АҚШ отбасы асырап алған Сардар есімді қазақ жігіті отау құрды. Бұл жайында «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы, журналист Жанар Байсеміз Instagram парақшасында хабарлады.
Жанар Байсеміздің айтуынша, Сардар – «Шетелдегі қазақ балалары» жоба аясында Юта штатында кездескен кейіпкердің бірі. Ол кейін Қазақстанға келіп, өзінің туған анасын табуға тырысқан. Өкінішке қарай, іздеу нәтижесіз аяқталыпты.
Сардардың америкалық ата-анасы Қазақстаннан үш бала – екі қыз бен бір ұл асырап алған. Дегенмен Сардардың қарындасы туған анасымен табысып, қуанышты сәтті бастан кешкен.
Жақында Сардар өмірлік серігін тауып, жаңа өмірге қадам басты.
Жанар Байсеміз оған жүрекжарды тілегін арнап, оқырмандарды да жас жұбайларды құттықтауға шақырды.
«Біздің Сардар үйленді!!!
Жас жұбайлар бақытты болсын!
Естеріңізге сала кетейін, Сардар “Шетелдегі қазақ балалары” бағдарламасының кейіпкері болды. Біз Сардармен ЮТА штатында жолықтық. Кейін өзі туған анасын іздеп Қазақстанға келді. Өз тарапымыздан біз де іздеу жұмыстарын жүргіздік. Көп іздедік. Өкінішке орай таппадық. Қаншама шетел асқан баланың аналарын, әкелерін тауып бердік. Алайда, Сардардың биологиялық анасы құмға сіңген тамшыдай жоқ болды. Сардардың анасын іздеп жатқан кезімізде оның қарындасының туған анасын тауып алдық. Олар табысты. (Сардардың америкалық ата-анасы ҚР екі қыз, бір ұл асырап алған).Енді міне анамды табамын, деген арманына жете алмаса да, аяулы жарын жолықтырыпты.
Келініміз үріп ауызға салғандай сұлу екен.
Сардар, шын жүректен бақыт тілеймін. Сен менің жүрегімдесің. Құрған отауың берік болсын! Сен нағыз азаматсың.
Ал, құрметті оқырмандарым, Сардарға жақсы тілек жазыңыздар. Ол бақытты болуға лайық!» – деп жазды журналист.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
