. Себебі авиация саласында халықаралық тіл ретінде ағылшын тілін білудің маңыздылығы өте жоғары. Ұшқыш болуға деген ынталы жастардың денсаулыққа мықтап көңіл бөлгені абзал. Денсаулығыңды күтіп, спортпен шұғылдану аса маңызды. Сонымен қатар ұшқыш болу үшін өзіңе деген сенімділік, жауапкершілік аса қажет, – дейді қазақтың қайсар ұлы.

Венера МҰРАТҚЫЗЫ