«Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін»
шығармашылық сайысының
ЕРЕЖЕСІ
Ұйымдастырушы: «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі.
Қолдаушы: Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.
Өтетін күні, уақыты мен орны: 26 қазан, 2022 жыл (өтетін орны мен уақыты қосымша хабарланады).
І. САЙЫСТЫҢ МАҚСАТЫ:
Қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы ғалым, ұлы ұстаз, сөз құдіретін танытқан айтулы ақын, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, шебер аудармашы, туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткері және алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық бағыттағы мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ана тілін, ұлттық құндылығын құрметтеуге тәрбиелеу.
Міндеттері:
— мектеп оқушыларының ақын өмірі мен шығармашылығын тануға деген қызығушылықтарын арттыру;
— жаңа буынның интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру;
— Алаш мұрасы мен идеологиясын танып-білуге ынталандыру;
— актерлік шеберліктері бар оқушылардың қабілетін дамыту;
— қоғамның идеялы, креативті, сыни ойлай білетін мықты буынын қалыптастыру;
— дарынды оқушыларды қолдау.
ІІ. САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫЛАР: жалпы білім беретін орта және зияткерлік мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың 6-10 сынып оқушылары.
ІІІ.САЙЫС ШАРТТАРЫ:
2 кезеңнен тұрады.
1-кезең – мектепішілік сайысты 18 қазанға дейін өткізіп, қалалық шараға қатысу үшін өтінім жолдау керек (1- кезеңнің жеңімпаздарын мектептің өзі анықтайды);
2-кезең – қалалық (әр мектептен үздік шыққан 1 құрама команда қатысады).
Қалалық сайыс 2 бөлімнен тұрады:
• 1-БӨЛІМ: «Ұлтқа қызмет – әр қазақ баласына міндет»» атты сахналық қойылым.
А.Байтұрсынұлының шығармаларынан (мысал (аударма), мақала, публицистік туынды, өлең) бір туындыны таңдап, қойылым қою. Мысалы, қазақ тілі мәселесі; қазақ баласын оқыту мәселесі; отарлық мәселесі; әліпби мәселесі; аударма мәселесі; автономия құру мәселесі; газет ашу мәселесі, т.с.с. Сондай-ақ тәкаппарлықты, надандықты, озбырлықты сынаған мысалдар желісінен («Өгіз бен бақа», «Үлес», «Қасқыр мен қозы», «Өзен мен қарасу», «Қасқыр мен тырна», «Қасқыр мен мысық», т.с.с.) өзекті тақырыпқа ие туындыны таңдап, оны мазмұнын бұзбай дамытып немесе өлең шумақтарын қара сөзге айналдырып орындауға болады.
Қойылым А.Байтұрсынұлының өмірлік мақсатын, ұстанымын, көзқарасын, сіңірген еңбегін ашып көрсетуге бағытталуы тиіс. Ұзақтығы 7-10 минут. Бағалау өлшемшарттары: тақырыптың өзектілігі, актерлік шеберлік, сахналық образ, дикция, т.с.с.
• 2-БӨЛІМ: «Ұлт ұстазына хат». 1-бөлімдегі көтерілген жайттың маңызы мен бүгінгі замандағы көрінісі туралы толғаныс хатын монолог. Ұлт ұстазына арналған хатта проблеманың түйінін, өзектілігін айта отырып, тәуелсіз елде тұрып жатқан бүгінгі ұрпағы ретінде болашаққа қатысты өз ұстанымын, ұсынысын, жоспарын да жеткізе алады. 1-бөлімде көтерілген тақырыппен үндес, соның заңды жалғасы, логикалық қорытындысы іспетті болуы тиіс. Мысалы, Ахмет ұстазға назын айта отырып, «Мен қазаққа қалай қызмет ете аламын?» деген сарында ой толғайды. Хат болғандықтан, оны қағаздан қарап немесе қолына парақты ұстап тұрып та, жатқа да айтуға болады. Ең бастысы, мазмұнына бойлап, мәнерлеп, жүрекке жеткізіп оқуы шарт. Ұзақтығы 4-6 минут. Монологты бағалаудың негізгі өлшемшарттары: креатив; алдыңғы қойылыммен байланыстылығы; ұсыныстың өзектілігі, т.с.с.
ІV. ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ жеңімпаздарды бағалау қағидалары бойынша анықтайды. Бағалау өлшемшарттары бойынша әр қатысушының ұпайын төреші парағына толтырады. Бағалау парақтарындағы ұпайларын санап, орташа балл шығарады. Қазылар алқасына қоғам қайраткерлері, тіл мамандары, ғалымдар және алаштанушылар тартылады.
V. ЖЕҢІМПАЗДАРДЫ МАРАПАТТАУ. Жүлдегерлер бағалы сыйлықпен, дипломдармен және алғысхаттармен марапатталады (жетекшісіне де алғысхат беріледі).
Байланыс телефондары:
+ 7 701 288-49-60 Тұрар Сәттарқызы
+7 771 124-87-51 Сандуғаш Болатқанқызы (Уатсап)
ҚОСЫМША
Сайысқа қатысушыларға КЕҢЕС:
✓ «Ұлт Ұстазы» сериалын көріп шығу.
✓ А.Байтұрсынұлының туындыларымен, еңбектерін оқу.
✓ А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеген алаштанушы ғалымдардың зерттеу еңбектерімен танысу (Өмірхан Әбдиманұлы, Қайрат Сақ, т.б. ғалымдардың кітаптары).
✓ Ахметтанушы, алаштанушы ғалымдардан кеңес алу.
✓ Театр мамандарымен дайындық жасау.